Ақтөбеде кішкентай қызды құтқарам деп мерт болған спортшының отбасы көмек сұрайды

Oinet.kz 26-06-2025 860

Құдыққа құлаған 9 жасар қызды құтқару кезінде қаза тапқан жаттықтырушы Нұрбол Бердіғалиевтің артында әйелі мен алты баласы және ипотекадағы үйі қалды. Көпбалалы ана енді балаларының болашағына алаңдайды, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі Sportburo.kz-ке сілтеме жасап.

Screenshot_1.jpg

Ақтөбе облысында құдыққа құлап кеткен көрші қызды құтқарамын деп қаза тапқан Нұрбол Бердіғалиевтің жұбайы Ақбаян Бақтыбай күйеуі туралы естеліктерін бөлісті.

32 жастағы Ақбаян Бақтыбай күйеуімен 12 жыл некеде болған. Ерлі-зайыптының 11 және 10 жастағы екі ұл, 7, 6 және 3 жастағы қыз бен бес айлық сәбиі бар.

“Еркектік қасиеті, сабырлы мінезі, қамқорлығы  ұнады. Нұрбол өте тәртіпті, еңбекқор адам болатын. Ол үйден ерте шығып, кеш қайтатын, өзін толығымен жұмысқа арнады. Біраз демалу үшін үйге түскі асқа келеді, сосын жаттығуға кетеді. Сонымен бірге ол тамаша әке, ол балаларын қатты жақсы көрді. Оларға көңіл бөліп, қамқорлық танытып лайықты тәрбие беруге тырысты”, – деді жұбайы.

Сөзінше, марқұм жұмысын жан-тәнімен сүйетін.

“Шәкірттерінің бірі байқауда жеңіске жетсе, бірден демеушілер іздеп, қаржылай қолдау көрсетуге тырысатын. Жай жаттықтырушы емес, нағыз тәлімгер, тірек бола білді. Мен кейде шәкірттеріне тым көп уақыт бөлетінін айтатынмын, ал ол "Олардың жеңістері – менің жемісім" деп жауап беретін. Нұрбол қолынан келгеннің бәрін балалары мен шәкірттеріне беріп, кейде өзін ұмытып кететін”, – деді Ақбаян Бақтыбай.

Әріптестері мен жолдастары да оны қатты сыйлады дейді.

“Болашаққа үлкен жоспарларымыз бар еді. Менің сүйікті ісіммен айналысып, фастфуд пісіріп, оны сататынмын. Сол үшін ол өз қолымен асхана салып берді. Кішкентай балам болғасын ол бизнесім қазір тоқтап тұр. Ол мені үнемі қолдап отыратын”, – деді ол. 

Қазір отбасы айына 94 000 теңге мемлекеттік жәрдемақы алады, басқа табыс көздері жоқ. Онымен қоса отбасының ипотека төленіп бітпеген.

“Біз үйді 2019 жылдың қыркүйегінде мемлекеттік бағдарлама бойынша сатып алдық. Ол кезде оның құны шамамен 2,5 миллион теңге еді. Күйеуім соңғы айға дейін барлық төлемді жасады, мен бұл туралы тіпті ойламадым. Енді алты баламен жалғыз қалдым, ары қарай не боларын білмеймін. Үй әлі күнге дейін мемлекет меншігінде. Алдағы уақытта отбасымызға қайта тіркеледі деп сенемін”, – деді Бердіғалиевтің жұбайы.

Еске салсақ, Ақтөбе облысында 9 жасар бала мен оны құтқармақ болған 38 жастағы спортшы құдыққа құлап, мерт болғаны айтылды.

«Мына жерді сыпыр!»: Көше тазалаушыны жылатқан блогер қамауға алынды
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу