Ұлы Абай мұралары мәңгі халық жадында

Oinet.kz 09-11-2022 277

a2d26fb6a3076238b1a4f0a882ed841f_1280x720.jpg

Тарихта ел руханияты үшін аянбай еңбек еткен тұлғалар аз емес. Соның бірі де бірегейі қазақ жазба әдебиетінің негізін қалаушы Абай Құнанбайұлы. Қазақилықтың қаймағы бұзылмаған оңтүстік өңірде әлі күнге сегіз қырлы бір сырлы Ұлы Абайдың мұралары тұрақты түрде дәріптеледі. Осындай мазмұнды шаралар ішінде ақынның туған күніне орай Түркістан облыстық «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының ұйымдастыруымен өткен «Абайды оқы, орында!» тақырыбында кешенді іс-шараларын айтуға болады.

Мән-мағынаға толы шара алдымен Абай ескерткішіне тағзым етуден басталды. Дінтанушы, ғалым Зікірия Жандарбек пен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Түркістан қалалық Әйелдер алқасының төрайымы Ұлжан Мұстафаева бастаған қонақтар мен кітапхана қызметкерлері Оқушылар сарайы алдындағы ескерткішке гүл шоқтарын қойды. Осылайша таңертеңнен бастау алған шара әрі қарай кітапханада жалғасты. Мұнда Zoom арқылы облысқа қарасты аудандық, қалалық кітапханалардың қатысуымен тікелей байланыс жүргізілді.

Конференцияда Семей облысына арнайы барған кітапхана қызметкерлері Сазанова Динара және Нұрғали Ардақпен Абай елінен тікелей байланысқа шығып, Семей облыстық кітапхана қызметкерлері қорындағы сирек кітаптар мен Абай Құнанбаевтың өзі пайдаланған жәдігерлермен таныстырды. Сондай-ақ олар Жидебайдағы Абай еліне, Абай мұражайы мен Абай зиратына саяхат жасады. Бұдан бөлек, конференцияда белгілі жазушы-журналист, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» пен «Парасат» орденінің иегері Мархабат Байғұт байланысқа шығып, Абай және оның шығармалары мен мол мұрасы жайында баяндап берді. Жазушының «Абайды оқы, орында!» деген сөзі күн тақырыбы ретінде алынған екен. Ал, Зікірия Жандарбек «Ислам және Абай» тақырыбында тұщымды мағлұматтар айтып өтсе, Ұлжан Әбенқызы өз сөзінде кітапхана қызметкерлеріне алғысын білдіріп, Абай еліне саяхат жасалғанына қуанғанын жеткізді. Конференция соңында кітапханашылардың орындауындағы Абайдың «Желсіз түнде жарық ай» бейнебаяны көрсетілді.

Ауқымды шара тек мұнымен бітпеді. «Фараб» кітапханасының алдында мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Шараға қатысушы қала тұрғындары мен оқырман қауым «Абай әлемі» тақырыбындағы кітап көрмесін тамашалады. Көрмеге Абай шығармалары, абайтанушылардың еңбектері және арнайы Абай елі Жидебайдан алынған фото көрме шежіресі қойылды.

Кітапхана басшысының орынбасары Жанар Жақсылыққызы ашып беріп, аталмыш шараның мақсаты мен маңыздылығына тоқталды. Сонымен қатар, шара барысында қаладағы Ахмет Байтұрсынов мектебінің оқушылары Абай өлеңдерін оқыса, кітапхана қызметкерлері қара сөздерін айтып, ақынның аудармалары негізінде көрініс қойды. Қатысушыларға Абай шығармалары туралы викториналық сұрақтар қойылып, белсенді оқырмандар мен бүлдіршіндерге арнайы сыйлықтар үлестірілді. Іс-шара соңында кітапханашылар Абайдың «Көзімнің қарасы» әнін хормен орындады.

Ашық есік күні Оқушылар сарайы алдындағы Абай ескерткіші маңындағы «Абай рухымен сырласу» атты поэзия кешімен қорытындыланды. Кеште мектеп оқушылары, кітапханашылар мен тұрақты оқырмандар Абай шығармаларын жатқа оқыды. Белсене атсалысқандар арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтарға ие болды.

Абай (Ибраһим) Құнанбайұлы (10 тамыз 1845 жыл – 6 шілде 1904 жыл) — ұстаз, ақын, ағартушы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер, либералды көзқарасын исламға таяна отырып, орыс және еуропа мәдениетімен жақындасу арқылы қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. Абай ақындық шығармаларында қазақ халқының әлеуметтік, қоғамдық, моральдық мәселелерін арқау еткен. Абай Шығыс пен Батыс мәдениетін жетік білген. Бірқатар әлем ойшылдарының еңбектерімен жақсы таныс болған. Философиялық трактаттар стилінде жазылған «Қара сөздері» – тақырып ауқымдылығымен, дүниетанымдық тереңдігімен, саяси-әлеуметтік салмақтылығымен құнды.

Абай өлең жазуды 10 жасында («Кім екен деп келіп ем түйе қуған…») бастаған. Одан басқа ертеректе жазылған өлеңдері – «Йузи-рәушән», екіншісі – «Физули, Шәмси, Сәйхали». «Сап, сап, көңілім», «Шәріпке», «Абралыға», «Жақсылыққа», «Кең жайлау» өлеңдері 1870-80 жылдар аралығында жазылған. Ақындық қуатын танытқан үлкен шығармасы – «Қансонарда» 1882 жылы жазылған. Алайда жасы қырыққа келгеннен кейін ғана көркем әдебиетке шындап ықылас қойып, көзқарасы қалыптасып, сөз өнерінің халық санасына тигізер ықпалын түсінеді. Шығармалары үш жүйемен өрбиді: бірі – өз жанынан шығарған төл өлеңдері; екіншісі – ғақлия (немесе Абайдың қара сөздері) деп аталатын прозасы; үшіншісі – өзге тілдерден, әсіресе орысшадан аударған өлеңдері. Абай өлеңдері түгел дерлік лирикадан құралады, поэма жанрына көп бой ұрмағаны байқалады. Қысқа өлеңдерінде табиғат бейнесін, адамдар портретін жасауға, ішкі-сыртқы қылық-қасиеттерін, мінез-бітімдерін айқын суреттермен көрсетуге өте шебер. Қай өлеңінен де қазақ жерінің, қазақтың ұлттық сипатының ерекшеліктері көрініп тұрады. Ислам діні тараған Шығыс елдерінің әдебиетімен жақсы танысу арқылы өзінің шеберлік — шалымын одан әрі шыңдайды. Шығыстың екі хикаясын «Масғұт» және «Ескендір» деген атпен өлеңге айналдырады. Ислам дініне өзінше сенген діни таным жайындағы философиялық көзқарастарын да өлеңмен жеткізеді. Абайдың дүниетанудағы көзқарасы XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақ халқының экономикасы мен ой-пікірінің алға ұмтылу бағытта даму ықпалымен қалыптасты. Дүниетану жолында сары-орыстың төңкерісшіл демократтарының шығармаларын оқып, өз дәуірінің алдыңғы қатарлы ой-пікірін қорытып, басқаларға қазақ өміріндегі аса маңызды мәселелерді түсіндіруге қолданады. Дүниетану өңірінде екі қасиеттің – сезім мен қыйсынның , түйсік пен ақылдың қатынасын таразылайды. Сондықтан да: «Ақыл сенбей сенбеңіз, Бір іске кез келсеңіз» деп жазады. Кез келген халықтың тарих сахнасына шығуы – жүйеге бейімделген біртектес өмір салттың ғана нәтижесі емес, сонымен бірге қасиеттік деп саналатын- арман-аңсардың (идеал) да біртұтастығына айғақ. Олай болса Абай сынының тәлкегіне түскен еріншектік, дарақылық, жалқаулық, күншілдік, өтірікшілік, өсекшілдік, мақтаншақтық, жағымпаздық, жікшілдік сияқты қасиеттер қазақ баласының кейбірінің бойындағы туа біткен кемшілік емес, сол Абай өмір сүрген қоғамдағы саяси әлеуметтік қатынастардың нәтижесі екеніне ден қою қажет. Сонда, Абай бұрынғы бабаларымыздың бойынан көрген «кемшіліктерді» себеп ретінде емес, сол замандағы саяси-әлеуметтік қатынастардың салдары ретінде қарастыруға жол ашқан.

Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Абайдың қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бір бағытта жазылмаған, әр алуан. Оның алты-жеті үлгісі қысқа болса, қайсыбіреуі мазмұн, тақырып жағынан өзгешелеу, ауқымды болып келеді. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне зор салған. Сөйтіп көркемдік шеберлік пен ғылыми зерделік арқылы көркемдік сана мен философиялық сананы ұштастырады. Абайдың қара сөздеріндегі гуманистік, ағартушылық, әлеуметтік ойлары дін туралы пікірлерімен бірігіп, тұтас бір қазақ халқының философиялық концепциясын құрайды. Абайдың кара сөздері сондай-ақ жалпы адамзат баласына ортақ асыл сөзге айналды. Оның қара сөздерінің бірнешеуі ең алғаш 1918 жылы Семейде шыққан «Абай» журналында жарық көрді. Кейіннен, Абайдың қара сөздері орыс, қытай, француз, тағы басқа әлемнің көптеген тілдеріне аударылды.

Абайтану қазақ әдебиеттану ғылымының саласы. Абайтану Абайдың өмірі мен шығармашылық өнері, философиясы, қоғамдық, эстететикалық көзқарастары, қазақ поэзиясындағы өлең жүйесін, ақындық тілді дамытудағы үлесі, музыкалық мұрасы жайлы сан-салалы зерттеу еңбектерін қамтиды. Абайдың өмірі мен шығармашылық мұрасын зерттеу шын мәнінде Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы мақалаларынан басталды деуге болады. Ахмет Байтұрсынұлы 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған «Абай – қазақтың бас ақыны» атты мақаласында «Одан асқан бұрын-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ» – деп Абайды аса жоғары бағалады. Абай шығармаларын жинап, қағазға түсіріп, реттеп баспаға дайындау ісі ақын қайтыс болған соң ұзамай-ақ қолға алынғанын дәлелдейтін нақтылы деректер жетерлік. Жарық көруінен бірнеше жыл бұрын құрастырылып, 1909 жылы Санкт-Петербургте басылған Абай өлеңдерінің жинағында ақынның жүз қырықтай өлеңі (аударма өлеңдерін қосып санағанда) мен «Ескендір», «Масғұт» поэмалары басылғаны, яғни осы күнгі белгілі поэзиялық шығармаларының көрнектілері түгелге жуық қамтылды.

Абай қазақтың демократ ақыны, ұлы ойшыл, философы. Оның шын есімі – Ибрахим. Абай Шыңғыс тауының бауырында дүниеге келген. Ол атақты Тобықты руының Ырғызбай деген тобынан тарайды. Ауыл молдасынан оқып жүрген кішкентай кезінен-ақ ол зеректігімен көзге түседі. Кейін Семей қаласында үш жылдық медресе тәрбиесін алады. Абайдың тәрбиесіне көпті көрген әжесі Зеренің, ақылды ананың бірі шешесі Ұлжанның, өз заманында ел басқарған әкесі Құнанбайдың септігі мол. Ол қазақ тілінің мәйегінен көптеген өлеңдер мен дастандар сондай-ақ, басқа да философиялық шығармалар жазды. Абайды Абай еткен, асыл сөзімен өлең етіп ұйытып, жүрегіне жыр болып байланған қасиеті – өмірден әділет, мейірім, сенім, адалдық іздеу барысында тапқан танымдық олжалары, санасын сарғайтып барып көзін ашқан тұжырым тоғыстары өлең арқылы өріліп жатыр. Абай шығармалары қазірдің өзінде көптеген тілдерге аударылып, әлем халықтарының жақсы бағасын алуда. Соның бір дәлелі, Қытай Халық Республикасында Абай шығармаларының қазақша нұсқаларынан сырт оның үш бірдей дастаны және өлеңдері мен қара сөздері қытай тілінде жарық көрді. Бүгінде Абайдың мұраларын тек Қазақстанда ғана емес, күллі әлемде іздеп жүріп оқитындар бар және бола бермек. Өйткені оның әрбір шығармасындағы оқиға әлі де өзекті.


Халық және дәстүрлі әндер байқауы өтті
60-қа толған Нұрлан Өнербаев Түркістанда концерт берді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу