Таразда «Құқықтық дәріхана» акциясы аясында тұрғындарға тегін құқықтық көмек көрсетілді
Тараз қаласында «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында тұрғындардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және халықтың құқықтық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз етуге бағытталған «Құқықтық дәріхана» акциясы өткізілді. Іс-шараны Тараз қаласының прокуратурасы ұйымдастырып, оған уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.

Акция халық көп шоғырланатын «MART» сауда-ойын-сауық орталығында өткізіліп, азаматтардың құқықтық мәселелер бойынша мемлекеттік органдар өкілдерімен тікелей кездесіп, қажетті кеңестер алуына мүмкіндік жасалды. Мұндай қоғамдық қабылдау форматы тұрғындардың өтініштеріне жедел ден қоюға және мемлекеттік органдар мен халық арасындағы ашық диалогты дамытуға ықпал етті.
Іс-шара барысында тұрғындарға әлеуметтік қорғау, тұрғын үй қатынастары, жер заңнамасы, кәсіпкерлік, білім беру, еңбек қатынастары, салық заңнамасы, қылмыстық және әкімшілік құқық салалары бойынша тегін құқықтық консультациялар берілді. Сонымен қатар азаматтардың жеке өтініштері қаралып, қолданыстағы заңнама талаптары жан-жақты түсіндірілді, құқықтарын қорғау тетіктері бойынша практикалық ұсыныстар ұсынылды.
Бірлескен қоғамдық қабылдау қорытындысында 200-ден астам азаматқа білікті құқықтық көмек көрсетіліп, олардың сауалдарына нақты жауаптар берілді. Сонымен қатар 50-ден астам проблемалық мәселе бойынша тиісті мемлекеттік органдардың қатысуымен шешімдер қабылданып, қосымша зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты мекемелердің қарауына жолданды.
«Құқықтық дәріхана» акциясы азаматтардың құқықтық мәдениетін арттыруға, заң талаптарын түсіндіруге, мемлекеттік органдар қызметінің ашықтығын қамтамасыз етуге және тұрғындардың құқықтық мәселелерін тиімді шешуге бағытталған маңызды алаңға айналды.
Іс-шара соңында тұрғындар ұйымдастырылған қоғамдық қабылдаудың тиімділігін жоғары бағалап, осындай форматтағы құқықтық түсіндіру жұмыстарының тұрақты түрде өткізілуінің маңыздылығын атап өтті.


