Түркістан: Биыл 259 әлеуметтік нысан бейімдеуден өтіп жатыр

Oinet.kz 17-09-2021

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысы өтті. Жиынды «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев жүргізіп отырды. Күн тәртібінде партияның Жол картасында көрсетілген міндеттердің орындалу барысы талқыланды. 

image.png

Алдымен өңірдегі әлеуметтік нысандарды мүмкіндігі шектеулі жандардың кіріп-шығуына бейімдеу мәселесі сөз болды. Бұл жөнінде Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашов баяндама жасады. Оның айтуынша, Түркістан облысында 96,8 мың мүгедектігі бар азамат тұрады. Олардың арасындағы қоларба таңылған және көзі көрмейтін 39 мың тұрғынның әлеуметтік нысандарға еркін кіруіне жағдай жасалуы тиіс. 

«Түркістан облысында 2012-2020 жылдары аралығында 3428 әлеуметтік инфрақұрылымдық нысан паспорттаудан өткізіліп, олардың 84,3 пайызына немесе 2891 (оның 1847 мемлекеттік, 1044 жеке нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі анықталған болатын. Өкінішке қарай, объектілерде қолжетімділік шаралары көпшілігінде пандустармен ғана шектелген. Бейімделудің төмен деңгейінің негізгі себептерінің бірі – бюджет қаражатының жеткіліксіздігі», – деген Н.Нұрашов Жетісай, Сайрам, Түлкібас аудандарында бөлінген қаржы тек пандусты реттеуге ғана жететінін айтты. Сонымен бірге ол «Қолжетімді орта порталы» республикалық картасына өңірдегі 3428 нысанның  216-сі әлі енгізілмегенін, атап айтсақ, Түркістан (13) қаласы мен Ордабасы (128), Түлкібас (21), Қазығұрт (15), Мақтаарал (11), Сайрамға (21), Сарыағаш (7) аудандарында бұл істе кемшілік бар екенін жеткізді. 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы жанындағы Жұмыспен қамтуды және халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау жөніндегі қоғамдық кеңес төрайымы Гүлбахира Тәжібаева бұл жұмысты жандандыру үшін қоғамдық кеңес мүшелері аудан, қалаларға тексеру және түсіндіру жұмыстарымен іссапарға шығатынын атап өтті. Ал кеңес мүшесі Бақытжан Әшірбаев аудан басшылары мен жауапты бөлім жетекшілеріне нақты мерзім мен қатаң талап қойып, нысандарды бейімдеу ісін жеделдету жөнінде ұсынысын ортаға салды. 

Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір» сайлауалды бағдарламасының Жол картасы  аясында 2021-2025 жылдары өңірдегі 1294 нысанға бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланған. Ал  2021 жылы 259 нысан бейімделуі тиіс. Нысандар тек пандустармен шектелмей, халықаралық талапқа сай әрі тірек-қимыл аппараты, көру, есту қабілеті бұзылған және қоларбамен жүріп-тұратын азаматтар үшін, бейімделген лифтілермен, санитарлық тораптармен, зағиптар үшін бағыттаушы белгілермен қамтамасыз етілуі қажет. Бұл жұмыстар партияның бақылауныда болады. 

Күн тәртібіндегі екінші мәселе «Еңбек» бағдарламасының орындалуы да кеңінен талқыланды. Түркістан облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Нұржан Нұрашовтың айтуынша, биыл жыл басынан бері «Еңбек» бағдарламасы арқылы солтүстік өңірлерге 412 отбасы құрамында 1792 адам қоныс аударған. 

- «Бүгінгі таңға дейін қоныс аударғандардың басым бөлігі тұрғын үймен, жұмысқа қабілетті отбасы мүшелері жұмыспен қамтылған. Өз кәсібін ашамын деушілерге егін, мал шаруашылығымен шұғылдануға жер телімдері ұсынылған», – дейді ол. 

«Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, фракция жетекшісі Бейсен Тәжібаев нысандарды бейімдеуден өткізу маңызды екенін, Жол картасын уақтылы орындауға фракция мен кеңес мүшелері тарапынан қолдау болатынын айтты. Партияның «Кедергісіз келешек» жобасы талапқа сай орындалғаны жөн. Сондай-ақ ол көші-қон мәселесінде түсіндіру, ақпараттық жұмыстар әлі де өз деңгейінде емес екеніне тоқталды. 

- «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Еңбек» бағдарламасына ерекше мән беріп, мемлекеттік қолдауды күшейтуді тапсырды. «Nur Otan» партиясы Түркістан облыстық филиалы мен облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы бірлесіп, түсіндіру жұмыстарын атқарып жатыр. 13-17 қыркүйек аралығында Павлодар облысынан келген делегация Түркістан өңірінің барлық аудан, қаласын аралап шықты. Партия филиалдары мен жұмыспен қамту орталықтары «Ашық есік күндерін» өткізуде. Дегенмен бұл жұмысты әлі де жүйелеп, көшем деуші азаматтарға қолдауды күшейткен жөн. Барлық аудан, қала әкімдіктері бұл мәселеге мән беріп, жауапкершілікпен қараса ғана іс алға басады», – деді Б.Дәулетұлы.

Түркістан: Президент жолдауына облыс ардагерлері қолдау білдірді
Бекболат Тілеухан журналисті не үшін қарғап тастағанын түсіндірді


Сәйкес тақырыптар
Көтерілу
×