Цифрлық сауаттылық заман талабы

Oinet.kz 16-09-2026

image.png

Шымкентте цифрлық технологиялардың дамуы жаңа мүмкіндіктермен қатар, ақпараттық қауіпсіздікке қойылатын талаптарды да күшейтіп отыр. Осыған байланысты қалада тұрғындардың, әсіресе жастардың цифрлық сауатын арттыруға және интернеттегі қауіп-қатерлерден сақтану мәдениетін қалыптастыруға бағытталған түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Кибермәдениет айы аясында  Шымкент қаласының Цифрландыру басқармасы ұйымдастырған кезекті ақпараттық-түсіндіру шарасы №89 IT мектеп-лицейінде өтті. Кездесуге мектеп оқушылары, пән мұғалімдері және мектеп басшылығы қатысты.

Іс-шара барысында Цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Ернұр Қырғызбаев оқушылар мен ұстаздарға киберқауіпсіздік, интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден сақтану, жеке деректерді қорғау және цифрлық гигиена талаптары туралы айтып берді. Мамандардың пікірінше, технологияларды күнделікті өмірде кеңінен пайдалану цифрлық ортадағы қауіпсіздік ережелерін білуді де талап етеді.

Кездесуде Шымкент қаласы Полиция департаменті Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі, полиция капитаны Бахытжан Бекбаев интернет алаяқтығының кең таралған түрлеріне тоқталды. Ол фишингтік хабарламалар мен күмәнді сілтемелердің қауіптілігі, бөгде адамдарға жеке және қаржылық мәліметтерді бермеу, онлайн кеңістікте сақтық таныту қажеттігін түсіндірді.

Бүгінде цифрландырудың қарқыны артқан сайын электронды қызметтерді пайдалану, онлайн төлем жасау, әлеуметтік желілер мен түрлі платформаларда ақпарат алмасу күнделікті әдетке айналды. Сондықтан цифрлық сауаттылық тек технологияны қолдана білумен шектелмей, өз деректерін қорғау, ақпаратты саралау, қауіпсіздік талаптарын сақтау дағдысын қамтиды.

Бұл ретте «Заң мен тәртіп» қағидатының цифрлық кеңістіктегі маңызы да артып келеді. Интернеттегі құқық бұзушылықтардың алдын алу, азаматтардың жеке деректерін қорғау және заңсыз әрекеттерден сақтану – қауіпсіз цифрлық ортаны қалыптастырудың негізгі бағыттарының бірі.

Кездесу соңында оқушылар мен ұстаздар өздерін қызықтырған көкейкесті сұрақтарын қойып, сала мамандарынан нақты жауаптар алды. Мұндай ақпараттық-түсіндіру шаралары жастардың киберқауіпсіздік жөніндегі білімін толықтырып, цифрлық кеңістікте жауапты әрекет ету мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.

Цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздік – басты назарда
Интернеттегі сақтық – заң мен тәртіптің бір бөлігі
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу