Тоқаев: «Індет адамдардың жігері мұқалмайтын жерлерді айналып өтеді»

Oinet.kz 25-03-2020 1065

Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық биотехнология орталығына барды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz порталына сілтеме берген Oinet.kz. 

photo_65185.jpeg

Қазіргі уақытта Қазақстанның биологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажеттігін және COVID-19 вирусының әртүрлі климаттық жағдайларға бейімделу қабілетін ескере отырып, Ұлттық биотехнология орталығы мен Биологиялық қауіпсіздік проблемалары жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина жасау бойынша бірлескен жұмыстарын бастап кетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев биолог ғалымдардың еңбегін жоғары бағалап, Қазақстан ғылымының құзыретін арттыру үшін отандық әзірлемелердің маңыздылығын атап өтті.

- "Шын мәнінде, бұл зертхана Қазақстан үшін бірегей саналады. Біз сіздердің ғылыми жұмыстарыңызға зор үміт артамыз. Қажетті көмек беріледі. Вирус пен оның таралуы биологиялық лабораториялардың, медициналық және санитарлық қызметтердің жұмыстарына мемлекеттің ерекше көңіл бөлуі тиіс екенін көрсетті", - деді Мемлекет басшысы.

Президент карантин талаптарын сақтау қажеттігі жайында айтты.

- "Мен азаматтарымызды карантин режимін сақтауға шақырамын. Бірақ, ешқандай дүрбелең туғызуға болмайды. Өйткені, індет ежелден оптимизм мен өмірге құштарлық салтанат құрған, адамдардың жігері мұқалмайтын жерлерді айналып өтеді. Сонымен қатар кімде-кім депрессияға түсіп, қайғыға салынатын болса, инфекция да соған үйір болады. Сондықтан бәріміз бірге болуымыз керек. Ал ауырғандарға келетін болсақ, оларды ешқандай да шеттетпейміз. Барлық қажетті емдеу шаралары жүргізіледі. Біз оларға да, карантинде жатқан азаматтарға да қамқорлық жасаймыз", - деді Мемлекет басшысы.

Президент Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында ауқымды іс-қимылдар жоспары жарияланғанын атап өтті. Ол бойынша халыққа, оның ішінде, бизнес өкілдеріне қаржылай көмек беріледі.

- "Салықтық жеңілдіктер мен кредит жүктемелерін төмендету шараларын есептемегенде, дағдарысқа қарсы жұмсалатын қаржының жалпы көлемі 10 миллиард доллардан асады. Бұл - бұрын-соңды болмаған сома. Біздің алдымызда қазір осы қаражатты өте тиімді жұмсау міндеті тұр. Біз осы бағыт бойынша жұмыс істейміз. Жағдай бақылауда, азаматтар мемлекеттің қамқорлығын сезінуде. Бұл - біздің жұмысымыздың негізгі басымдығы", - деп қорытындылады Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орталық жұмысымен танысу барысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов, Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов, сондай-ақ, Ұлттық биотехнология орталығының бас директоры Ерлан Раманқұлов баяндама жасады.

Бұған дейін отандық ғылыми ұйымдар қысқа мерзім ішінде құс тұмауы мен доңыз тұмауына, нодулярлы дерматитке және бруцеллезге қарсы вакциналар әзірлеген болатын. Жалпы вакцинаның 28 түрі жасалып және диагностикалық тест жүйесінің технологиялары әзірленді. Мұның кейбірі шетелдерге шығарылады.

Қазақстан 2 емделуші коронавирустан жазылып шықты
ТЖ кезіндегі төлемдер: әлеуметтік жәрдемақы кімдерге беріледі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу