Кенесары ханның өмір жолы баяндалды

Oinet.kz 18-11-2022 269

image.png

Ұлт тұлғасы дүниеден өтсе де, оның ерлігі, елдігі, даналығы кейінгі ұрпаққа рухани мұра болып қалады, ол тарихи уақыттың негізінде ұлт рухының тірегіне айналады. 

Қазақ хандығының соңғы ханы мемлекет қайраткері, әскери қолбасшы, қазақ халқының 1837-1847 жылғы ұлт-азаттық қозғалысының көсемі Кенесары Қасымұлының туғанына – 220 жыл толуына орай ұйымдастырылған «Тарих – ғасырлар куәсі» атты тарихи сағат Түркістан қаласындағы №135 жалпы орта білім беретін мектептің 5 сынып оқушыларының қатысуымен өтті. Шара барысында оқырмандарға Қазақтың бір туар ұлт жанды тұлғасы Кенесары ханның өмір жолы таныстырылып, ұлт-азаттық қозғалыс жайлы бейнеролик көрсетілді. 

Атақты Шыңғыс ханның 27-інші ұрпағы, Абылай ханның немересі, қазақ халқының соңғы ханы – Кенесары Қасымұлы 1802 жылы Көкшетау өңірінде дүниеге келген. 1837 жылы Кенесары Қасымұлы бастаған көтеріліс басталды. Кенесары Қасымұлы бастаған ұлт-азаттық қозғалыс қазақтардың патша өкіметіне қарсы барынша бұқаралық сипат алған және ұзаққа созылған көтерілістерінің бірі болды. Кенесары Қасымұлы  1837 жылдың желтоқсанында бірнеше рет дипломатиялық қадам жасай отырып, I Николай патшаға хат жолдап, тиісті талаптар қояды.  Алайда, заңды талап-тілегі орындалмай, өтініші аяқасты болып, елі мен жерінің тұтастығына қауіп төнгендіктен, тұлпар мініп, ту ұстап,  қол бастайды. Сақа саясаткер әрі шебер әскери қолбасшы ретінде ол әскери қақтығысқа жан-жақты дайындалған. Соның арқасында Кенесары хан 20 мың сарбаздан тұратын жауынгерлік қабілеті мығым әскер жасақтай алды. 1841 жылы қыркүйек айында үш жүздің өкілдері бас қосқан жиында Кенесары Қасымұлы хан болып сайланады. Бұл патша өкіметі үшін жағымсыз жаңалық болғаны анық. Ал, Кенесары хан болса, 1844-1845 жылдары ұлт- азаттық күресті табысты жүргізу үшін бір орталықтан басқарылатын мемлекет  құрып, оған өзі басшылық жасайды. 

Кенесары хан – жеке басының қамынан елдің мүддесін жоғары қойған, талай қиын түйінді тапқырлығымен шешкен, сатқындыққа, әділетсіздікке жол бермеген тарихи тұлға. Ол азаттық үшін шайқаста қырғыз манаптарының өзіне бағынуын талап еткен. Алайда, патша өкіметімен құпия байланыста болған қырғыз манаптары оған мойынсұнбайды. Кенесары хан оларға шабуыл жасайды. Өкінішке қарай, өз жақтастарының опасыздығынан Кенесары мен Наурызбай дұшпан қолына түсіп, қазақтың соңғы ханы 1847 жылы Қырғызстанның Жетіжал жотасының оңтүстік алабындағы Көкілік-Cеңгір аңғарында ажал құшады. Жаулары оның басын кесіп алып,  патша билігіне тапсырады.  Кенесары хан бастаған ұлт-азаттық күрес жеңіліс тапқанымен, ханның өзі қазақ халқының есінде, ұлт тарихында табанды қолбасшы, аса көрнекті мемлекет қайраткері ретінде мәңгілікке сақталып қалды. Хан билігі сол заманда іс жүзінде жойылғанымен, ол үш жүздің басын біріктіріп, мемлекеттікті қалыптастыра алды. Сол себепті Кенесары Қасымұлының өмірі мен қазаққа қылған қызметі болашақ ұрпаққа өшпес өнеге болады деп сеніммен айта аламыз.   

Кенесары тарих сахнасына өзінің ұлы бабасы Абылай ханның ісін жалғастырып, алға алып барушы ретінде шықты. Оның бойында ұйымдастырушылық және әскери қолбасшылық таланты мол болатын қайратымен және жүрек жұтқан батылдығымен, қайтпас қайсар қаһармандығымен тaнылды. Замандастарының сипаттауына қарағанда, ол ашық жүзді, орта бойлы және жауырыны қақпақтай төртпақ тұлғалы болған. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, өзін-өзі аса байсалды ұстай білетін. Әңгімелескен адамыныңпікіріне әрқашан мұқият назар аударатын, кеңпеиілді адам болғандығын айтылады . Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы-ғалым Е.Бекмаханов саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары Қасымұлы тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке жеткеннен кейін ғана қолға алынды.

Шара барысында оқырмандар Кенесары Қасымұлына арналған арнаудан үзінді оқып, тақырыпқа сай ұйымдастырылған кітап көрмесімен танысты.

Өнер иелері халықты саяси науқанда белсенділік танытуға шақырды
Түркістан тұрғындары сайлау күні қоғамдық көлікте тегін жүреді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу