Тоқаевтың екінші Елбасы болуы мүмкін емес

Oinet.kz 19-03-2020

11280361.jpg

Ертең, яғни 20 наурызда  Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президентінің міндетін атқара бастағанына бір жыл толады.

 Әрине, елде өршіп бара жатқан коронавирусқа қатысты жарияланған төтенше жағдайлардың кезінде Тоқаевтың «имиджмейкерлері» мұны ескерусіз қалдыруы мүмкін. Дегенмен еске түсіріп көрсек. 

Бәрі де Назарбаевтың кенеттен, ешкім ойламаған жерден өз еркімен отставкіге кету жөніндегі мәлімдемесінен басталды. Тоқаев елдегі екінші адам-Сенат төрағасы ретінде президенттік постты автоматты түрде қабылдап алды. Яғни, ол мемлекет басшысы лауазымына сайлану жолымен емес тағайындау арқылы келді. 20 наурызда Тоқаев ант қабылдап, президентік міндетті атқаруға ресми түрде кірісті. Оның алғашқы жарлықтарының бірі Астананың атауын Нұр-Сұлтан деп ауыстыруға қатысты болды. Елбасы сондай-ақ, «Халық қаһарманы», «Еңбек Ері» атақтарымен марапатталып, облыс орталықтарындағы басты көшелері Н.Назарбаевтың есімімен аталатын болды. Саяси жоралғылар аяқталған соң Тоқаев Түркістанға барып, «Әзірет сұлтан» кесенесіне зиярат етті. 

Қ.Тоқаев Н.Назарбаевтың мерзімі біткенше, яғни 2020 жылдың сәуіріне дейін президенттік постта отыра берер еді. Алайда ол сәуірде кезектен тыс президент сайлауын өткізу жөнінде шешім қабылдады. Мұны Тоқаевтың ел басқарудың ешкімге тәуелді емес, өзінше үлгісін қалыптастыруға тырысқанын байқауға болады. Алайда көпшілік Тоқаевтың тәуелсіз билеуші екендігіне әлі күнге дейін сенбейді. Бірақ ол 9 маусымда өткен сайлауда жетпіс пайыздан астам дауыспен жеңіске жетті. Сайлаудан кейін біраз у-шулардың шыққаны рас. Бірақ бәрібір де бұл додада кімнің жеңетіні, қандай нәтижемен аяқталары алдын ала  белгілі еді. Өйткені сайлауға Тоқаевқа тегеурінді қарсылас болатынын ешкім түскен жоқ.       

Тоқаевтың президенттік дәуірі жақсы әлеуметтік басталамармен басталды. Бір миллионнан астам қазақстандықтың жалақысы орташа есеппен 30 пайызға өсті. Президент алдағы төрт жылда ұстаздардың жалақысын екі есеге көбейтуге уәде берді. Көпбалалы аналардың, тұрмысы төмен отбасылардың банктерден алған қарыздары кешірілді. Үкіметтің есебінше, қарызы кешірілетін қазақстандықтардың саны 500 мыңнан асты. Мемлекет олардың 300 мың теңге мөлшеріндегі қарызын өтеп берді. Бұдан бөлек Тоқаевтың бастамасымен 1 миллионнан аса қазақстандықтың айыппұлы мен өсімпұлы кешірілді. Шыны керек, мемлекет дәл осындай мырзалықты бұған дейін жасаған емес. Жаңа президенттің беделі әжептәуір көтерілді. 

Бұдан бөлек, президент шағын бизнеске де жеңілдік жасады. Бизнесмендерге салықтық жеңілдіктер берілді. Тоқаевтың бастамасымен елде Ұлттық сенім кеңесі құрылып, оның құрамында саясаткерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, заңгерлер, блогерлер енгізілді. Сондай-ақ, президенттің тапсырмасымен зорлау, педофилия, есірткі тарату, адам саудасы, әйелдерге қарсы тұрмыстық зорлық-зомбылық және басқа да ауыр қылмыстар үшін, әсіресе балаларға қарсы жасалған қылмыстар үшін жаза қатаңдайтын болды.

Осы бір жыл ішінде елде төтенше жағдайлар  орын алды. Маусымда Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында жарылыс болып, қаланың елу мыңнан астам халқы көшірілді. Төрт адам қаза тауып, мыңдаған үйлер бүлінді. Ақпанда Жамбыл облысы Қордай ауданында қазақтар мен дүнгендер арасындағы қақтығыс кезінде 11 адам қаза тапты. Наурызда Тоқаев коронавирусқа байланысты елде төтенше жағдай жарияланды. Осындай қиын-қыстау кезде Қасым-Жомарт Кемелұлының елді шашыратпай, жұдырықша жұмылдыра білгенін де атап өткен жөн. Дегенмен Тоқаевтың бір жылында да биліктің саясатына қарсы митингілер тоқтаған жоқ. 

  Жоғарыда айтқанымыздай, көпшілік әлі де болса Тоқаевтың тәуелсіз, ешкімнің ықпалында жоқ билеуші екендігіне сенбейді. Сенбеуге де негіз берілді. Н.Назарбаев президенттік тақтан кеткенімен, Қауіпсіздік кеңесінің, «Нұр Отан» партиясының төрағасы қызметтерін сақтап қалды. Шет елдерде өткен кейбір шараларға Елбасы барып, мемлекет басшыларының қатысуымен өткен шараларға қатысып жүрді. Қосбилік туралы әңгімелер осыдан кейін айтыла бастады. Алайда Президент Назарабаев пен Тоқаевтың айналасында жүргендер мұны жоққа шығарып келеді. Соңғы кездері Ақорда мен «кітапхана» арасындағы текетірес туралы да сөздер көп айтылады.  

Кейбір сарапшылар Ақорданың ресми сайтында жарияланған Тоқаевтың фотоларының мұқият өңделгенін айтып жүр. Фотошоптан өткен суреттерде Тоқаевтың әжімдері мен иектегі артық еті алып тасталған. Айналасындағылар Тоқаевтың бүгін суретін өңдесе, ертең нендей әрекеттерге баратынын кім білсін?! Бірақ қандай әрекетке барса да Тоқаевтың екінші Елбасы болуы мүмкін емес. Бұл әу бастан белгілі еді. 

Дариға Назарбаева: Стандарттан тыс, батыл шешімдер қажет
Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласы бекеттеріндегі әскерилер іске кірісуде
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу