Арғымақ тұрғындарының мәселелері кезең-кезеңімен шешіледі
Шымкент қаласының қарқынды дамуы шағын аудандардың әлеуметтік және инфрақұрылымдық жағдайын жақсартумен тығыз байланысты. Соның бірі – Тұран ауданына қарасты Арғымақ шағынауданы. Мұндағы өзекті мәселелер әкімдік тарапынан назардан тыс қалмай, кезең-кезеңімен шешімін табуда.

Аудан әкімі Берік Әширбеков тұрғындармен кездесіп, олардың өтініш-тілектерін тыңдады. Әкімнің айтуынша, әрбір мәселе мұқият зерттеліп, шешу жолдары қарастырылуда. Бүгінде Арғымақтың әлеуметтік нысандары мен инфрақұрылымын жақсарту бағытында нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Мәселен, Арғымақ шағынауданында әзірге мектеп салынбағанымен, көршілес Қулагер шағынауданында 2024 жылы 1200 орындық №147 жалпы орта мектеп пайдалануға берілді. Қазір мұнда 616 оқушы білім алуда. Бұл мектеп Қулагер мен Арғымақ тұрғындарының балаларына арналған. Ал Арғымақтың өзінде жаңа мектеп салу жоспарда жоқ, өйткені мектеп жасындағы балалар саны 500-ге жетпейді.
Дегенмен, білім беру саласында тұрғындар қажеттілігін өтеу үшін балабақша мәселесі шешілген. 2022 жылдан бері Арғымақ шағынауданында 50 орындық жеке «Арғымақ» балабақшасы жұмыс істейді. Сондай-ақ, Қулагердегі 150 орындық «Зерек бала» жеке балабақшасында Арғымақ балаларына арналған арнайы тасымал қызметі ұйымдастырылған. Бұған қоса, Ақжар шағынауданындағы №54 «Асыл Арман» мемлекеттік балабақшасы да балаларды қабылдайды. Сондықтан қосымша балабақша салуға қажеттілік жоқ.
Көлік инфрақұрылымын жетілдіру мәселесі де назарда. Арғымақ тұрғындарының қоғамдық көлік бағыттарына қатысты ұсыныстары Шымкент қаласының Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына жолданған. Жаңа жол бойына аялдамалар орнатып, арнайы бағыт енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.
Қазіргі таңда Арғымақтың 12 көшесінің 8-і толықтай ауыз сумен, электр қуатымен, табиғи газбен және жарықтандырумен қамтамасыз етілген, жолдары асфальтталған. Телемұнара маңындағы кейбір үйлердің құжаттарын рәсімдеу мәселесі де бақылауда. Аудан әкімі Берік Әширбековтің айтуынша, инфрақұрылым тарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады.
Шымкент қаласы соңғы жылдары әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан айтарлықтай серпінге ие болды. Инвестиция көлемінің өсуі мен тұрғын үй құрылысының қарқын алуы жаңа шағынаудандардың дамуына жол ашуда. Арғымақтағы атқарылып жатқан жұмыстар – осы тұрақты өсімнің айғағы.
Жалпы, Арғымақ тұрғындарының барлық өтініштері ескеріліп, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған нақты шаралар қабылдануда. Қала әкімдігі тарапынан жүргізіліп жатқан бұл жұмыстар Шымкенттің экономикалық әлеуетін арттырумен қатар, тұрғындарға жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.


