Түркістанда 6250 бүлдіршін мектеп табалдырығын аттады

Oinet.kz 01-09-2022 220

Screenshot_1.png

Бүгін – Жаңа оқу жылы басталды. Еліміздегі барлық мектептер  шәкірттеріне есігін айқара ашты. Түркістан облысындағы 950-ден астам  мектепте  55 мыңға жуық бүлдіршін үшін алғашқы қоңырау соғылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1500 балаға артық. Жалпы облыстағы мыңға жуық мектепте 511 мыңнан астам бала білім алады

Соның бірі облыс орталығындағы №19 Төле би атындағы мектебі. Білім күніне орай Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков пен  облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы аталмыш мектепте болып, "Алғашқы қоңырау" мерекелік шарасына қатысып, жаңа оқу жылында мектеп оқушылары мен мұғалімдерге сәттілік тіледі. 

Шараға қатысқан талабы таудай оқушының аты Айғаным.  Үйінің ортаншысы. Биыл алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Сондықтан әліппе ұстаған оқушы қыздың көңіл күйі ерекше. 

Түркістанның өзінде Айғаным секілді 6250 бала биыл бірінші сыныпқа барды. Ал, осы мектепке келген 146 шәкірт «Egov.kz» Электрондық үкімет порталы арқылы және ата-аналардың өтініші бойынша қабылданды. Одан бөлек рухани шаһарда  2 мектеп күрделі жөндеуден өтті. Соның бірі осы білім ошағы. Биылғы жаңа оқу жылына сақадай сай деді мектеп директоры.  

Мерекелік шара шәкірттердің концерттік бағдарламасымен жалғасын тапты. Одан кейін әрқайсы сынып парталарына отырды.

Мамандардың айтуынша облыс орталығында бүгін 34 мемлекеттік, 19 жекеменшік мектеп, 110 мектепке дейінгі және  7 қосымша білім беру ұйымдары оқушылар үшін есіктерін айқара ашты.  Жалпы 2022-2023 жаңа оқу жылында қала бойынша 6250 бүлдіршін бірінші сыныпқа қабылданса, 2643 оқушы 11-сыныпта оқуды бастады.  

Айта кетейік, биыл Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өтті. Келесі жылға өтпелі болған құрылыс жұмыстары түркістандық оқушылардың игілігі үшін мерзімінен бұрын аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа оқу жылында оқушылар енді жаңарған мектепте білім алуды бастады.


«Бөгеннің» жайымен танысты
Тапсырмалар уақытылы шешімін табуда
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу