Руслан Берденов не үшін Respublica партиясынан кеткенін түсіндірді
Соңғы күндері қоғамда «Руслан Берденов неге саяси науқанда көрінбейді?», «Неліктен Respublica партиясы туралы пікір білдірмейді?» деген сауалдар жиі айтылып жүр. Осыған байланысты Руслан Берденов өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікке ашық жауап беріп, саяси партия қатарынан шығу себебін түсіндірді.

Оның айтуынша, 2023 жылы ол Respublica партиясының құрамында Парламент Мәжілісінің сайлауына қатысып, сайлаушылардың қолдауымен партияның Парламенттен орын алуына үлес қосты. Сол сайлау нәтижесінде Руслан Берденов Мәжіліс депутаты мандатын иеленді.
"Бұл өмірімдегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Мен ол кезде Парламентке нақты өзгерістер жасау үшін келдім. Лудоманиямен және есірткіге тәуелділікпен күрес, экономиканы дамыту және өзге де маңызды бағыттар бойынша заңнамалық бастамаларды әзірлеуге атсалыстық. Мәжіліс төрағасы болған Ерлан Жақанұлы Қошановқа да ерекше алғыс айтқым келеді. Ол бүкіл жұмысымыз барысында депутаттың басты миссиясы халық пен мемлекетке қызмет ету екенін үнемі еске салып отырды. Кейін жаңа қызметке тағайындалуыма байланысты Мәжіліс депутатының өкілеттігін тоқтату туралы шешім қабылдадым. Сонымен қатар Respublica партиясының қатарынан шығып, партияның тең төрағасы ретіндегі өкілеттігімді де тоқтаттым. Тәртібі сондай еді. Яғни, бүгінде мен ешқандай партия мүшесі емеспін".
Сонымен қатар ол басталған жаңа сайлау науқанына қатысты да өз ұстанымын білдірді. Берденов барлық саяси партиялар мен кандидаттарға, сондай-ақ Парламентте бірге еңбек еткен бұрынғы әріптестеріне сәттілік тіледі.


