Шенеуніктер Арысқа бөлінген қаржыны жеп қойған

Oinet.kz 08-08-2020 1074

OINET.KZ хабарлайды - Былтыр 24 маусымда Арыс қаласындағы оқ-дәрі қоймасында болған жарылыстан көптеген үйлердің, әлеуметтік, кәсіпкерлік нысандардың бүлінгені белгілі. Осы апаттың салдарын жою, қалпына келтіру жұмыстарына республиканың барлық облыстары қол ұшын созды. Арыс 17 аймаққа бөлініп, әр аймақ бір-бір өңірге тапсырылды.  50 мыңнан астам халқы бар қаладағы нысандар қысқа уақытта қалпына келтірілді. Алайда шенеуніктердің осы мақсатқа бөлінген бюджеттің, қайырымдылық қорларының қаржысын талан-таражға салғаны бұған дейін де айтылған. Биыл наурызда Арысқа жиналған қаржыны алаяқтықпен талан-таражға салды деген күдікпен Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақовтың үстінен қылмыстық іс қозғалып, үйқамаққа алынғаны белгілі болған. Артынша әкім қызметінен босатылған еді.  

Screenshot_2.jpg

Енді міне, бүгін Батыс Қазақстан облыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің  облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының үстінен  бюджет қаржысын аса ірі көлемде талан-таражға салды деген дерек  бойынша тергеу амалдарын жүргізуді бастағаны жария болды.  Алдын ала белгілі болған мәліметтерге қарағанда, күдікті 2019 жылдың тамыз бен желтоқсан айлары аралығында мердігерлермен өзара сыбайласып, Арыстағы төтенше жағдайдан зардап шеккен 46 тұрғын үйді  ағымдағы жөндеуден өткізуге бөлінген 50 миллион теңгеден астам қаражатты талан-таражға салған көрінеді. 

Ал жоғарыда айтқанымыздай,  Арыс қаласын қалпына келтіру  кезінде қайырымдылық қорына жиналған 80 миллион теңге көлеміндегі қаржыны сыбайластарымен жымқырған деген айып тағылған Қызылорда облысының бұрынғы әкімі Қуанышбек Ысқақовқа қатысты тергеу амалдары аяқталды. Осы аптада қылмыстық істің сотқа өткені белгілі болды. 

-Жемқорлыққа қарсы қызмет Қызылорда облысының бұрынғы әкіміне және облыстық әкімдіктің өзге де лауазымды  тұлғаларына қатысты сотқа дейінгі тергеуді жүргізді. Қазіргі уақытта қылмыстық істі тергеу аяқталды. Іс Қызылорда облыстық №2 сотына берілді,-деп хабарлады  Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 1-ші департаментінің аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі Данияр Бигайдаров. 

Түркістан облысында басқарма басшысы 7 жылға сотталды
​Қарағанды әкімі неліктен қымбат сағатын тікелей эфир барысында шешіп қойғанын айтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу