Елім деген ер Асанбай!

Oinet.kz 10-11-2022 281

174683c53fde9d0f09a37fecffe783af.jpg

Түркістан қаласындағы «Ұлы Дала елі» орталығында Түркістан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың 100 жылдығы аясында «Елім деген ер Асанбай» танымдық конференциясы өтті. Басқосуға Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан Асанбай Асқаровпен қызметтес болған түрлі саланың ардагерлері, қоғам қайраткерлері, ғалымдар, туыстары, өңірдің азаматтары мен белсенді жастар қатысты.

Алдымен қонақтар ұлы тұлғаның 100 жылдығына арналған «Ұлы тұран перзенті» атты көрмені тамашалады. «Елім деген ер Асанбай» танымдық конференциясы аясында жасақталған көрмеге Асанбай Асқаровтың отбасылық суреттері мен өмірбаяны, еңбектері және «Ұлы Тұранның ұлдары» атты жаңа кітаптары қойылған. Конференция қонақтары, соның ішінде Алматы, Шымкент қалалары мен Жамбыл облысынан келген зиялы қауым, ардагерлер, қоғам қайраткерлері көрмені тамашалады.

Ел руханияты үшін маңызды жиынды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жеңісбек Мәуленқұлов жүргізіп отырды. Конференцияны Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов ашып берді. 

– Барлықтарыңызды елдің өткені мен ертеңін байланыстырып, тарихқа бойлайтын жиынның ашылуымен құттықтаймын. Біз бүгін көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, тарихи тұлға Асанбай Асқаровтың өнегесі мен өміріне арналған танымдық конференцияда бас қосып отырмыз. Бүгінгі жиында елдік, ұлттық мүддені алға қойған Асанбай ағамыздың еңбектерін ел арасына кеңінен насихаттау бағытында ұтымды ұсыныстар, пікірлер айтылады деп сенемін, – деді Сәкен Амангелдіұлы.

Содан соң белігілі жазушы, аудармашы бірнеше танымдық кітаптың авторы Мұхтар Қазыбек «Асанбай Асқаров – ұлтымыз ұлықтайтын тұлға» тақырыбында баяндама жасап, тұлғаның өмірі мен еңбек жолы туралы тың деректер мен ерекше қырларын ашып, естеліктер айтты. 

– 1978 жылы сәуір айында А.Асқаров Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ауысты, бұл қызметте 1985 жылғы маусым айына дейін істеді. Асанбай Асқаровтың Оңтүстік Қазақстан облысын басқарған жылдары да өте жемісті болды, өңірді қайта түрлендірді, жаңғыртты, бұрын-соңды ешкім қолға ала алмаған жобаларды іске асырды. Шымкенттің шырайын келтірді, қаладағы ірі өндіріс орындарын жаңғыртып, қазақ жастарының, қазақ кадрларының өсуіне барынша мүмкіндік жасады. Дендросаябақ, зоопарк, атшабар, балалар темір жолын салдырып, демалыс аймағын ерекше дамытты, – деді ол өз баяндамасында. 

Әрі қарай конференция жарыссөзге ұласты. Мұнда бірнеше ауданға басшы болған, еңбек ардагері, ел игілігі жолында аянбай тер төккен Исмат Тұрсынқұлов, сол кезде Созақ ауданына басшы болып, өңірдің өркендеуіне үлес қосқан еңбек ардагері Досыбай Шерімқұлов, Жамбыл облысынан келген жазушы драматург, «Жамбыл облысының Құрметті азаматы» Әлімжан Елен мен өзге де азаматтар тұлға туралы ойларын айтты. Облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев пен «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының атқарушы хатшысы Бейсен Тәжібаев та конференция төрінен табылды.  Мемлекет және қоғам қайраткері Асанбай Асқаровтың тұлғасын ашу, еңбегін насихаттау барысындағы пікірлер, ұсыныстар ескеріліп, бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасады.

Содан соң мазмұнды шара танымдық конференция белгілі жазушы, драматург Мархабат Байғұттың сахналанған «Асқаровтың аққайыңдары» драмасының премьерасымен жалғасты. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан сазды драма театрының әртістері сахналаған қойылым көрермен көңілінен шықты.

Асанбай Асқаров 1922 жылы 15 қыркүйекте Жамбыл облысының Меркі ауданындағы Меркі ауылында туған. Еңбек жолын 1939 жылы мектепте білім беру жүйесінде бастады. 1942 жылдан 1946 жылға дейін әскери қызметте болды. 1946-1951 жылдары Меркі аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы, облыстық комсомол комитетінің хатшысы, содан кейін Қазақстан ЛКЖО Жамбыл облыстық комитетінің бірінші хатшысы болып жұмыс істеді. 1954-1958 жылдары Қазақстан Компартиясы Красногор, Меркі аудандық комитеттерінің бірінші хатшысы, халық депутаттары Жамбыл облыстық кеңесі атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. 1959-1985 жылдары Қазақстан Компартиясы Жамбыл, Алматы және Шымкент облыстық комитеттерінің бірінші хатшысы болды. Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсартуға айрықша үлес қосты. Оның тікелей басшылығымен қалада маңызды бірқатар халық шаруашылығы нысандары салынды. Халық игілігі, болашағы үшін Шымкент қаласының құрамында дендропарк, зоопарк, балалар темір жолы, ипподром бар керемет демалыс орнын салдырды.

Асанбай Асқаровтың «Тағдыр», «Судьба», «Жұмақ пен тозақ жырлары» атты өлең кітаптарымен бірге «Ұлы Тұранның ұлдары», «Мен еліммен біргемін», «Өлмейтұғын артымда сөзім қалса» атты өсиеттер жинағы жарық көрген. Социалистік Еңбек Ерінің Алтын Жұлдызымен, Ленин, Октябрь Революциясы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдармен марапатталған. Асқаров Асанбай 4 рет Ленин орденімен, Октябрь революциясы, 2 рет «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған. Оған «Социалистік Еңбек Ері» атағы берілді. Шымкент қалалық мәслихаты депутаттар мәжілісі 1994 жылғы 2 сәуірдегі І сессиясының №1 қаулысымен Асанбай Асқаровқа, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі және Шымкент қаласындағы тамаша мәдениет кешенін құрғаны үшін «Шымкент қаласының Құрметті азаматы» атағы берілді.

Ел үшін аянбай тер төккен арда азаматтың есімі де ешқашан ұмытылмақ емес.


60-қа толған Нұрлан Өнербаев Түркістанда концерт берді
Аққұштап Бақтыгереева Түркістанда кітапханашыларымен жүздесті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу