ЖИТС ауруы (СПИД) емделе ме?

Oinet.kz 24-03-2019 2118


Screenshot_1.jpg

1 желтоқсан - СПИД-ке қарсы дүниежүзілік  күрес күні. Елбасы Жолдауында айрықша атап көрсетілгендей салауатты өмір салты мемлекеттік деңгейде насихатталып жатқандықтан, елімізде бұл күнге айрықша назар аударылатыны заңды.  Медицина саласында соңғы 30 жыл «қайғы, қасірет пен үмітке толы кезең» деп бекер айтылмайды. Ғасыр індетіне айналған  ЖИТС(СПИД) - жұқтырылған иммун тапшылығының синдромы ауруы күні бүгінге дейін жер шарының 16 миллионнан астам тұрғынының өмірін жалмап үлгерді.  Әзірше адамзат бұл қауіпті дертті  жеңуге дәрменсіз.  

1 желтоқсан –СПИД-ке қарсы күрес  күніне арнап Оңтүстікте көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды. АИТВ/ЖИТС ауруының алдын алу әсіресе жастар арасында ерекше маңызға ие екені дау тудырмайды. Осындай шаралардың бірі  Шымкенттегі Халықтар достығы университетінде болып өтті. Оқу орнының басшылығы мен студенттері «Жастар ЖИТС-ке қарсы» атты тақырыппен өткен бұл шараға тыңғылықты дайындықпен келгенін атап өткеніміз абзал. Арнайы шақырылған мамандар жастарға АИТВ/ЖИТС жайлы мол мәлімет беріп, оның қаупі мен сақтану жолдары жайлы кеңес берді. Бүгінгі таңда әлем бойынша АИТВ (адамның иммун тапшылығы вирусы) ауруына шалдыққандардың саны 40 миллионға жуықтайды. Қазақстанда қауіпті дертке ұшырағандардың қатары 19135 адамды құраса, облыс бойынша вирусты жұқтырған 2165 науқас есепке алынған. Айта кетерлігі, олардың ішіндегі 227-сі кәмелет жасына толмаған балалар мен жасөспірімдер. 

Медицина ғылымы ай санап емес, күн санап дамып келе жатқан сала. Күрделі ауруларды емдеудегі жаңа тәсілдер мен  технологиялар үнемі жетілдіріліп отырады. Соған қарамастан, адамзатты отыз жылдан бері әбігерге түсіріп келе жатқан ЖИТС-ке қарсы ем табылмай тұр. Түптеп келгенде, ғасір індеті аталып кеткен АИТВ/ЖИТС дертін бюджеттен бөлінген қыруар қаражат пен түрлі бағдарламалар емес, ұлттық тәрбие, саналы ұрпақ тәрбиелеу арқылы ғана жеңе алатынымыз айтпаса да түсінікті. Сондықтан, студенттерді ЖИТС-тен аулақ болуға шақыруға, есірткі, темекі, арақ секілді зиянды заттарды тұтынудан бас тартуға арналған осы секілді шаралардың маңызы зор. Бұл енді тәрбиеге келіп тірелетін мәселе. Өкініштісі, ЖИТС дертіне қарсы бағытталған шараларда имандылық, ұлттық тәрбие ісіне жектілікті деңгейде көңіл аударылмайды. Жиында сөз алған Халықтар достығы университеті  педагогика және психология кафедрасының меңгерушісі Әбдімәлік Елтаев «Әл-Фараби бабамыз «адамға білім бермей тұрып тәрбие беру керек» деп бекер айтпаған. Себебі, тәрбиесіз адамның қолында білім қуаты болатын болса ол дүниені бұзады, адамзатты зұлматқа апарады.  Жастар - еліміздің болашағы. Сондықтан, қоғамымызда нашақорлыққа, есірткіге, маскүнемдікке жол берілмеуі тиіс», деп осымызды ойды нығайта түсті. 

АИТВ-ЖИТС тақырыбы қозғалғанда мамандар міндетті түрде нашақорлық пен маскүнемдік мәселелерін де қоса айтуы бекер емес. Шын мәнінде науқастардың 85 пайызына жуығы қауіпті вирусты нашақорлықтың кесірінен жұқтырғаны белгілі. Жиынға арнайы шақырылған облыстық СПИД орталығының маманы Мәдина Жөргенбаеваның айтуынша, ЖИТС-ке қарсы ем табылмағанымен, науқастың өмірін созуға мүмкіндік беретін Антиретровирустық препараттар кеңінен қолданылуда. Ондай дәрілер мемлекет тарапынан тегін беріліп келеді.  Бүгінгі таңда іскер басшы Талғар Мейірханов басқаратын СПИД орталығының Түркістан және Жетісай қалаларында филиалдары жұмыс істеуде. 

Қауіпті вирустың адамға үш жолмен - жыныстық қатынас, қан және ЖИТС ауруын жұқтырға анадан балаға ауысу арқылы  жұғатыны белгілі.  Осылардың ішінде әсіресе тамыр арқылы инъекцияларда вирустың таратылуының дәрежесі өте жоғары. Оның себебі де белгілі. ЖИТС-ті жұқтырғандардың шамамен 80 пайызы есірткі тұтынушылар.  Бір шприцті бірнеше адамның қолдануы дерттің таралуына тікелей себепкер болып отыр.  Оның алдын алу үшін арнайы қайырымдылық орындары құрылып, онда ақысыз негізде қолданылған шприцтер орнына таза шприцтер беріліп жатқанымен, бұл қауіпті толық ауыздықтау әзірше мүмкін емес. Сонымен бірге жас нашақорлар жыныстық белсенді, қорғалмаған жыныстық қатынастарға жие түседі, бұл вирустың таратылуына қосымша жол ашады.

Сондай-ақ, ғасір індетінің етек алуына донорлық материалды пайдалану, стерильденбеген шприц пен түрлі медициналық инструменттерді бірнеше рет қолдану да әсер етуде. Айталық, денеге  татуаж жасау кезінде бір реттік инструменттіңбірнеше рет қолданылуы да қауіп туғызады.  Инемен шаншуда медперсоналға АИТВ-ның жұғуы жолдары да тіркелген. Бұндай жағдайда, АИТВ таратылуы жолдарының алдын алу мақсатында (пайыз үлестеріне дейін) дәрігерлерге жоғары белсенді антиретровирустік терапияның төрт апталық курстары тағайындалады. Химиопрофилактика, сондай-ақ жұқпалану қатеріне тәуелді өзге адамдарға тағайындалады. Химиотерапия вирустың ықтимал таратылуынан кейін 72 сағаттан аспай тағайындалады.

- Жүктілікке келер болсақ, вирус анадан балаға жүктілік кезінде, туу барысында және сүт емгенде жұғуы мүмкін. Онда да жүкті науқас әйел антиреторовирустық препараттарды қабылдамаса  туылған нәрестенің АИТВ-ға шалдығу мүмкіндігі 50/50 пайызды құрайды. Ал қажетті дәрілерді қабылдаған жағдайда, 98 пайыз жағдайда сау бала туылады, - дейді М.Жөргенбаева.  

 Біріккен Ұлттар Ұйымының берген дерегіне сүйенсек, ЖИТС әлемдік аумақта адам өлімінің себепкері ретінде төртінші орын алады, ал оның жұқпалы дерт екенін ескерсек, ертеңгі күні бүкіл адамзатқа қауіп болып төнері анық. Бүгінгі таңда ауруға шалдыққандар саны өңірлер бойынша мынадай көрсеткішті құрайды: Сахара шөлінің оңтүстігіндегі Африка - 22,5 миллион, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия - 4,1 миллион, Шығыс Азия - 770 мың., Орталық және Оңтүстік Америка - 1,4 миллион, Солтүстік Америка -1,5 миллион, Батыс және Орталық Еуропа - 820 мың, Шығыс Еуропа мен Орталық Азия - 1,4 миллион, Таяу Шығыс пен Солтүстік Африка -460 мың, Океания - 57 мың адам. 

 Алғаш рет АИТВ вирусының кесапаты Лос-Анжелес қаласында тіркелді. Сырттай сап-сау  көрінетін 5 гомосексуал аяқ астынан өкпе қабынуына шалдығып, екеуі көз жұмады. Кейін белгілі болғандай,  олар атышулы вирустың алғашқы құрбандары екен. Алайда, АИТВ вирусын анықтау үшін ғалымдарға көп уақыт қажет болды. Аурудың белгілерін алғаш болып 1983 жылы бір топ француз дәрігерлері байқады. Олар патогенді ағзаны анықтап, кейіннен оны  адамның иммунды тапшылық вирусы ретінде атауға көшті. ВИЧ  иммунды жүйенің негізгі жасушаларын зақымдай отырып, әрі сондай-ақ одан әрі дами түсе, оларды байлап-матап алады, бұл уақыт ішінде иммунды жүйенің қатты әлсіреуі салдарынан туберкулез, өкпе қабынуы және өзге де созылмалы ауруларға шалдығу көп кездеседі. Шыны керек, алғашында бұл дерттің аса қауіпті болатынын ешкім болжамапты.  Ғалымдар қол жеткізген жетістіктер вакцинаның міндетті түрде табылатындығын дәлелдегендей еді, алайда, вирус мутациялануға айрықша қабілетті болып шықты.

  Кеңестер Одағында ЖИТС ауруы тұңғыш рет  1988 жылы Элиста қаласында тіркелді. Мұндағы  балалар ауруханасында әлдебір жұқпалы ауру пайда болғаны жайлы  ақпараттың тарауы алып империяны дүр сілкіндірген оқиға болды.   Мәскеуден  шұғыл түрде ұшып келген жоғары дәрежелі дәрігерлер тобы балаларды тексеру барысында дәрігерлер 38 сәбиге СПИД жұқтырылған деген жантүршігерлік диагноз қойды. Бұл ауру Африка елдерінің біріне іс-сапармен аттанған Элистаның тұрғыны арқылы келгені анықталды. Науқас балаларды иммундық және қан жетілдіру жүйесіне өте теріс әсер ететін  препаратпен емдей бастайды. Әйткенмен, бұл препаратпен емдеудің соңы өлімге әкеліп соқтыратындықтан бұны АҚШ-та қолдануға тыйым салынған болатын. Соңғы жылдары осы балалардың өлімі «ғасыр індеті» СПИД-тен емес, керісінше осы АЗТ препаратының улы әсерінен болуы ықтимал деген жорамалдар айтылып жүр.

Жалпы, ЖИТС-тің шығу тарихына байланысты түрлі жорамалдар айтылып келеді.  Ресми түрде айтылатын тұжырым вирус иеленушілердің  маймылдар екені, осы жануардан адамға жұққанымен шектеледі.  Әйткенмен, АИТВ/ЖИТС  - қолдан жасалған ауру деген пікірді қостайтындардың арасында мүйізі қарағайдай ғалымдар мен дәрігерлер де жоқ емес. Айтылып жатқан пікірлердің бірі, бұл адамзаттың табиғи өсіміне қарсы тежеу ретінде қолданылған әдістің бірі ғана.  

Ғасыр дертінің жас талғамайтыны, ең соңында ажал құрсауына алатыны бәрімізге сабақ болса екен. БҰҰ-ның есебі бойынша 15-24 аралығындағы жастардың 12 миллиондайы жыныстық қарым-қатынас арқылы ВИЧ инфекциясына шалдыққандар. Егер алдыңғы буын осы жабық тақырып аясында жастармен әңгіме өрбітсе, қатерлі дерттің алдын алар еді. Экономикасы дамыған Канада, Франция, Швеция сияқты елдерде осындай тақырыпта кеңінен ашық айтылғандықтан жасөспірімдер арасындағы жүктілік және жыныстық қатынастар арқылы берілетін түрлі жұқпалы аурулардың көрсеткіші азайған. Бірақ бірден-бір осы дертке шалдыққан жастарға көмек беретін де, арсыздықты тыятын да имандылық екенін ұғынуымыз керек. Өйткені, ислам дінінде некесі қиылмай жастардың жақындасуына тыйым салынады. АҚШ-та вирус жұқтырғандардың басым бөлігі  гомосексуалистер. Қазіргі таңда «демократия отаны» атанған мемлекетте 1,1 миллион адам осы дертке шалдықса, жыл сайын олардың қатарын 50 мыңдай жаңа науқас толықтырады. Ресейде бұл ауруды жұқтырғандардың 80 пайызы есірткі тұтынушылар.  Бала туу мүмкіндігі бар әйелдердің арасында ЖИТС тарала бастауына байланысты балалардың да осы ауруға шалдығуы жиілей түсті. Осыдан біраз жыл бұрын АИТВ жұқтырғандардың 70—75 пайызы еркектер болса, бүгінде есірткі қолданушылардың саны күрт көбейіп, олар көпшілік жағдайда ортақ шприц инелерін пайдаланатын болғандықтан, 6ұл науқасқа шалдыққан ерлер мен әйелдердің саны теңесті (шамамен 50 пайызы). Мұндай жағдай балаларға ЖИТС жұқтыру қаупін күшейтіп отыр. Қазіргі таңда көптеген жұқпалы аурулар белең алып, халқымыздың денсаулығына зиянын тигізіп келеді. Демек, әрбір ұл-қыздарымыз бойына ұлттық құндылықтарды сіңіріп,  ислам діні әмір еткен тазалық пен тура жолда жүрсе, ешқандай дерттің қауіп тудырмайтыны, қазақтың болашағына қатер төнбейтіні ақиқат.  

Дерек пен дәйек: 

ЖИТС – адамның иммундық жүйесінің бұзылуынан пайда болатын ауру. Иммундық тапшылық әсері салдарынан бір немесе бірнеше қауіпті аурулар дамуы мүмкін (пневмония, туберкулез, рак және т.б.), бұл аурулармен адам ағзасы күресе алмайды. 

АИТВ/ЖИТС-ның қаупінің басты себебі адамға ажал әкелетін індет. Егер ауыру жұқтырған адамның қаны, шәуеті, қынап сұйықтары немесе ана сүті дені сау адамның қанына (инъекция, дене жарасы арқылы) немесе сілемейлі қабыншақтарына түссе, жұғуы әбден мүмкін. Тұрмыстық жағдайда жұғу мүмкін емес. 

Жұқпа жұқтырылған күнінен бастап ағзада өзінің бұзушылық жұмысын атқарады, иммундық жүйенің жасушаларын жаулап алады. ЖИТС диагнозы осы жасушалардың 80 пайызының  бұзылуын білдіреді.

АИТВ жұқпасын емдеуге арналған дәрі-дәрмек әлі ойластырылып табылмаған. Бірақ бүгінгі таңда науқастың өмір сапасын жақсартуы және өмірінің ұзақтығына әсер ететін дәрі-дәрмек бар. 

АИТВ қан сорғыш масалар және басқа құрт-құмырсқалар, ауа, қол алысу, сүйісу (кез-келген), ыдыс-аяқ, киімдер, ваннаны, дәретхананы, жүзу бассейнін пайдалану және т.б.арқылы таратылмайды. 

 Аурудың таралуын алдын алудың тиімді әдістерінің бірі - сүндетке отырғызу екенін ғалымдар мойындап отыр. Бұл еркектердің үштен екі бөлігінің осы ауруға шалдығу қаупін азайтатыны зерпттеулер арқылы дәлелденген.  

Дерек пен дәйек: 

Елімізде АИТВ/ЖИТС ауруына қарсы күрес жүргізу мақсатында мамандандырылған қызмет жүйесі қолданысқа енгізілді.  Оның құрамына республикалық, облыстық, қалалық ЖИТС-ке қарсы күресу және аурудың алдын алу орталықтары, диагностикалық лабораториялар мен анонимдік кабинеттер кіреді. Осындай қызмет жүйесінің күнделікті жұмысын Республикалық ЖИТС-тен сақтандыру комитеті басқарады. Бұл комитеттің ең басты мақсаты — ЖИТС вирусын жұқтырған адамды табу, оны тексеру және емдеуді жоспарлы түрде ұйымдастыру. Жоғарыда аталған ЖИТС орталықтары ұйымдастырушы, тәсілдеуші және емдеуші мекемелер ретінде жұмыс атқарады. Қазіргі кезде республикамызда ЖИТС-тен қорғану жөнінде жұмыс жүргізетін 20 орталық және 80 зертхана  бар. 

Министр Жұмағұлов жұмған аузын ашар емес
«Нан бағасы бензин бағасымен теңестірілсе ауыл шаруашылығы гүлденеді»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу