«Әбдірахымов депутаттықтан дәмелі»

Oinet.kz 24-06-2026

«Жаңа Парламент заң шығаратын орган ғана емес, кәсіби диалогтың, саяси жауапкершіліктің және мемлекеттік ойлаудың заманауи институтына айналуы тиіс. Қоғам дамыған сайын азаматтар мен мемлекет арасындағы сапалы кері байланысты қамтамасыз ететін өкілді органның рөлі арта түседі». «Жаңа Парламент қоғамдық маңызы бар мәселелер бойынша пікірталастар мен дискуссиялардың негізгі алаңына айналуы керек».

9500919_0_132_2500_1538_1920x0_80_0_0_04954ddb36e49e8184776f4c5bb9b9d9.jpg

Қайбір күні ел аузында «хит әкім» атанған Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов фейсбуктегі парақшасында осындай жазба қалдырды (постты тек орыс тілінде жазған).  Көпшілік мұны «Әбдірахымов депутаттықтан дәмелі» деп қабылдады. 

Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтің жоғары эшелондарынан алыстап кеткендей көрінген экс-әкімнің әлеуметтік желідегі бұл жазбасы саяси ортада әртүрлі пікір туғызды. Өйткені Әбдірахымов жай ғана мемлекеттік басқару туралы ой бөлісіп отырған жоқ. Ол жаңа Парламенттің қандай болуы керектігі жөнінде тұжырым ұсынып отыр.

Саясатта ешнәрсе кездейсоқ болмайды деген қағида бар. Әсіресе ұзақ уақыт жоғары лауазымдарда жұмыс істеген шенеуніктердің әрбір сөзі мен әрбір жазбасы белгілі бір сигнал ретінде қабылданады.

Сондықтан да бақылаушылар арасында «Әбдірахымов неге дәл қазір Құрылтай мен жаңа Парламент туралы айтып отыр?» деген сұрақ туындауы заңды. Бұл жай ғана азаматтық көзқарас па? Әлде алдағы саяси трансформациялар алдында өзін жаңа саяси жобаларға қатыса алатын тұлға ретінде көрсету әрекеті ме?

Өткен жылдың соңында Ғабидолла Әбдірахымов «Самұрық-Қазына» қорына қарасты Samruk-Kazyna Construction компаниясы басқарма төрағасының пайдалану жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Бұл тағайындау көптеген сарапшылар үшін күтпеген шешім болды. Өйткені 2019 жылы ол Шымкент қаласының әкімі қызметінен «сенім кредиті таусылды» деген саяси бағамен кеткен еді.  

Содан бері Әбдірахымов мемлекеттік басқару жүйесіне бірнеше рет қайта оралды. Қазіргі қызметі – сол оралулардың үшінші кезеңі деуге болады.

Ғабидолла Әбдірахымов өзін дәстүрлі бюрократтан гөрі жаңашыл менеджер ретінде көрсетуге тырысты. Шымкентті басқарған жылдары оның мәлімдемелері жиі талқыланатын. Бірде ол қаланы Нью-Йорк, Лондон, Париж секілді мегаполистердің тәжірибесімен дамыту қажеттігін айтты. Кейін Шымкенттің әлеуеті Лас-Вегастан да кем болмайтынын мәлімдеді. Қаланы халықаралық деңгейдегі орталыққа айналдыру жөнінде көптеген бастама көтерді. Ол кезде бұл идеялар қоғамның назарын аударды. Кейбіреулер мұны батыл көзқарас десе, енді біреулер орындалуы қиын популистік жобалар ретінде бағалады.

Қалай болғанда да, сол бастамалардың басым бөлігі толық жүзеге аспады. Көптеген жобалар идея күйінде қалды.

Соңғы уақытта жаңа Парламенттің құрамы туралы түрлі болжамдар айтылып жүр. Сарапшылар заң шығарушы органда жастардың үлесі артуы мүмкін екенін жоққа шығармайды. Алайда әңгіме тек жас шамасы туралы емес. Билікке жаңа технологияларды меңгерген, халықаралық тәжірибені білетін, цифрлық экономиканың тілін түсінетін, тың идеялар ұсына алатын адамдар қажет деген пікірлер жиілеп келеді.

Мұндай жағдайда «Болашақ» бағдарламасымен білім алған, халықаралық тәжірибені жақсы білетін, мемлекеттік басқаруда ұзақ жолдан өткен Әбдірахымовтың аты аталса, таңдануға болмайды.

Өйткені оның басты артықшылығы – стандартты емес ойлау қабілеті.

Ал басты кемшілігі – сол идеялардың барлығы бірдей нәтижеге айнала бермейтіні.

Әбдірахымовтың әлеуметтік желідегі жазбасына қайта оралсақ, онда айтылған ойлар дәл осы бағытпен үндеседі. Ол кәсіби пікірталас мәдениеті туралы жазады. Жауапкершілік мәдениеті туралы айтады.

Азаматтармен кері байланыс орнату қажеттігін көтереді.

Бұл – жаңа саяси мәдениетке қойылатын талаптар. Сондықтан оның жазбасын жай ғана теориялық ой-толғам ретінде қабылдау қиын.

Мүмкін. Қысқа күнде қырық құбылып жатқан саясатта бәрі мүмкін. 

Қарызы ең көп ел - Қазақстан
Әкім сайлауы: сәтсіз сценарийден кім ұтты?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу