Ел басына күн туса...

Oinet.kz 29-04-2020 960

Коронавирус індетімен күресті тиімді түрде жүргізу мақсатында  елдегі қосымша ресурстар  барынша қолданыла бастады.   Осы бағытта қолға алынған  қадамдардың бірі  - төтенше жағдайға байланысты  карантин режимінде қоғамдық тәртіпті сақтау және  залалсыздандыру жұмыстарына әскери міндеттілерді тарту. Мемлекет басшысы, Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің барлық аймақтарында әскери міндеттілер аумақтық әскер жасақтау үшін арнаулы жиындарға шақырылды. 

Қазіргі таңда Түркістан облысы бойынша төтенше жағдай кезеңінде еліне қол ұшын созып, тер төгуге белін бекем буған 230 әскери міндеттілер шақырылды. Олардың ішінде 50 сарбаз Түркістан қаласында қызмет атқарса, қалған аудандардың әрқайсысында 12 әскери міндетті жұмылдырылған.  Әскери-еріктілермен арнайы кездескен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев   олардың жұмысына сәттілік тілеп,  қиын-қыстау кезеңде халықпен бірге болуға шақырды.  

Screenshot_9.jpg

Облыстық қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің басшысы, подполковник Нұрмаханбет Дюсебаевтың айтуынша, барлығы 309 азаматтың арасында іріктеу жүргізілген. Атап өткен жөн, әскери жасақ қатарына ең үздіктер таңдалған.  Олардың міндеттеріне елді мекендердің аумақтарын патрульдеу, өткізу-бақылау бекеттерінде қызмет атқару,   дезинфекция жұмыстарын жүргізу және инфекция ошақтары анықталған нысандарды күзету кіреді.  Сынақтан сүрінбей өткен запастағы сарбаздар төтенше жағдай уақыты аяқталғанға дейін әскер қатарында болады. 

- Әскери жиынға шақырылған барлық азаматтар арнайы медициналық комиссияның сараптамасынан өтті, - дейді Нұрмаханбет Бексейітұлы. - Солардың ішінде 90-нан астам адам өз еркімен елге қызмет етуге бел буғандар. Осындай күрделі кезеңде Отан алдындағы парызы деп қабылдап, қолынан келгенше жәрдем беруге ниет білдіргендердің 95 пайызы – 25-35 жас аралығындағы азаматтар.  Айта кетерлігі, әскери жиынға шақырылғандардың арасында лауазымды тұлғалар да бар. Мәселен, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Сәкен Қалқаманов, Түркістан қаласы әкімінің аппарат  басышысы Мұхтар Наушабай, сондай-ақ Бәйдібек, Түлкібас аудан әкімінің орынбасарлары  өз  еркімен қызмет етуге әзірліктерін танытты.  Бұл өзгелерге үлгі боларлықтай қадамдар екені сөзсіз.

Әскери міндеттілер барлық қажетті құрал-жабдықтармен, киім-кешекпен толық қамтылған. Заңға сәйкес, әскери міндеттілердің  жұмыс орындары мен орташа жалақысы сақталады. 

Әскери міндеттілердің қызметі жайлы қазірдің өзінде жылы лебіздер айтылып жүр. Олар тек өз міндеттерін атқарумен шектелмей, қажет болған жағдайда құқтару жұмыстарына да атсалысуда. Мәселен, жуырда Түркістан қаласының «Отырар» ықшамауданындағы көппәтерлі тұрғын үйлердің бірінен өрт шығып, патрульдік қызметтегілер, атап айтқанда    ефрейтор Шахрух Журабеков, қатардағы жауынгер Мақсат Жұманазаров және Түркістан қалалық полиция басқармасының жергілікті полиция қызметкері, учаскелік полиция инспекторы Әділбек Мархабай үш адамның өмірін сақтап қалды.  Көпқабатты аулаларды аралап жүрген патруль қызметкерлері көмекке шақырған дауысты естиді. Шұғыл оқиға орнына жеткен әскерилер өртеніп жатқан үйден егде жастағы екі қария мен оның қызын құтқарған. Жедел-жәрдем шақырып, зардап шеккендерге медициналық қызмет көрсетуге атсалысқан. Абырой болғанда, үй иелері зардап шекпеген. Белгілі болғандай, өрт газдағы қатты қызған майдан шыққан.

Әскери міндетін өтеуге өз еркімен өтініш білдірген  Мақсат Жұманазаровпен  байланысқанымызда, ол 21 сәурден бері күнделікті Түркістан қаласының көшелері мен тұрғын үйлер аулаларындағы   карантин режимінің сақталуын бақылауға атсалысып жүргенін айтты.  

- Өзім әскери борышымды  2013 жылы Петропавл қаласындағы 6637 әскери бөлімінде өтегенмін. Сол кезде қабылдаған әскери антқа адалдық танытып, төтенше жағдай кезеңінде еліме қызмет етуді ұйғардым.  Негізгі жұмыс орным – Қызылорда облысында орналасқан Құмкөл мұнай кеніші.  Вахталық әдіспен 15 күн жұмыс істеп, 15 күн демаламын. Әскери міндетті өтеу кезеңінде жұмыс орным сақталатын болды. Коронавирус індетін жұқтырып алу мүмкіндігіне қатысты өзімде аса қорқыныш жоқ. Барлық қажетті қорғаныс құралдарымен жабдықталғанбыз. Әрине, карантинге байланысты қоғамдық тәртіпті сақтаудың маңызы зор. Өкінішке қарай, кейбір азаматтар осыны түсінбей, режимді бұзып жатады. Оларға түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, тәртіп сақтауға шақырамыз, - дейді әскери міндетті М.Жұманазаров.   

Төтенше жағдайларға сәйкес арнайы әскери жиынға шақырылғандардың қызметі екі аптадан үш айға дейін созылуы мүмкін. Карантин созылған жағдайда қосымша әскери міндеттілердің  шақырылуы да ықтимал. 

Әскери жиынға шақырылғандардың қызметін Отан алдындағы борышын өтеу, елін қорғау ретінде қабылдауға толық негіз бар. 

- Әскери  борышын өтеген ер азамат  әскери ант қабылдайды. Бұл жай ғана сөздер емес,  адамға үміт пен рух сыйлайтын, жүрек тебірентерлік серт.  Отанына, халқына, мемлекет басшысына және өзінің  әскери борышына  ақтық демі қалғанша адалдық танытатынына ант еткен жауынгер қандай жағдай болмасын, туған еліне қол ұшын созуға міндетті болады.  Әскери антта «өзіме жүктелген міндеттерді, әскери жарғыларды және командирлер мен бастықтардың бұйрықтарын бұлжытпай орындауға, әскери қызметтің ауыртпалықтары мен қиыншылықтарын табандылықпен көтеруге ант етемін» деген сөздер бар. Яғни, қандай жағдай болмасын, түрлі қиындықтарға қарамастан әскери міндетін атқару – жауынгер үшін парыз. Бұл біреуді қинап, мәжбүрлеуден емес, шын жүректен шыққан патриоттық  сезімнің  көрінісі, - деп пікірімен бөлісті Нұрмаханбет Дюсебаев.  

Халқымызда бабалардан келе жатқан «Ел басына күн туса, ер етікпен су кешер» деген даналық сөз бар.   Коронавирус індеті де – еліміз үшін айтарлықтай сынақ екені даусыз. Жер жаһанды жайлаған «Covid-19» панде¬миясын сарапшылардың   үшінші дүниежүзілік соғысқа теліп жатуы да бекер емес.  Қауіпті инфекция адам өміріне де, ұлттық экономикаға тікелей қатер туғызып отыр.   Сондықтан, әскери міндеттілердің көмегі   елдегі коронавирус індетінің таралуына тосқауыл жасауға сүбелі үлес қосатыны анық.

Енді Сауд Арабиясында қамшымен сабамайтын болды ​
Түркістандық дәрігерлер 1 айлық нәрестені аман алып қалды
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу