Интернеттегі сақтық – заң мен тәртіптің бір бөлігі

Шымкентте «Кибермәдениет айы» аясында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Бұл бағыттағы кезекті кездесу №64 мектеп-гимназиясында өтіп, жоғары сынып оқушыларына интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтану және жеке деректерді қорғау жолдары түсіндірілді.
Қазір цифрлық технологиялар күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Оқушылар сабаққа қажетті ақпаратты іздеуден бастап, әлеуметтік желілер мен түрлі мессенджерлерді пайдалануға дейін интернет мүмкіндіктерін кеңінен қолданады. Алайда цифрлық ортадағы мүмкіндіктермен бірге қауіп те көбейіп отыр. Сондықтан кибергигиена талаптарын білу және қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау жасөспірімдер үшін де маңызды.
Кездесу барысында мамандар оқушыларға күмәнді сілтемелер мен хабарламаларды ажырату, бейтаныс адамдардың ұсыныстарына сақтықпен қарау, құпиясөзді бөгде адамға бермеу және интернетте жеке мәліметтерді жарияламау қажеттігін түсіндірді. Алаяқтардың түрлі айла-тәсілдері мен киберқылмыстың кең таралған түрлеріне тоқталды.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Бекбаевтың айтуынша, жоғары сынып оқушылары арасында қылмыстың алдын алу бойынша тұрақты түсіндіру жұмыстары жүргізіледі. Оның ішінде дроперлік, инвестициялық алаяқтық, мессенджер аккаунттарын бұзу сияқты қылмыс түрлеріне ерекше назар аударылады.
Киберқауіпсіздік мәселесімен қатар кездесуде балалар арасындағы кибербуллинг тақырыбы да қозғалды. Оқушыларға интернеттегі қорлау, қысым көрсету, өзге де заңсыз әрекеттерге тап болған жағдайда мәселені жасырмай, ата-анаға, мұғалімге немесе тиісті мамандарға жүгіну қажеттігі айтылды.
Мектеп оқушысы Сабылжан Нышанбайдың сөзінше, оқу ордасында кибербуллинг, интернет қауіпсіздігіне қатысты тәрбие сағаттары тұрақты өткізіледі. Мұндай сабақтарда кибербуллингке тап болған жағдайда қандай әрекет жасау керектігі түсіндіріледі.
Былтыр Шымкентте алаяқтық бойынша 562 қылмыстық іс тіркеліп, оның 157-сі ашылған. Ал жыл басынан бері интернет арқылы жасалған 363 қылмыстық іс тіркелген.
Цифрлық ортада сақтық таныту, күмәнді ақпаратқа бірден сенбеу, жеке мәліметтерді қорғау және құқық бұзушылыққа жол бермеу – әр қолданушының жауапкершілігі.


