Заң клиникасында тегін кеңес берілді

Мемлекет басшысы айқындаған «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру, азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және білікті заң көмегінің қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында Шымкентте кезекті іс-шара өтті. Шымкент қаласының Әділет департаменті «Шымкент қаласының Азаматтық бастама» қауымдастығымен бірлесіп, М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Заң клиникасы» аясында «Тегін заң көмегі күнін» ұйымдастырды.
Іс-шараның басты ерекшелігі – азаматтардың өздерін толғандырған құқықтық мәселелер бойынша түрлі сала мамандарынан бір жерде кеңес алуына мүмкіндік берілуі. Қабылдауға адвокат, нотариус, жеке сот орындаушы және «Шымкент қаласының Азаматтық бастама» қауымдастығының өкілі қатысып, тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетті.
Қабылдауға келген азаматтардың әрбір мәселесі жеке қаралды. Мамандар қолданыстағы заңнама талаптарын түсіндіріп, құқықтық жағдайға байланысты тиісті кеңестер берді. Азаматтар өз құқықтары мен заңды мүдделеріне қатысты сұрақтарын қойып, мәселені шешудің құқықтық жолдары жөнінде нақты ақпарат алды.
«Заң клиникасы» аясындағы жұмыс жастар үшін де маңызды. Университет қабырғасында құқықтық мәселелерді талқылау студенттердің заң саласына деген қызығушылығын арттырып, құқықтық мәдениетті қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар тәжірибелі мамандардың қатысуы құқықтық білімді күнделікті өмірдегі нақты жағдайлармен байланыстыруға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидатының негізінде азаматтардың құқықтарын қорғау және заң талаптарын сақтау жатыр. Құқықтық мәдениет қалыптасқан ортада азаматтар даулы мәселені күшпен немесе өз бетінше шешуге емес, заңда белгіленген тәртіпке жүгінеді. Бұл қоғамдағы өзара жауапкершілікті күшейтіп, құқықтық тәртіптің сақталуына жағдай жасайды.
Іс-шара барысында тұрғындарға өз құқықтары мен міндеттерін білу, заң талаптарын сақтау және қажетті жағдайда кәсіби заң көмегіне жүгіну жөнінде түсінік берілді. Азаматтардың сұрақтарына жауап беріліп, әр мәселеге қатысты құқықтық бағыт-бағдар ұсынылды.
Тегін заң көмегін ұйымдастыру – құқықтық ақпаратты халыққа жақындатудың бір жолы. Ал заңды білу және өз құқығын құқықтық тетіктер арқылы қорғау қоғамдағы заңдылық пен тәртіпті нығайтуға ықпал етеді.


