Ленгірдегі есептік кездесу: өзекті мәселелер ашық талқыланды

Oinet.kz 24-04-2026

Screenshot_1.jpg

Ғалымжан Елшібайдың «AMANAT»  партиясынан сайланған Түркістан облыстық мәслихатының  депутаты ретінде Төле би ауданының  халқы алдындағы есептік кездесуі - Ленгір қаласындағы Шоқан Уәлиханов атындағы №2 мектепте өтті. Депутат әуелі ағымдағы жөндеуді қажет ететін білім ошағын аралап шығып, қандай өзекті мәселелер туындап тұрғанын көзбен көріп, көкейге түйді. Аудан орталығының тұрғындары, мектеп ұжымы келген есептік кездесуде Ленгір қаласының әкімі Мақсат Жұмабаевтың, аудандық білім бөлімінің басшысы Шұға Нұрабаеваның қатысуымен шиеленіскен мәселелерді қалай оңынан шешу керегін талқыға салды.

Депутат өз сөзінде «АМАNАТ» партиясының сайлауалды бағдарламасы аясында түзілген «Жол картасының» өңірде орындалу барысына тоқталып өтті. Ол «АМАNAT» партиясының, oблыстық мәслихаттың тікелей араласуымен шешімін тауып келе жатқан мәселелерді қамтып, партияның сайлауалды бағдарламасы аясында атқарылған шаруалар жайлы мәлімет берді. Төле би ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуында айтарлықтай ілгерілеушіліктер бар. Айталық, Түркістан облысында табиғи газбен қамту мәселесі 100 пайыз шешілген бірден-бір аймақ – Төле би ауданы. Сол секілді ауылды жерлердегі ауыз су, жол, интернет байланыс мәселелері де рет ретімен өз шешімін тауып келеді.

«AMANAT» партиясының басты мақсаты – халықтың мүддесін қорғап, тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту. Бұл ретте Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың елдегі тұрғын үй қорын басқару жүйесін түбегейлі реформалау жөніндегі тапсырмасы айрықша маңызға ие болмақ. Осы орайда республика көлемінде «TURǴYNDAR AMANATY» пилоттық жобасы қолға алынды. Жобаның негізгі мақсаты  көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесінде ашықтық пен есептілікті қамтамасыз ету, тұрғындардың басқару процестеріне қатысуын арттыру және өмір сүруге қолайлы орта қалыптастыру.

100-ге жуық көпқабатты тұрғын үйі бар Ленгір қаласы үшін бұл жобаның  берері мол екені сөзсіз. «TURGYNDAR AMANATY»  көппәтерлі тұрғын үйлерге қатысты қордаланған мәселелердің оң шешімін табуға бағытталмақ. Жоба аясында МИБ және ПИК төрағаларын оқыту, депутаттармен кері байланысты күшейту, әкімдіктермен бірлескен жұмысты жолға қою, аулаларды абаттандыру және «Халық қатысатын бюджет» тетігін кеңінен пайдалану көзделіп отыр. Бұл жайында жуырда Түркістан қаласында өткен семинар-форумда айтылған болатын.

Есеп беру жиынына келген тұрғындар көкейінде жүрген сауалдарын жолдады. Мәселен,  Мұратбек Байболов есімді азамат «Шаңырақ»  шағын ауданындағы инфрақұрылымның сын көтермей тұрғанын тілге тиек етті.  Мәселенің түп төркініне үңілсек тиісті инфрақұрылым жүргізілмесе де, кезінде «Алатау» және «Шаңырақ» шағын аудандарында 700-ге жуық жер телімі беріліп кеткен. Үш жыл бұрын «Алатау» шағын ауданындағы инфрақұрылым мәселесін шешу үшін  бюджеттен 5  млрд теңгеге жуық қаржы қарастырылып, оның басым бөлігі қазіргі таңда игерілді.

Ал «Шаңырақ»  шағын ауданындағы жол, ауыз су мәселелерін шешуге шамамен 680 млн теңге қажет екен. Қазіргі таңда мұнда 90-ға жуық жеке тұрғын үйлер салынып қойған. Облыстық бюджеттен тиісті қаржы бөлінген жағдайда «Шаңырақ» шағын ауданындағы жол, жүргіншілер жолын төсеу, жарық бағаналары мен суағарларды орнату секілді мәселелер толық шешімін таппақ.

Жиында білім беру сапасын арттыру, қолайлы әрі қауіпсіз білім беру ортасын қалыптастыру мәселелері де  талқыға түсті. Білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын дамыту мен сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар әрдайым басты назарда болмақ.  Аудандық  білім бөлімінің басшысы Ш.Нұрабаева жөндеу жұмыстарын қажет етіп тұрған бірқатар білім ошақтары барын атап өтті.  Алдағы уақытта бұл мәселелерді шешу бағытындағы нақты жұмыстар жүзеге асады.

ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАРЫ МЕН ЖЕҢІС АРДАГЕРЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ
Айдарға кіру
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу