«Келтемашат-Дәубаба» автомобиль жолы жөнделуде
Ел экономикасын дамыту үшін бүгінде көптеген жобалар іске асырылуда. Сондай жобалардың бірі – 2021 жылдың 12 қазанында Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысымен бекітілген «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы. Көлік жолдарын жақсарту арқылы еліміздің транзиттік және логистикалық әлеуетін арттыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтарының сапасын көтеру және Қазақстан халқының көрсетілетін қызметтерге кедергісіз қол жеткізуін қамтамасыз ету жобаның негізгі мақсаты болып саналады.
«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасының көліктік байланыс саласының деңгейін көтеруге бағытталған екінші бағытында екі міндет көзделген. Олар – ішкі көлік желісін дамыту және аумақтардың сыртқы байланысының сапасы мен қолжетімділігін арттыру. Атап өтсек, ішкі көлік желісін дамыту бағдарламасы аясында он бір мың шақырым республикалық маңызы бар, жиырма жеті мың шақырым жергілікті жолдарды жаңадан салу және қайта жөндеуден өткізу жоспарланған. 2025 жылға дейін атқарылатын осы жұмыстардың нәтижесінде республикалық маңызы бар жолдардың барлығы, сондай-ақ, жергілікті маңызы бар жолдардың 95 пайызы жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізілетін болады. Сонымен бірге, қолға алынған жоба аясында Ұлттық стандартқа сәйкес, автокөлік жолдарының бойына екі жарым мыңға жуық сервистік нысандар салынады.
Ұлттық жоба аясында Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Айталық Түркістан облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының тапсырысымен мердігер мекеме «АлемТрансЖол» ЖШС-гі тарапынан Түлкібас ауданындағы облыстық маңызы бар КХ-71 «А-2-Кершетас-Келтемашат-Дәубаба» 0-26,2 шақырым автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары іске асырылуда.
Бекітілген сметалық құжаттамаға сәйкес, жолдың жарамсыз учаскілерінде асфальт жабынын бұзып (киркование) жол негізін қайта қалпына келтіру және екі қабат асфальт жабынын салу сондай-ақ, асфальт қабатының жарамды учаскілерінде бір қабат асфальт жабынын салу жұмыстары қарастырылған.
Аталған жұмыстар бекітілген жұмыс-өндірістік кестеге сәйкес атқарылуда. Бүгінгі таңға дейін, 26,2 шақырым жолдың 14 шақырымына асфальт жабыны салынды. Сондай-ақ, жол бойындағы елді мекендер ішіне жаяу жүргіншілерге арналған 7,7 шақырым аяқ жол салу жұмыстары жүргізілді. Нысанды жыл қорытындысымен пайдалануға беру жоспарлануда.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасы техникалық қадағалаушы «Оңтүстік жолдары» МКК және «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» РМК тарапынан тұрақты бақылауға алынған.