Президент сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңға қол қойды
Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Аталған заң Қазақстан Республикасының 2022–2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатының тұжырымдамасын іске асыру, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарттарды ұлттық заңнамаға енгізу мақсатында әзірленді.
Мүдделер қақтығысының алдын алу бөлігінде оның: әлеуетті, нақты және орын алған түрлері бойынша ара жігі ажыратылды. Әрбір түрі үшін нақты мерзімдері көрсетілген әрекет ету алгоритмі белгіленді. Мүдделер қақтығысы жағдайында қабылданған актілер мен жасалған мәмілелер жарамсыз деп танылуы мүмкін.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтердің дербестігі күшейтілді: олар тек директорлар кеңесіне немесе байқау кеңесіне есеп береді, атқарушы органнан тәуелсіз түрде өз өкілеттіктерін жүзеге асырады және Агенттікпен тікелей өзара іс-қимыл жасайды.
Мемлекет басшысының 2024 жылғы 21 қарашадағы №709 Жарлығын іске асыру шеңберінде Еңбек кодексінде қызметке қабылдау кезеңінде мүдделер қақтығысын автоматты түрде анықтауға мүмкіндік беретін цифрлық кадрлық жүйенің құқықтық негіздері бекітілді.
Жазаның бұлтартпастығы қағидатын қамтамасыз ету мақсатында сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою бойынша шаралар қабылдамағаны, сондай-ақ бағынысты қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар жасауы үшін мемлекеттік органдар басшыларының жауапкершілігі күшейтілді.
Жеке тұлғаларды сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың талап қою мерзімі 1 жылдан 3 жылға дейін ұзартылды.
Пара беруге уәде ету, пара ұсыну және пара талап ету үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді.
Аталған нормалар Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше барлық 38 мемлекетте қолданылады. Халықаралық тәжірибе мұндай әрекеттер үшін қылмыстық жауаптылық белгілеу сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік мәдениетін қалыптастыруға, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың қоғамдық қауіпті салдарлары туындағанға дейін олардың жолын кесуге ықпал ететінін көрсетеді. Аталған нормалар 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Тұрмыстық сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бөлігінде азаматтардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін ауруханаларда, мектептерде, жоғары оқу орындарында, банктерде және коммуналдық қызмет көрсету ұйымдарында орын алатын құқық бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Осы ұйымдардың қызметкерлері тарапынан ірі мөлшерде не қорқытып алу жолымен заңсыз сыйақы алғаны үшін жауаптылық күшейтілді.
Аталған ұйымдардың қызметкерлеріне заңсыз сыйақы бергені үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Сонымен қатар, Қылмыстық кодекс заңсыз сыйақы алуға арандатқаны үшін жауаптылықты көздейтін жаңа нормамен толықтырылды.
Сонымен қатар, заңдармен сыбайлас жемқорлыққа қарсы функциялар аражігі ажыратылды: Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарды анықтауды және тергеп-тексеруді жүзеге асырады, ал Мемлекеттік қызмет істері агенттігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты қалыптастыру мен іске асыруды қамтамасыз етеді.
Қабылданған заңдар сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға, жазаның бұлтартпастығын қамтамасыз етуге және қоғамда адалдық пен парасаттылық қағидаттарын нығайтуға бағытталған.


