Шымкентте тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді

Өз құқығын білу және заң талаптарын түсіну – қоғамдағы заң мен тәртіп қағидатын нығайтудың маңызды шарттарының бірі. Осы бағытта Шымкент қаласының «Арбат» саябағында тұрғындарға тегін құқықтық кеңес беруге арналған «Халық заңгері» акциясы ұйымдастырылды.
Қала әкімдігінің тапсырмасы аясында өткен шараның мақсаты – халықтың құқықтық сауатын арттырып, заңгерлік көмекті қолжетімді ету. Акция барысында құқық қорғау органдарының қызметкерлері, Мемлекеттік кірістер департаменті, Кәсіпкерлер палатасы, «Отбасы банк» АҚ, аудан әкімдіктері мен басқармалардың мамандары тұрғындарды қабылдады. Сонымен қатар адвокаттар, жеке сот орындаушылары, нотариустар, заң кеңесшілері, Әділет және Жер ресурстарын басқару департаменттерінің өкілдері кеңес берді.
Тұрғындар көбіне мұрагерлік, жылжымайтын мүлік, алимент, ипотека, банкроттық және мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша жүгінген.
Нотариус Айнұр Тасболатованың айтуынша, азаматтар өсиет рәсімдеу, сыйға тарту шарты және үй сату кезінде қажетті құжаттар туралы жиі сұрайды.
«Халық заңгері» акциясына қатысудамыз. Көпшілік өзіне маңызды сұрақтармен келеді. Үлкен кісілер көбіне өсиет бойынша сұрақтарымен келіп жатыр. Немесе сыйға тарту шартын жасайын ба дейді. Үй сататын кезде қандай құжаттар қажет, сол жайлы жиі сұрайды», – деді нотариус.
Жеке сот орындаушысы Мақпал Исмайлова алиментке қатысты сауалдардың да көп екенін айтты. Ал Шымкент қаласы Мемлекеттік сатып алу басқармасының бас маманы Нұрлан Есіркепов тұрғындар тарапынан тендер құжаттамасы мен мемлекеттік жобаларға қатысты сұрақтар жиі қойылатынын жеткізді.
Мамандар әр азаматтың мәселесін тыңдап, заң аясындағы шешу жолдарын түсіндірді. Сонымен бірге қажетті құжаттарды рәсімдеу, мемлекеттік органдарға жүгіну және өз құқықтарын қорғау тәртібі бойынша кеңес берілді.
Акцияға қатысқан қала тұрғыны Мақсат Рақымбеков жұбайымен бірге ипотека және банкроттық мәселелері бойынша кеңес алғанын айтты.
Осындай құқықтық қабылдаулар тұрғындардың заң талаптарын жақсы түсінуіне және мәселелерді құқықтық жолмен шешуіне мүмкіндік береді. Ал құқықтық сауаттылықтың артуы қоғамдағы заң мен тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.


