№6 емхана ұжымымен кездесу өтті

Шымкентте денсаулық сақтау саласын цифрландыру және медициналық қызметтердің қолжетімділігін арттыру мәселелері талқыланды. Осы бағытта «Әділет» партиясының өкілдері №6 қалалық емхана ұжымымен кездесіп, медицина саласындағы өзекті мәселелер мен цифрлық технологияларды енгізу жайын сөз етті.
Кездесуде медицина қызметкерлері саланың күнделікті жұмысында кездесетін мәселелерді көтеріп, өз ұсыныстарын ортаға салды. Әсіресе тұрғындардың алғашқы медициналық көмекті уақытылы әрі артық әуре-сарсаңсыз алуына жағдай жасау, қабылдау жүйесін жетілдіру және профилактикалық жұмыстарды күшейту мәселелеріне назар аударылды.
Қазіргі таңда денсаулық сақтау жүйесінде цифрлық технологияларды қолдану медициналық қызмет көрсету үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік беретін бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Электронды қызметтерді кеңейту арқылы тұрғындардың қажетті ақпаратқа қолжетімділігін арттырып, кезек уақытын қысқартуға және медициналық көмекті ұйымдастыруды жүйелеуге мүмкіндік бар.
Кездесуде «Әділет» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының орынбасары Ербол Байқонысов денсаулық сақтау саласына қатысты сайлауалды бағдарламада көтерілген мәселелерді атап өтті. Оның айтуынша, дәрігерлермен кездесуде оңалту және перинаталдық орталықтарды салу жөніндегі жоспарлар да талқыланған.
Жиын барысында медициналық кадрлардың кәсіби даярлығын жетілдіру және заманауи технологиялармен қамтамасыз ету мәселесі де қозғалды. «Әділет» партиясы Абай аудандық филиалының саяси кеңес мүшесі Зәуре Оралбаеваның айтуынша, симуляциялық орталықтарды ашу, медициналық мекемелердің жұмысын жүйелеу және жаңа технологиялармен қамту мәселелері партияның алға қойған міндеттерімен үндеседі.
Медицина саласындағы цифрландыру тек электронды қызметтерді енгізумен шектелмейді. Заманауи жабдықтарды пайдалану, мамандардың технологиялық дағдыларын жетілдіру, медициналық мәліметтермен жұмыс істеу жүйесін оңтайландыру да осы үдерістің құрамдас бөлігі.
Кездесуде партияның әлеуметтік-экономикалық бағыттағы жоспарлары да таныстырылды. Атап айтқанда, елде 1 миллион жұмыс орнын құру, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және 5 миллион қазақстандыққа жасанды интеллект құралдарымен жұмыс істеуді үйрету жөніндегі мақсаттар айтылды.


