Халық әкімге емес, әкім халық алдына келді

Oinet.kz 24-08-2022 221

Screenshot_3.png

Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов Президенттің "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлығына сәйкес  қалаға қарасты  Хантағы ауылының тұрғындарымен кездесті. Кездесу барысында  қала әкімі бірқатар нысандарды аралап, ауыл тұрғындары тарапынан көтерілген мәселелерді  тыңдады. Атап айтқанда, интернет нашарлығы, ауылға кірген кездегі көпір мәселесі, жайылымдық жер, дәрігерлердің жетіспеушілігі осы сынды мәселелер қозғалды.

Сонымен қатар, нысандарды бақылау барысында өзекті мәселелерінің біріне айналған көпір, ауыл клубының қазіргі жағдайын көріп, сала мамандарына тапсырма берді.

Кентау қаласына қарасты Ащысай  ауылында  тұрақты түрде ауыз су берілетін болады. Ауылға жасаған сапар барысында қала әкімі Жандос Тасов құрылысы бастау алған су басына барды. 

Қазіргі таңда таулы аймақта суды тарту жұмыстары жүргізілуде. Қала басшысы  бұлақ көзін қоршауға алып, белгі қоюды тапсырды.

Қала басшысы сапар барысында ауыл тұрғындарымен кездесті. Кездесуде ауылға қатысты бірқатар мәселелер көтерілді. Атап айтқанда, ауылды газға қосу, ауыз су, әлеуметтік көмек мәселелері айтылды. Тұрғындар тарапынан жолданған мәселелерді шешу бойынша әр сала басшылығына тапсырма беріп, орындалуы бақылауда болатынын жеткізді.

Кейіннен қала басшысы іс-сапармен қалаға қарасты Байылдыр ауылына барды. Сапар барысында бірқатар ауыл көшелерінің барысымен танысып, өткілдердің қазіргі жағдайын бақылады. 

Аралау барысында қала әкімі ауыл басшысына қоғамдық көлік мәселесін қадағалауды,  кәріз жүйесін жүргізіп, тазалық жұмыстарын атқаруды тапсырды. 

Сонымен қатар, қала әкімі ауыл ақсақалдарымен кездесіп, көптен бері көтеріліп келе жатқан мәселелерін тыңдады. Аталмыш мәселелерді шешу барысы бойынша заң аясында жұмыстар атқарылатынын және жіті бақылауына алатынын жеткізді. 

Кездесу соңында жаңа қала басшысына сәттілік тілеп, баталарын берді. 

Қала әкімі сонымен қатар қала тұрғындарын жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға  10-нан аса тұрғын келіп, бірқатар арыздары мен ұсыныс-пікірлерін айтты. 

Атап айтқанда, атаулы әлеуметтік алу, денсаулық сақтау саласы, мектеп формасы бойынша көмек қажеттілігі, тұрғын үй  және ақылы қоғамдық жұмыскерлерінің айлық жалақысын көтеру секілді ұсынылды.

Қабылдау барысында айтылған әр мәселеге жауапты сала басшыларына тиісті шараларды дер кезінде қабылдап, заң аясында шешу жағын тапсырды.  Сондай-ақ, қала басшысы әр тұрғынның өтініші жіті бақылауында болатынын жеткізді.


19,3 мың адам жұмыспен қамтылды
Кентауда құрылыс қызып тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу