Қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі жаңа тынысы

Шымкентте тілдер онкүндігі қорытындыланды. 2-11 қыркүйек аралығында қаладағы білім беру ұйымдарында өткен іс-шаралар мемлекеттік тілдің мәртебесін арттырумен қатар, өскелең ұрпақтың тілге деген қызығушылығын жаңа бағыттармен ұштастыруға арналды. Онкүндіктің қорытынды жиынында «Тіл және технология: тілдің жаңа тынысы» атты қалалық фестиваль ұйымдастырылып, қазақ тілінің цифрлық кеңістіктегі орны мен жасанды интеллект дәуіріндегі мүмкіндіктері талқыланды.
Онкүндік барысында мектеп оқушылары тілдің бүгінгі қоғамдағы рөліне қатысты түрлі тақырыптарды қозғады. Жасанды интеллект дәуіріндегі қазақ тілінің болашағына арналған пікірталастар, эссе байқаулары, дөңгелек үстелдер мен ашық сабақтар өткізілді. Сонымен бірге Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен ағартушылық мұрасына арналған көрмелер ұйымдастырылып, ұлт ұстазының тіл ғылымына қосқан үлесі кеңінен
«Қаратау» дәстүрлі өнер мектебінің директоры Біржан Байтуов тілдер мерекесінің қоғамдағы орнына тоқталды. Оның айтуынша, Шымкентте жүзден астам этнос өкілі тұрады. Сондықтан әр халықтың ана тілін құрметтеу мен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру қатар жүруі қажет.
Фестивальдің басты ерекшеліктерінің бірі – тіл мәселесінің цифрлық технологиялармен байланыстырылуы. Қазақ тілін жасанды интеллект, цифрландыру және жаңа ақпараттық технологиялар кеңістігінде дамыту мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Оқушылар мен ұстаздар жасанды интеллектінің тілге әсерін талқылап, оның қазақ тілін дамытуға беретін мүмкіндіктерін саралады.
Тілдер онкүндігіне қаладағы білім беру ұйымдары кеңінен қатысты. Әдістемелік орталық директорының орынбасары Шолпан Айтбаеваның мәліметінше, 2-11 қыркүйек аралығында қосымша білім беру ұйымдарын қоса алғанда, 306 мекемеде түрлі іс-шаралар өткізілген. Оның 168-інде оқыту қазақ тілінде жүргізілсе, 142 мектеп аралас тілде білім береді.
Қорытынды фестивальде онкүндік барысында белсенділік танытқан оқушылар, мұғалімдер мен мектеп директорлары марапатталды. Биылғы шараның мазмұны тіл мерекесін дәстүрлі форматтан шығарып, оны цифрлық технологиялармен сабақтастыра түсті. Әсіресе жасанды интеллект дәуірінде қазақ тілінің жаңа мүмкіндіктерін қарастыру тіл үйрету мен тіл насихатының заманауи бағыттарын айқындады.


