ТЖ кезіндегі төлемдер: әлеуметтік жәрдемақы кімдерге беріледі?

Oinet.kz 25-03-2020 1278

Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев ТЖ режимін енгізуге байланысты әлеуметтік төлемдерді қалай алуға болатынын айтты, - деп хабарлайды Oinet.kz сайты Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.

photo_65188.jpeg

Абаевтың айтуынша, 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемге ТЖ режиміне байланысты жалақысы сақталмай еңбек демалысына жіберілген қызметкерлер үміткер бола алады.

«Бұл төлем тек орта, шағын және микро бизнес қызметкерлеріне беріледі. Сондай-ақ, төтенше жағдай енгізілген күнге дейін соңғы 12 ай ішінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына үш айдан кем емес уақыт аударымдардың жасалуы міндетті шарт», - деп түсіндірді Абаев.

Төлем тағайындалу үшін жұмыс берушілер жергілікті органдарға қызметкерінің ТЖ кезінде табыс көзінен айырылғанын растайтын құжаттарды алып келуі тиіс. 

«Қызметкерлердің тізімі және жалақы сақталмайтын демалыс беру туралы бұйрықтың құжаты керек. Өтінімдердің негізінде халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі аудандық штаб жұмыс берушіге әлеуметтік қолдау көрсету туралы шешім қабылдайды», - деді ақпарат министрі.

Ол сондай-ақ, қызметкерлерге арналған төлемдер еңбек демалысы уақытында ғана берілетінін айтты, бірақ ТЖ режимінен артық емес.

Абаев жұмыстан босап қалған қызметкерлерге қандай төлем берілетінін түсіндірді.

Олар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі мен соңғы екі жылдағы табысына байланысты бір айдан алты айға дейін төлемдер ала алады.

«Төлемдер мемлекеттік қор қаражаты есебінен жалақының 40 пайыз көлемінде жүзеге асырылады», - деп атап өтті Абаев.

Төлемді алу үшін жұмыстан шығып қалған қызметкер Халықты жұмыспен қамту орталығына баруы тиіс. Онда жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлемдерді алу үшін өтініш жазады. Ал адам жұмыссыз ретінде бұған дейін тіркелген болса, әлеуметтік төлемді тағайындауға өтінішті электрон үкімет порталы арқылы беруге болады.

Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарға төтенше жағдай кезінде жәрдемақы төленетінін мәлімдеген болатын. Алдын ала есептеулер бойынша, COVID-2019 пандемиясынан елдегі 500 мың адам, оның ішінде карантинге жабылған Алматы мен Нұр-Сұлтан тұрғындары қаржылық қиындықтарға тап болып отыр. Мұндай көмекке 1,5 миллион отандасымыз жүгіне алады.

Тоқаев: «Індет адамдардың жігері мұқалмайтын жерлерді айналып өтеді»
Қазақстанда ТЖ кезіндегі 42500 теңге жәрдемақы кімдерге төленеді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу