«Анасы видеоға түсіріп тұрған»: Шымкент зообағында келушілер жануарларға қауіп төндірген
Шымкент зообағында жануарларға қатысты жағымсыз жағдай орын алып, қоғамның наразылығын күшейтті. Келушілердің бірі қауіпсіздік талаптарын өрескел бұзып, кішкентай баласын қояндар орналасқан вольердің ішіне кіргізген, деп хабарлайды Oinet.kz тілшісі.

Зообақта жануарларға дұрыс қарамау дерегі тіркелді. Аталған жағдайда қояндар зардап шеккен. Ескерту белгілеріне қарамастан, қоршаудан өтуге және әсіресе ашық вольерге кіруге болмайтынына мән бермеген келуші өз баласын ішке жіберген.
Вольерге кірген бала жүгіріп жүріп, үркіп тұрған қояндарды қуалап, ұстап әбігерге салған. Ал оның анасы бұл көріністі тоқтатудың орнына, телефонға түсіріп тұрған.
Бұл әрекет ана мен балаға көңіл көтеру болып көрінгенімен, жануарларға айтарлықтай стресс әкелген. Оқиғаға зообақтың күзет қызметі араласып, жағдайды бақылауға алған.
Кейін анасы мен баласына зообақтағы тәртіп ережелері түсіндіріліп, жануарларды мазалауға, оларды үркітуге және вольерге кіруге қатаң тыйым салынатыны ескертілді. Сонымен бірге мұндай әрекеттердің балалардың өзіне де қауіп төндіретіні айтылды.
Айта кету керек, бұған дейін де осындай оқиғалар болған. Мәселен, өткен жылдың мамыр айында 17 жастағы жасөспірім түйеқұстардың вольеріне кіріп, құстарды қуалап, бірін теуіп жіберген. Нәтижесінде әкімшілік іс қозғалып, ата-анасына айыппұл салынған.


