Заң үстемдігі – әділетті қоғамның негізі

Oinet.kz 09-09-2026

image.png

Шымкентте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» атты кітабын талқылауға арналған дөңгелек үстел өтті. Қоғамдық-саяси, әлеуметтік және рухани-адамгершілік мәселелер қамтылған жиында ел дамуының стратегиялық бағыттары, ұлттық руханият және «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамдық санада орнықтырудың маңызы сөз болды.

Алқалы жиынды қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жүргізді. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, ғылыми-академиялық орта мүшелері, заңгерлер мен жастар қатысты. Қатысушылар кітапта көтерілген әділеттілік, заң үстемдігі, ашықтық, адал еңбек пен азаматтық жауапкершілік мәселелерін талқылап, олардың қоғам өміріндегі маңызына тоқталды.

Жиында Президенттің әр жылдардағы сөздері мен ой-тұжырымдарын біртұтас сабақтастықта қараудың маңыздылығы айтылды. Қоғамдағы өзгерістер тек мемлекеттік институттардың жұмысына ғана емес, әр азаматтың заңға құрметі мен өз міндетіне жауапкершілікпен қарауына да байланысты екені сөз болды.

Мемлекет және қоғам қайраткері Бекет Тұрғараев азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық нормаларға назар аударды. Оның айтуынша, адамның ұсталған кездегі құқықтарын сақтау, негізсіз ұстауға жол бермеу, өзіне және жақын туыстарына қарсы айғақ бермеу, кінәсіздік презумпциясы секілді құқықтық кепілдіктердің маңызы зор.

Басқосуда азаматтардың құқықтарын қорғауға бағытталған заңнамалық өзгерістермен қатар, құқықтық мәдениетті қалыптастыру мәселесі де қозғалды. Заң талаптарын білу мен сақтау, өз құқығын қорғау және өзгенің құқығына құрметпен қарау – әділетті қоғамның негізгі құндылықтарының бірі ретінде аталды.

 Аталған жинақ  Мемлекет басшысының мемлекет, қоғам және азамат туралы ой-тұжырымдары топтастырылған. Басылымда әділеттілік, заң үстемдігі, ұлттық бірегейлік, білім, цифрландыру және экологиялық мәдениет секілді 21 негізгі бағыт қамтылған.

Қатысушылар кітаптың мазмұны жастарға, мемлекеттік қызметшілерге және қоғамның түрлі өкілдеріне ортақ құндылықтарды талқылауға мүмкіндік беретінін атап өтті. Әсіресе білім мен тәрбие арқылы заңға құрметті, адал еңбек пен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру «Заң мен тәртіп» қағидатын орнықтырудың маңызды тетіктерінің бірі ретінде айтылды.

Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі жаңа тынысы
Шымкентте тұрғындарға тегін құқықтық кеңес берілді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу