«Коронавирус кезінде әр адамға 1200 доллардан аударды» - АҚШ-тағы қазақ студенті

Oinet.kz 12-05-2020 1160

Еркебұлан Қырықбай есімді АҚШ-та білім алып жүрген қазақ азаматы коронавирус жағдайындағы АҚШ-тағы тіршілікті жеткізді, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі. 

image.png

Еркебұланның айтуынша, АҚШ-тағы көрсеткіштер шынымен де үрей тудырады. Өйткені, коронавирус жұқтырғандар саны аталған елде бір миллионнан асқан.

- "Мен Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында дүниеге келдім. Бүгінде АҚШ-тың Иллионойс штатындағы Чикаго қаласында магистрлік білім алудамын. Мұнда келгендегі басты мақсатым – шетелде білімімді жетілдіріп, тәжірибе жинақтау. Әрине, әлемді дүр сілкіндірген пандемия АҚШ-ты да айналып өткен жоқ. Америкада вирус жұқтырғандар саны 1 миллионнан асып кеткені үрей тудырады. Ал мен тұратын штаттағы вирус жұқтырғандар саны 70 мыңнан асады. Жергілікті халық барынша сақтық шараларын қолданып жатыр. Қоғамдық орындар жабылды, адамдар үйден жұмыс істеуде. Қазақстаннан айырмашылығы – адамдардың сыртқа шығуына шектеу қойылған жоқ. Тамақ алатын супермаркеттерге адам санын шектеп кіргізуде, ал кафе мен мейрамханалардан тамақты өзіңмен алып кете аласың", – дейді Еркебұлан. 

АҚШ-та 5 аптаның ішінде вирус салдарынан 26 миллион адам жұмыссыз қалған. Мұндай қиын кезеңде мемлекет өз азаматтарына мейілінше қамқорлық танытып жатыр. 

- "Мен осы елде заңды түрде жүрген тұлға болғандықтан, АҚШ тарапынан берілетін көмек маған да түсті. АҚШ мемлекеті вирус кезіндегі қолайсыздықтар үшін 1200 доллар аударды. Одан бөлек, жылжымайтын мүлік иелері пәтер жалдап тұрушыларға 30-50 пайыз көлемінде жеңілдік беруде. Әрине, Қазақстан мен АҚШ-ты салыстыру қисынға келмейді. Американың экономикасы әлдеқайда алға озып кеткен. Әлемдегі дамыған мемлекет болғасын, жасалатын іс-шараларының сапалы әрі ауқымды болуы заңды да. Мәселен, мен 1200 доллар алу үшін біздің елдегі секілді өтініш тапсырып, 2500 теңге көлемінде бірыңғай төлем жасаған жоқпын. Қысқартып айтар болсам, мен ақша алу үшін ештеңе істегем жоқ, мемлекет өзі ақша жіберетінін хабарлап, уәде етілген күні есепшотыма ақша түсті", – дейді ол. 

Еркебұланның айтуынша, Қазақстанның індет кезіндегі ең сәтті қадамының бірі – елді толық оқшаулағаны. 

- "Елді тұтастай оқшаулап, карантин және төтенше жағдай режимін орнатқаны өте дұрыс қадам. Себебі, изоляцияның арқасында Қазақстандағы вирус жұқтырғандар саны салыстырмалы түрде аз болды. Ал АҚШ-та толық шектеу қойылмағандықтан, тұрғындар барынша сақтық шараларын қолданады. Ара-қашықтық сақтап, байланысқа бармай, маска киіп жүреді", – дейді ол. 

22 жасар қыз әкімнің кеңесшісі қызметіне тағайындалды
Қостанайда ер адамнан зорлық көрген қыз айыппұл төлейді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу