Шымкентте өтіп жатқан азия чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы бір алтынға қол жеткізді

Oinet.kz 17-09-2021

Шымкентте ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында нысана көздеуден Азия біріншілігі өтіп жатыр. Ересектер мен жасөспірімдер арасындағы құрлық додасының алғашқы жарыс күнінде Қазақстан командасы бір алтын, бір күміс жүлде жеңіп алған болатын. Бүгін Азия чемпионатында қазақстандық мергендер тағы да жеңіс тұғырынан көрінді.

image.png

«Shymkent Shooting Plaza» атыс кешеніндегі мергендер жарысының ашылу салтанатына қала әкімі Мұрат Әйтенов, Спорттық атудан Азия конфедерациясының Президенті Шейх Салман Аль-Сабах, Спорттық атудан Азия конфедерациясының Бас хатшысы - Дуайч Алотайби, Қазақстандық спорттық ату федерациясының президенті Берік Асылов пен спортшылар қатысты.

Салтанатты шарада сөз алған шаһар басшысы Мұрат Дүйсенбекұлы жарысқа арнайы келген қонақтарға алғыс айтып, мергендерге сәттілік тіледі.

– Бұл чемпионатты қаламызда алғаш рет өткізіп жатырмыз. Мегаполисте бүгінде халықаралық спорттық жарыстар ұйымдастыруға көптеген мүмкіндік қарастырылған. Жарысқа арнайы келген қонақтарды және спортшыларды Азия біріншілігінің ресми ашылуымен құттықтаймын, - деді қала әкімі.

Азия чемпионатына 11 мемлекеттен спортшылар қатысуда. Атап айтар болсақ, Шымкент төрінде Бахрейн, Индонезия, Қырғызстан, Сауд Арабиясы, Кувейт, Пәкістан, Катар, Таиланд, БАӘ, Өзбекстаннан, жалпы 120-дан астам спортшы бақ сынауда.

Жарыстың алғашқы күніндегі нәтиже бойынша ересектер арасында 10 метрге пневматикалық тапаншамен ату жаттығуында отандасымыз Эльдар Иманқұлов жеңіске жетті. Оның еншісінде – 235.1 ұпай. Екінші орында Сауд Арабиясының өкілі Софар Мохаммад Алдосари, үшінші орында таиландтық Ноппадон Сутвирух. Жастар арасында тапаншамен 10 метрге нысана көздеуден тағы бір қазақстандық Ярослав Махнев күміс жүлдеге ие болды. Бұл бәсекеде алтын жүлдені өзбекстандық Умидбек Камалбеков, қоланы тағы бір өзбек мергені Мұхаммад Камалов еншіледі. Ал жасөспірімдер арасында өзбекстандық Илхомбек Обиджонов жеңімпаз атанды. Қорытындысында Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс жүлде иеленді.

Ал бүгін ересектер арасында 10 метрге пневматикалық винтовкамен көздеуде Ислам Усейнов Азия чемпионы атанды. Ол 632,7 ұпаймен ел рекордын жаңартты. Екінші орынды Таиланд, үшінші орынды Бахрейн спортшылары еншіледі.

Ал жасөспірімдер арасында 10 метрге пневматикалық винтовкамен көздеуден үш жүлделі орынды отандық спортшылар еншіледі. Никита Шахторин - алтын, Руслан Загитов - күміс, Матвей Тимофеев - қола жүлдегер атанды. 

 Азия чемпионаты спорт объектісіндегі барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілуде.

Айта кетелік, нысана көздеуден Азия чемпионаты осымен 14-ші рет ұйымдастырылып отыр. Құрлық додасы 20 қыркүйекке дейін жалғасады.

Музыка уақыт рухын бейнелейді
«Менің балам 20 күн болды әлі жоқ» - Бауыржан Дәуітбаевтың әкесі (видео)


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×