ОҚМУ-да Асма Қалыбекова атындағы аудитория ашылды

Oinet.kz 26-09-2013 1271

Асма Қалыбекова Оңтүстік Қазақстан облысындағы әйелдер арасындағы жалғыз академик. Ол ұзақ жылдардан бері отбасы құндылықтарын ұрпақ бойына сіңіруде, қазақ этнопедагогикасының дамуына сүбелі үлес қосып келеді. 1998 жылдан бастап 2011 жылға дейін М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің «Жалпы педагогика және этнопедагогика» кафедрасын басқарды. Осы кезең аралығында кафедраның мүмкіншіліктері кеңейіп жалпы педагогика, педагогика  және білім тарихы, этнопедагогика мамандығы бойынша аспирантура және докторантура, педагогика және психология мамандығы бойынша магистратура ашылды. 

Screenshot_6.jpg

Жақында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің өнер және педагогика институтында Асма Қалыбекованың атындағы  аудитория ашылды. Бұл дәрісханада оның ғылыми еңбектері туралы мәліметтер жинақталған. Аудиторияның ашылу салтанатына арнайы қатысқан ОҚМУ-дың ректоры, техника ғылымдарының докторы, профессор Жұмахан Мырхалықов «Білім беру ісінің үздігі»,  «Құрмет» ордені,  педагогика саласындағы үздік ғылыми зерттеулер мен жұмыстар үшін тағайындалатын Ы.Алтынсарин атындағы I-сыйлықтың иегері,  Қазақстан халықтары Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалі секілді көптеген мемлекеттік  наградалардың иегеріне шексіз алғысын білдірді. Мұндай құрмет  оның ұзақ жылғы жемісті еңбектерінің нәтижесі. Ұлағатты ұстаз осы оқу ордасына, ондағы студенттердің білімі мен тәрбиесіне  өзінің 43 жыл өмірі мен еңбек жолын сарп етті. Ол тек ағарту саласымен шектеліп қана қоймай, өңіріміздегі әлеуметтік салаларға етене араласқан жан. 

1996-1998 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігі жанынан құрылған отбасы, әйелдер және демографиялық саясат мәселелері жөніндегі кеңесін де басқарды. Оның білім саласындағы еңбектері шетелдерге де тарап үлгерді. Бүгінде Асма Ахметқызының шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі салаларда қызмет етеді. Оның жетекшілігімен 35 ғылым кандидаттары, 5 докторлық диссертация қорғалды. Ғалым Асма Қалыбекова бүгінгі таңда 300-дей ғылыми-әдістемелік құралдардың авторы. Ұстаздық, ағарту ісімен қатар Асма Ахметқызы облыстық Ассамблея хатшылығы жанындағы ғылыми-сараптау тобына да жетекшілік етіп келеді. 

«Халық Ассамблеясы» деген ұғым әлем бойынша біздің елде ғана бар. Елбасымыздың ұтымды саясатының арқасында көп этносты бір шаңырақтың астына біріктіру үшін осындай орталық құрды. Егемендік алған жылдардан бері 130-дан астам этнос өкілдері мекендейтін Қазақстанның аспаны ашық, бейбітшілік заманның  орнап тұрғанына осы Ассамблея мол үлес қосты деп ойлаймын,--дейді Асма Ахметқызы.-- Кезiнде түрлi саяси жағдайлармен қазақтың кең  байтақ жерiне қоныс аударған көптеген этнос өкiлдерiнiң ұрпақтары бүгiнде елiмiзде бiр атаның баласындай тату-тәттi өмiр сүруде. Тегi басқа болғанмен теңдiгi бiр, қаны бөлек болғанмен жаны бiр, арманы ортақ бiртұтас халыққа айналып отыр. Ассамблея түзген жобалардың аясында соңғы уақыттары көптеген ірі  халықаралық іс-шаралардың ұйымдастырылуы нәтижесінде шетелден келген қонақтар қатысып, біздің елдің ынтымағы берік екендігіне көздерін жеткізіп қайтты. Мәселен өткен жылы  «Қоғамдағы этносаралық және конфессия аралық қарым-қатынастар мәдениетін қалыптастыру тәжірибесі, проблемалары және перспективалары» деген тақырыппен Шымкент қаласында халықаралық конференция өткіздік. Үш күнге созылған шарада этностар арасындағы мәдени қарым-қатынас пен мемлекеттік тілді меңгеру және олардың қоғамдағы рөлі жайлы тақырыптар қозғалды. Жиынға Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей,  тағы басқа да елдерден келген ғалымдар және Қазақстан Республикасы Халықтар Ассамблеясы төрағасының орынбасары Ералы Тоғжанов та қатысты. Жиынға келгендердің ортақ әңгімесі алыс-жақын шетелдердегі болып жатқан саяси оқиғалардан қарға тамырлы қазақ жерінде өмір сүретін бауырлас елдер сабақ алуы керек дегенге сайды. Мұндай деңгейдегi басқосу елiмiз бойынша алғаш рет бiздiң облысымызда ұйымдастырылды. Одан кейін осы жылдың сәуір айында Президентіміз Н.Назарбаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының XX сессиясы үлкен дәрежеде өтті.

- Сессияда сіз делегат ретінде қатысып қайттыңыз...

- Ия, мен сессияға делегат ретінде қатыстым. Қазақстан халқы Ассамблеясының бұл жолғы мерейтойлық сессиясы ерекше өттi деп айтуға болады. Сессия  «Қазақстан – 2050» стратегиясы: «Бiр халық - бiр ел - бiр тағдыр» атты тақырыпта өткен болатын. «Бiр халық» деген не? Мұның астарында терең мән жатыр. Бұл 17 миллионға жуық қазақстандықтың мүдделерi, арман-тiлектерi бiр деген сөз. Ал «бiр ел» дегенiмiз осыншама адамның Отаны ортақ екенiн бiлдiредi. 

- Өзiңiз жетекшiлiк жасайтын ғылыми-сараптау тобының атқаратын жұмысына тоқтала кетсеңiз?

- Аталған топ негiзiнен ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысады. Қазақстанда өмiр сүрiп жатқан этностардың мәдениетiн, салт-дәстүрлерi мен әдет-ғұрыптарын, елiмiздiң дамуына нендей үлес қосуда, жастар тәрбиесi мәселелерiн қалай шешуде, бiр-бiрiмен қарым-қатынастары қандай деген тұрғыда зерттеу жұмыстарын жүргiземiз. Бұдан бөлек, халықаралық конференциялар, әдiстемелiк семинарлар мен  дөңгелек үстелдер ұйымдастырамыз. 

- Сіздің қазақтың салт-дәстүрі, мәдениеті, жастар тәрбиесі жөніндегі зерттеулерініңіздің өзі бір төбе. Сол туындыларыңыздың, кітаптарыңыздың  арасында «Қазақ халқы тәрбиесінің асыл мұрасы» атты еңбегіңіз жоғары бағаланды...

- Бұл кітаптың тұсаукесері Елордада «Әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси жаңғырту жағдайында Қазақстанның ұлт бірлігі доктринасын жүзеге асыру» тақырыбында өткен дөңгелек үстел барысында кесілді. Кітапта мен қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен мәдениеті жайлы жаздым. Сан ғасырлар өтсе де мұқалмаған тіліміз туралы және шекарамыз жайлы осында айтылған. Атадан жеткен асыл мұраны  бүгінгі ұрпаққа жеткізу баршамыз үшін парыз. Кітаптың негізі айтар ойы қазақ жеріндегі қай ұлт пен ұлыс болмасын, олар өмір сүретін елдің ұлттық тарихы мен мәдениетін, жалпы ділін білуі керек. Сонда ғана нағыз патриот азаматтар тәрбиеленеді. Жиынға қатысқан Мәжіліс депуттары, Ассамблея мүшелері кітаптың расында да өскелей ұрпаққа берері мол екендігін айтып, жоғары бағаларын берді. 

- Асма Ахметқызы сіз жастармен үнемі етене араласып жүресіз. Бүгінгі таңдағы жастардың дінге деген көзқарастары қандай, жалпы олардың тәрбиелері жөнінде не айта аласыз?

- Біз бәріміз бір Аллаға сенеміз. Ол әрине дұрыс. Бірақ қазіргі таңда жастардың арасында адасушылық байқалады. Жігіттер сақал өсіріп, ал қыздар хиджап киіп жүр. Қазақтың салт-дәстүрінде, тарихында қыздар ешқашан тұрмысқа шықпай орамал тартпаған. Шаштарын, бет-ауыздарын бүркеу деген тіпті болмаған. Қазақтар қыз баласын ерекше құрметтеп, аялап, төріне шығарған. Қыз 13-ке толғанда анасы немесе әжесі білезік, сақиналарын беріп, шашына шашбау тағып беретін болған. Шашбау тағудың астарында тек сән емес үлкен тәрбиелік мән жатыр. Қыз ары-бері жүргенде шашбау сыңғырлайды. Сонда әжелер қызға «сен енді бойжеттің, секіріп, шошаңдай берме, әйтпесе шашбауың қатты сыңғырлап кетеді. Ол сыңғырласа көрші-қолаң, жұрттың назары саған ауады, мына үйдің қызы бойжетіп қалыпты ғой деп қырын көзбен қарайды. Сондықтан тәртіпті болып жүр» деп түсіндіріп айтқан. Шашбау қыздың бойжеткендер қатарына қосылғандығын білдіретін белгі деп айтсақ та болады. Ал қызды ұзатқанда сәукеле кигізген. Ал араб халқының киімін қазақтар ешқашан қолданбаған. Осыны жастар ұғынса деймін. Өзге елдің салт-дәстүрін өзімізге кіріктірудің қажеті жоқ. Мұның барлығы айналып келгенде жастардың қазақтың тарихын, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, ырым-тиымдарын терең білмейтінгінен деп ойлаймын.  

Танымал актриса Мадина Оспанованың жүрегін жаулаған азамат кім?
Ауыз судың дауы шалғай ауылдар түгілі Шымкентте де шешілмей жатыр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу