Базарлар туристерді қызықтыратындай көрікке енеді

Oinet.kz 10-09-2019

Screenshot_3.jpg

Туристер өздері саяхаттар барған мемлекеттен бірінші кезекте - сауда орындарын іздейді. Сауда орындарынан, базарлардан өздеріне қажетті түрлі заттарды алып, туған-туысқандарына, жора-жолдастарына беретін тәбәрік заттар сатып алады. Базар арқылы сол қаланың мәдениетін тани алады. Сондықтан да базарды ретке келтіру - туризмді дамытудағы басты құрал. Осыған орай Түркістандағы ретсіз сауда, базар маңындағы кептеліс, қауіпсіздік, санитарлық талаптың сақталмауы, автотұрақтың жоқтығы секілді жайлардың барлығы біздегі базарлардың бүгінгі көрінісі. Осындай күрмеулі мәселелердің түйінін ағыту үшін кеше Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов орталық «Қуаныш» базарының маңын аралап, кәсіпкерлермен кездесті деп хабарлайды Түркістан газеті.

Қаладағы жалпы саны 13 сауда орындарының қызметтік қағидалары, тұтынушылардың сауда қатарларына еркін келуі, авариялық немесе төтенше жағдайларда адамдар мен материалдық құндылықтарды шұғыл эвакуациялау мүмкіндігін қамтамасыз ету және сауда орындарын біркелкі сәулеттік келбетке сәйкестендіру мен өрт қауіпсіздігі басты орында болуы шарт. Осы жайды түсіндірген Рашид Абатұлы «Азиз» базарындағы жеміс-жидектер мен көкөністер сатылатын аумақта арнайы дүңгіршектер қойылатынын баса айтты. Талапқа сәйкестендірілген дүңгіршектерді базар иесі орнатады. Сондықтан, ол дүңгіршектер үшін сауда жасаушылардан қаржы талап етілмейді. Қала әкімдігінің қолдауымен олар тек сауда қатарын жалға алғаны үшін ақы төлейді. Иә, бұл тұста, жалға алу бағасының өсетінін де ескерген жөн. Ретсіз сауда қатарының көлемі ұлғайғаны соншалық, базар маңындағы тұрғындар жеке үйлерінің алдын кәсіпкерлік мақсатқа пайдаланып отыр.

Қалалық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Гүлжамал Даханованың сөзінше, бүгінде қаладағы «Керуен сарай» сауда орталығы өзге орындарға қарағанда талапқа сәйкестігі басымырақ болып отыр. Осы ғимарат жанындағы барлық дүңгіршектер мен сауда орындары да аз уақыт ішінде заманауи, келбетті орынға айналады. Басшылары да қолдау танытып, жылдам іске кірісетінін айтуда. Сонымен бірге, «Мәди» базарының жанында орналасқан, көп жылдан бері халыққа қызмет көрсетіп келген монша орны ауыстырылып, орнына жуық арада бірнеше қабатты, келушілерге демалыс орнын сыйлайтын, автотұрақ және сауда қатары бар ғимарат түседі. Шаһар басшысы кәсіпкерге бүкіл құрал-жабдықтарды сәйкесінше жылдам қарқынмен алар болса, техника жағынан да қолдау болатынын баса айтты. Тіпті, кейбір ескі ғимараттардың орнына саябақтар мен аллеялар салынып, базар маңы көріктенетін болады.

Айта кетейік, базар басшыларымен 1-қыркүйектен бастап өз иелігіндегі нысандарды реттеу үшін тамыз айында келіссөздер жүргізілген болатын. Р.Аюпов осы кездесуінде базардағы сауда жасаушыларға: «Базарлар жуық арада ретке келеді. Сіздердің талаптарыңыз ескеріледі. Енді базар емес, сауда орындары қалыптасады. Сондай-ақ, базар ашық әрі көрікті, сәулетті орынға айналады», – деп, барлық шаралардың тәртіпке сай жүргізілетінін жеткізді.

Ал, жоғарыда айтқанымыздай сауда орындарының аумағындағы жолдар, көгалдандыру мен абаттандыру жұмыстары қыркүйек-қазан айларында жүзеге асады.

Қала әкімі Түркістанға келген турист керемет әсермен қайтуы керектігін айтты
Түркістанда көрікті арбат ашылды

Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×