Түркістанда «Ауылым – әнім» ән кеші өтті

Бүгін Түркістан қаласының зәулім «КОНГРЕСС ХОЛЛ» концерт сарайында «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен «Ауылым – әнім» атты мерекелік ән кеші өтті.
Ауқымды мәдени шараның басты мақсаты — ұлттық өнер арқылы ауыл өмірінің рухани-мәдени келбетін дәріптеп, қоғам назарын атамекен мен туған жер тақырыбына аудару болды.
Қазақ өнерінде ауыл мен туған өлке тақырыбына арналған музыкалық туындылардың орны ерекше. Белгілі ақындар мен сазгерлер бұл қастерлі тақырыпты әрдайым зор шабытпен ән мен жырларына арқау етіп келеді. Халық жадында сақталған осындай құнды шығармалар арқылы ауылдың табиғаты, мәдениеті, еңбек адамы мен шынайы ұлттық болмысы бүгінгі кеште кеңінен насихатталды. Шара ұйымдастырушылары ән арқылы жұртшылықтың туған жерге деген сүйіспеншілігін арттырып, ұлттық құндылықтарды ұлықтауды көздеді.
Іс-шара аясында елімізге танымал эстрада жұлдыздары мен өңірдің өнерпаздары бір сахнада тоғысып, Түркістан жұртшылығына ерекше көңіл-күй сыйлады. Кеш барысында қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары Қанат пен Света Айтбаевтар, Марат Ілиясов, Досымжан Таңатаров, Ғаділбек Жанай, сондай-ақ жергілікті таланттар ауыл тақырыбына арналған әндерді орындап, көрерменді тәнті етті. Сонымен қатар, ауыл тақырыбының қазақ ақын-композиторлары шығармашылығындағы орны айшықталып, ұлттық өнердегі рухани сабақтастық пен мәдени байланыс айқын көрініс тапты.
«Ауылым – әнім» кеші ауыл рухын асқақтатып, ел бірлігі мен мәдени құндылықтарды дәріптеген мазмұнды әрі тағылымды шараға айналды.


