Цифрлық тілдік егемендікті қорғау жолындағы маңызды қадам

Түркі елдерінің ортақ цифрлық экожүйесін құруда Қазақстан аймақтық көшбасшы ретінде өзінің «Digital Kazakhstan» тәжірибесін ұсына алады. Мемлекеттік қызметтер, қаржы секторы және халыққа цифрлық қызмет көрсету саласында біз аймақтағы өзге мемлекеттерден озықпыз.
Бүгінгі саммитте 5 елге ортақ тілдік модельдерді кәдеге жарату, түркінің табиғатына бейімделген ортақ жасанды интеллект базасын құру мәселесі талқыланбақ.
Бұл - цифрлық тілдік егемендікті қорғау жолындағы маңызды қадам.
Бірегей база құрылған жағдайда Google немесе ChatGPT секілді алпауыттарға тәуелділік белгілі бір деңгейде азаяды.
Нәтижесінде технологиялық алшақтық жойылып, мәдени-лингвистикалық кодымыз цифрлық әлемде сақталады.
Саммиттің күн тәртібі тек цифрландырумен шектелмейді. Геосаяси ахуал құбылған шақта Қытай мен Еуропаны жалғайтын Транскаспий халықаралық көлік бағыты (Орта дәліз) Қазақстанның басты көзіріне айналды.
Жұмадағы жүздесуде осы жаһандық логистикалық күретамырдың өткізу қабілетін арттыру және тарифтерді біріздендіру бойынша түпкілікті шешімдер күтіледі. Бұл елімізді тек транзиттік мемлекет емес, әлемдік сауданың басты хабына айналдырмақ.
Түркістан ендігіде тек рухани орталық емес, ол - стратегиялық экономикалық хаб.
Қаладағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының әлеуеті биыл жаңа деңгейге көтерілді.
Саммит аясында 10 субзонаға бөлінген бұл аймақта Түркия және Әзербайжан инвесторларымен бірлескен технологиялық кластерлер құру жоспарлануда.
Осы жылдың қаңтар-ақпан айларында еліміз бен ТМҰ елдері арасындағы сауда-саттық көлемі 40 пайызға өсіп, 2,4 млрд долларды құрады.
Ал 2025 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 12,9 млрд долларға жеткен болатын. Әсіресе Түркі инвестициялық қорының 20 млн доллар көлеміндегі алғашқы қаржыландыруы өңірлік кәсіпкерлік үшін үлкен мүмкіндіктерге жол ашты.
Саммит соңында қабылданатын «Түркістан декларациясы» ұйымның 2040 жылға дейінгі бағытын айқындайды.
Қазақстан үшін бұл Батыс пен Шығыс арасында «Түркі факторын» күшейту арқылы сыртқы саяси дербестікті нығайта түседі.
Бейресми саммиттің ұйымдастырушы ретінде бізге берер пайдасы:
Түркияның әскери-өнеркәсіптік және IT саласындағы жетістіктері Қазақстанға оңайырақ әрі тиімді шарттармен келе бастайды.
«Түркі әлемі стипендиясы» мен университеттер арасындағы желілік ынтымақтастық кеңейіп, қазақстандық жастар үшін Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан нарықтары ашыла түседі.


