Абайда инфрақұрылым проблемасы тарқалып келеді

Oinet.kz 02-09-2022 200

Screenshot_25.png

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің жыл бойы халықпен кездесулер өткізіп, жергілікті жерлерде жүргізіліп жатқан жұмыстарымен тұрғындардың хабардар болуын, билік органдарының беделін арттыруға, халықты толғандыратын проблемалық мәселелердің шешілу жолдары мен мерзімдерін бірігіп талқылауға арналған Жетісай ауданы әкімінің кезекті есептік кездесуі Абай ауылдық округінде өтті.

Аудан әкімінің міндетін уақытша атқарушы Асан Маханбетов өткізген жиынға Жетісай аудандық полиция бөлімінің басшысы полиция полковнигі Әділбек Сапарбеков пен аудандық мәслихат депутаты Мамырайым Шылмырзаев, Жетісай ауданы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Тұрсын Мырзалиев пен аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Әділхан Абжанов, дербес бөлімдердің жауапты мамандары, округ тұрғындары қатысты.

Басқосуда ауылдық округті сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету, ішкі көшелерді орта жөндеуден өткізу, ескірген электр бағаналарын жаңарту бағыттары бойынша жұмыстарды күшейту, өмір сүру сапасын жақсартуға айрықша көңіл бөлу, округтің инфрақұрылымын дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Атқарылған жұмыстар сараланып, өзекті мәселелердің шешу жолдары ұсынылды. Бұған дейінгі кездесулерде айтылған мәселелердің орындалу барысы таныстырылды.

Өткен кездесуде көтерілген мәселелер бойынша Жүзімдік елді мекені аумағындағы (Қазіргі таңда жеке тұлға А.Сапархановтың иелігіндегі) 3,5 га жер телімі мемлекеттік мұқтаждығы үшін сот арқылы мәжбүрлеп алу жұмыстары жүргізілуде. Құжаттар рәсімделіп соттың қарауына жолданған.

Одан бөлек, Жүзімдік, Отан, Алтын кемер, Халықтар достығы, Бейбітшілік елді мекендерінің жаңадан түскен көшелеріне электр желілерін жүргізу және жинақталған трансформаторлы қосалқы станциясын орнату үшін 2022 жылға жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 500 мың теңге қаржы бөлініп, жоба жасақталуда. Жобаға сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, құрылысына бюджеттен қаржы бөлдіруге ұсыныс берілмек.

Ал, Отан, Бейбітшілік елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында құрылыс жұмыстарын бастау үшін жалпы 10 млн теңге қаржы қарастырылып, мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатса, Алтын кемер, Халықтар достығы елді мекендерін табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу жұмыстарына аудандық бюджеттен 8 млн 760 мың теңге қаржы қаралып, тиісті құжаттар әзірленуде. Жобаға мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан соң, құрылысына қаржы бөлдіруге ұсынылатын болады.

Сондай-ақ, Абай ауылдық округі аумағында декоративті ағаштарды сақтап қалу мақсатында оларды коммуналдық меншікке алу бойынша «Жетісай қызмет» МКК тарапынан тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Еркін форматта ашық ауа астында өткен жиыннан соң аудан басшысының міндетін атқарушы Асан Маханбетов жергілікті тұрғындарды жеке мәселелерімен қабылдады. Қабылдау барысында әлеуметтік мәселелермен қатар ауыз су, ескі электр бағаналарын ауыстыру, округ елді мекендерінде мәдениет және спорт нысандарын салу, жол жөндеу мәселелері сөз болды. Тұрғындар тарапынан айтылған өтініштер бойынша сала мамандары мен бөлім басшыларына тиісті жұмыстар жүргізу керектігі жөнінде тапсырма берілді.

«Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры»
Жетісайда жаңа базар салынады
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу