Заңды білу – құқықты қорғаудың негізі

Oinet.kz 02-10-2026

image.png

Шымкент қаласының Әділет департаменті «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында №54 мекемесінде жазасын өтеп жатқан азаматтарға тегін құқықтық консультация ұйымдастырды. Кездесудің  бағыты – азаматтардың заң талаптарын білуіне жағдай жасау, құқықтары мен міндеттерін түсіндіру және құқықтық мәселелер бойынша кеңес беру.

Шара барысында мамандар қатысушыларға қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, олардың құқықтық сауатын арттыруға бағытталған ақпарат берді. Сонымен қатар әр азаматтың жеке мәселелері тыңдалып, нақты жағдайларға байланысты құқықтық кеңестер ұсынылды. Қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, заң аясында шешім қабылдаудың жолдары туралы жауап алды.

Құқықтық консультация барысында азаматтардың өз құқықтарын білуі ғана емес, заңда белгіленген міндеттерді орындауы да маңызды екені айтылды. Құқық пен міндет бір-бірімен тығыз байланысты. Сондықтан кез келген жағдайда заң талаптарын сақтау, белгіленген тәртіпке бағыну және құқықтық жолмен әрекет ету қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды шарттарының бірі.

Мұндай кездесулердің тағы бір бағыты – жазасын өтеп жатқан азаматтардың қоғамға қайта бейімделуіне құқықтық тұрғыдан қолдау көрсету. Бостандыққа шыққаннан кейін азамат түрлі әлеуметтік және құқықтық мәселелерге тап болуы мүмкін. Құжаттарды рәсімдеу, еңбек қатынастары, әлеуметтік құқықтар, басқа да заңнамалық мәселелер бойынша қажетті ақпараттың алдын ала берілуі олардың қалыпты өмірге оралуына көмектеседі.

«Заң мен тәртіп» қағидаты әр азаматтың құқықтық сауатын арттырумен қатар, заңға құрметпен қарауды қалыптастыруды көздейді. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайды. Сондықтан құқықтық ақпараттың қолжетімді болуы азаматтардың өз әрекетіне жауапкершілікпен қарауына мүмкіндік береді.

Әділет департаментінің мамандары  құқықтық түсіндіру жұмыстарын жүргізу арқылы азаматтардың заңнаманы дұрыс түсінуіне және құқықтарын заң шеңберінде қорғауына жағдай жасап отыр. Кездесу барысында көтерілген жеке мәселелер бойынша кеңестер беріліп, қатысушыларға қажетті құқықтық бағыт-бағдар ұсынылды.

Құқықтық сауаттылық – заң талаптарын орындаудың ғана емес, қоғамға қайта бейімделудің де маңызды негіздерінің бірі. Ал заңды құрметтеу мен белгіленген тәртіпті сақтау – қауіпсіз қоғам қалыптастыруға ортақ үлес.

Жастардың құқықтық сауаты маңызды
Құқықтық көмек те цифрлық жүйеге көшуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу