Қазақстандық қыз шетелде жұмыс істеймін деп құлдыққа түсіп қала жаздады
Қазақстанның Ішкі істер министрлігінің Интерполы шетелге жұмысқа барған отандасымызды еңбек құлдығынан құтқарып қалды, деп хабарлайды Оinet.kz тілшісі Рolisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазақстандық қыз Камбоджа Корольдігіне қонақүй әкімшісі болып жұмысқа орналасу үшін ұшып барған. Алайда шет елге барғаннан кейін бұл ұсыныстың артында басқа нәрсе тұрғанын білген. Оны шетелдіктер еңбек құлдығына салмақ болған.
“Қазақстан ішкі істер министрлігінің Интерполы Камбоджадағы Интерполдың Ұлттық орталық бюросына және Интерпол бас хатшылығының адам саудасына қарсы күрес тобына ресми сұраныстар жолдады. Шетелдік әріптестермен үйлесімді әрекет пен жедел байланыс нәтижесінде қыз дер кезінде құтқарылып, аман-есен елге оралды”, – делінген хабарламада.
Қазір қазақстандықты шетелге жұмысқа орналасуды ұсынып, алдап, заңсыз еңбекке тартуға әрекеттенген адамдарды анықтап жатыр. Олар заңда белгіленген тәртіппен жауапкершілікке тартылады.