Халықтың талап-тілегі ескеріліп жүр

Oinet.kz 24-08-2022 188

Screenshot_2.png

Биыл жыл басында Мемлекет басшысы әкімдердің халыққа жақын болуы керектігін ескертіп "Әкімдердің халықпен кездесуі туралы" Жарлыққа қол қойған болатын. Президенттің тапсырмасы аясында Ордабасы ауданының әкімі Нұрбек Бадырақов Жамбыл ауылындағы Қ.Мүсірепов атындағы жалпы орта мектеп ғимаратында ауыл тұрғындарымен кездесіп, ауылдастардың көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселелермен танысты.

Тұрғындар өз кезегінде аудан басшысына ауыл шаруашылығына қажетті ағын су тапшылығын айта келе ауылға келетін өзен арнасының бастау көзін жеке кәсіпкерлер жауып отырғандығын тілге тиек етті. 

Сондай-ақ, тұрғындар ауыл ішіндегі инфрақұрылым мәселесін де аудан басшысының назарына ұсынды.  Халықтың талап-тілектерін ескерген Нұрбек Бақтыбайұлы ағын судың атызға іркіліссіз жетуін қамтамасыз ету мақсатында аталған каналдар мен арықтарды тез арада механикалық тазалаудан өткізетіндігін жеткізді.

Ауылдың ішкі орамдық көшелеріне асфальт жабындысын сұраған тұрғындарға аудан басшысы: «Бірінші кезекте басымдықты ауылға барар жолы жоқ  (тас, топырақ жолдар) елді мекендер мен ауылдарға береміз. Ал, ауылдың ішкі орамдық көшелері сараланып, кезең-кезеңімен жөндеуден өтеді», деді аудан әкімі. 

Аудан әкімі сонымен қатар Ықыластемір ауылы тұрғындарымен кездесті. Ауыл тұрғындарын алаңдатқан бірқатар мәселемен танысқан аудан басшысы өтініштердің еш ескерусіз қалмайтындығын жеткізді.

Шаруалардың айтуынша соңғы жылдары ауыл іргесіндегі ірі егістік алқаптарының иелері жер жырту, тұқым себу науқаны кезінде халықтың ортақ жайылымдық алқаптарына сүйемдеп еніп кетуде.     Мәселенің мәніне үңілген аудан әкімі ауыл шаруашылық, жер саласына жауапты бөлім басшысына нақты тапсырма беріп, арнайы карта арқылы егістік алқап шекарасын анықтап, белгі қою жағын шегеледі. 

Ортақ жайылымдық жерлер төңірегінде де сөз қозғап, игерілмей жатқан бос жерлерді аудан қорына қайтару арқылы шаруалардың ортақ жайылым мәселесін оңды шешуге күш салатындығын жеткізді. Тұрғындардың спорттық комплекс, ФАП мәселесі бойынша да сұрақтарына жауап беріп, ауылға қажетті әлеуметтік нысандарды салу жөнінде тез арада облысқа өтінім берілетіндігін айтып өтті.

Бөржар ауыл округіне қарасты Қайнар ауылы тұрғындарымен де кездескен әкім ауылда қордаланған инфрақұрылым, әлеуметтік нысан, ауыл шаруашылық саласы бойынша тұрғындар сұрақтарына жауап берді. 

Аудан басшысы ауыл іргесінен тұрғын үйлік жер телімін сұраған ауыл тұрғындарына елді мекен шекарасын кейтіп, қажеттілік, кезек бойынша тұрғындарға жер берілетіндігін жеткізді. 

«Тиісті мекеме басшыларына нақты тапсырма бердім. Жаңадан салынып жатқан 2 спорт алаңшасының жарықтандыру жұмыстары  биыл іске қосылады», деді аудан әкімі халықпен кездесуде.  

Нұрбек Бақтыбайұлы Қайнардың орталығындағы электр жарығы мәселесі бойынша да нақты шешім қабылдап, «Оңтүстік Жарық» мекемесі арқылы қазан айында тұрғын үйлер жаңа желіге қосылатындығын айтып өтті. Аурухана мәселесіне де назар аударған аудан басшысы тиісті басқармаға хат жолдап, бұл мәселенің де келесі жылға оңды шешім табуына ықпал ететіндігін жеткізді. 

Мұнан соң, аудан әкімі Бөржардағы Мәдениет үйінде ауыл тұрғындарымен кездесіп, халықтың мұң-мұқтажына құлақ асып, олардың сын-пікірлерін тыңдады.  Осы кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындар тарапынан айтылған мәселелер мен ұсыныстардың бірде-біреуі қараусыз қалмайтындығын мәлімдеді. Әр тоқсан сайын ауыл тұрғындарымен кездесіп, айтылған тапсырмалардың орындалуын тікелей бақылап отыратындығын жеткізді.

«Біз ауданымызға қарасты барлық ауылдарды аралау барысында шешімін таппаған күрделі мәселелерді арнайы хаттамаға түсіріп, ауданның алдағы 5 жылдық даму жоспарын әзірлеп, жол картасына енгіземіз. Сол арқылы жоспарлы түрде инфрақұрылым, коммуникация, білім беру, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, жұмыспен қамту, мәдениет, спорт саласы бойынша  талданып, сараланған мәселелерді кезең-кезеңімен республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен жүзеге асыратын боламыз. Тіпті, шешімі кезек күттірмейтін мәселелерді инвесторлар, демеушілер есебінен жүргізуге күш саламыз», деді аудан әкімі Нұрбек Бадырақов кезекті Ынтымақ ауылының тұрғындарымен кездесуінде. 

С.Ысқақ негізгі орта мектебінде өткен кездесуде тұрғындар тарапынан бірнеше өзекті мәселе ортаға салынды.  Соның ішінде ауылдың орталық көшесін жарықтандыру мәселесі айтылып, ынтымақтықтар аудан әкімінен қолдау сұрады. 

Өз кезегінде Нұрбек Бақтыбайұлы салалық бөлімге «Оңтүстік Жарық» мекемесімен бірлескен түрде ауылдың жарықтандыру жұмыстарын ай көлемінде аяқтауды тапсырды.

Ауыл аралаған әкім
Өзекті мәселелер ортаға салынды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу