Жырлары тарих, ерлігі дастанға айналған тау тұлға дәріптелді

Oinet.kz 29-11-2022 264

image.png

Жуырда  Келес аудандық орталық кітапханасының  оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің ұйымдастыруымен №13 колледжінде Ұлы Отан соғысының ардагері, ақын, сыншы, аудармашы, әдебиет зерттеушісі Сағынғали Сейітовтің 100 жылдығына орай «Жырлары тарих, ерлігі дастан» әдеби-танымдық кешін  ұйымдастырды. Кешке №13 Колледждің №50 топ студенттері қатысты. 

Мақсаты – оқырман қауымына С.Сейітовтің өмір жолын, қызметін баяндай  отырып, жастарды ұлтжандылыққа тәрбиелеу. Ақынның өлеңдерін насихаттап, поэзияға деген  қызығушылығын арттыру.

№50-ші топ студенттері Рысбаев Бағдаулет, Мейір Дана С.Сейітовтың «Тоғысқан толқындар» кітабынан «Бәйтерек жапыраған жайып кетті» мақаласын оқып өз түсініктерін баяндап берді. Ал Есім Мирамбек, Тілепбай Дінмұрат,Қуандық Рахима, Махамбетова Адина С.Сейітовтың өлеңдерін жатқа айтты.

Сағынғали Сейітов (1917- 2007) - 1917 жылы 20 қарашада қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Ақжайық ауданы, Өлеңті деген жерде туған. 1937 жылы Орал су транспорты рабфагын, 1941 жылы Абай атындағы Алматы мемлекеттік педагогикалық институтының тіл-әдебиет факультетін тәмамдап, 1941-1947 жылдары Кеңес армиясы қатарында әскери қызметте болды. Ол Қызыл Жұлдыз, ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен және бірқатар  медальдармен  марапатталған.

1941 жылы Ұлы Отан соғысына аттанған ол соғысқа бастан-аяқ қатысты. Соғыстан кейінгі жылдары ұзақ жылдар Қазақ КСР Ғылым академиясының Тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің нұсқаушысы, Қазақстан Мемлекеттік көркем әдебиет баспасының директоры, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми  қызметкері болып  істеді.

Осы институт қабырғасында жүріп «Қырық жылда», «Әдебиеттер достығы», «Қазақ поэзиясындағы Маяковский дәстүрі», «Тоғысқан толқындар», «Туысқандық туғызған», «Өлең өлкесінде», «Пушкин лирикасын қазақ тіліне аудару дәстүрі» атты монографиялары мен зерттеулері  арқылы  ұлттық  әдебиеттану  ғылымына  қыруар  үлес  қосты.

Тырнақалдысы 1936 жылы Орал облыстық газетінде жарияланған, 1951 жылы «Большевиктер» атты тұңғыш жыр жинағы жарық көрді. Әр жылдары шыққан «Жолдас жүректен», «Ортақ ой», «Бетпе-бет», «Өрден өрге», «Жаңғырық», «Жолдас уақыт», «Сәулет», «Серпер», «Сеңгір», «Самғау», «Майдангер көзімен» атты жыр жинақтарымен қазақ поэзиясының қоржынын  толықтырды.

 «Мен – ақын Сағынғали Сейітовпін!

Сен жайлы жырды қашан сейілтіппін?!

Жүректің орындаймын тапсырмасын,

Сен – менің жаһандағы бас құрдасым!», - деп ақын С.Сейітов жырлағандай, 

ол әдебиеттің дамуына өз үлесін қосты. С.Мұқанов, Ж.Сайын, Ә.Сәрсенбаев, Ж.Молдағалиев, Х.Ерғалиев, Ғ.Орманов және т.б. ақындармен иықтаса еңбек етті. Ол В.Маяковский, А.Пушкин, М.Лермонтов дәстүрлерін зерттеп, орыс классиктерімен қатар Гёте мен Гейнені, Жәми мен Науаи, Мұса Жәлел сияқты шығыс шайырларын қазақша сөйлетті. 

Кеш соңында Сағынғали Сейітовқа арнап жасалған «Азат халықтың тарланбоз ақыны» атты кітап көрмесіне шолу жасап таныстырылып, кешке белсене қатысқан студенттер Алғыс хатпен марапатталды.

Балалар жазушысы Бердалы Рысбековпен кездесу өтті
Сан түрлі сала мамандары сайысқа түсті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу