Әке өнегесі

Oinet.kz 11-12-2015 1097

8-сыныпты Төлеби ауданы, Зертас ауылында аяқтаған жылы сыныптастарымның екеуі «босқа  тағы да екі жыл жүреміз бе, одан да ертерек маман боламыз» деп, құжаттарын бұрынғыша атауы Ленгір ауданы, Ленгір қаласындағы медучилищеге тапсырды. Мен де үйдегілерге айтпай, медучилищеге құжаттарымды тапсырдым. Орыс тілінен диктант жазып, тарихтан ауызша емтихан болды. Енді тек нәтижесін күту ғана қалды...

image.png

Бір күні үйге қонақтар келді, қастарында менімен жасты қызы бар екен. Әкем маған ауық-ауық қарап қояды, байқаймын, көзқарасында өзгешелік бар. Оған  мән бергенім жоқ, өзімше оқуға тапсырғанымды конкурстан өткенде ғана айтамын деп жүрмін. Қонақ қыз тым ерке екен,  ата-анасы да бәйек болып отыр. Қонақтар келесі күні мен құжат тапсырған медучилищеге кетті. Кешке келді, көңіл-күйлері жоқ, папамды күтті. Әкем жұмыстан келген соң, күліп «бәрі де ойдағыдай болады, еш абыржымаңдар» деп қояды. Маған тесіле қарайды барлығы. Ерке қыз үлкен шаруаны  бітіргендей мұрнын шүйіріп отыр, ата-анасы оның арқасынан қағып қояды. Сонымен қонақтар әкеме алғысын айтып,  ауылына аттанды.  Сәлден соң, әкем мені жеке әңгімеге шақырды. «Қызым, бізге айтпастан медучилищеге құжат тапсырыпсың. Училище  директорының орынбасары Сатылхан ағаң маған хабарласып,  құттықтады. Училищені қоя тұр, оныншыны бітіріп институтқа түсесің» деді. Сәл жүзін бұрды да сөзін жалғастырып, «сенен сұрауым керек еді, кешір, сенің орныңды жаңағы қызға бердік» деп, бір-ақ қайырды. 

Мен әкеме ренжігенім жоқ, «институт жаксы ғой» деп қоямын. Әкем «әлгі кісінің жақсылығын көріп едім, қарызым өтелгендей қуанып қалдым» деді. Бірақ көпке дейін өзін кінәлідей сезініп жүрді.  Кейінірек  сырқаттанып қалғанымда, «әттеген-ай, дұрыс жасадым ба десем, қателестім бе, медбике болғанда мұнша қиналмас па едің» дейтін. Ал былтыр діни мәселелер төңірегінде монографиям жарық көрген-ді. Сонда тағы өткенді еске салып, «баяғы медбикелігіңнен, меніңше осының дұрыс-ау, психолог та адам жанын емдейді емес пе» дегені...

Психолог ретінде қызмет ете жүріп талай кісімен сұхбаттастым.  Бір күні алдыма көз жасын төккен ана келді, «қызым жолынан адасты, ағайын-туғаннан ұят болды, айтқанын екі етпей жасаушы едім, менде қателік жоқ» дейді. «Балаларыңызбен дастархан басында әңгіме айтып  отырғанда, білмегенін   түсіндіретін шығарсыз» дедім.  Ол маған таңырқай қарап:  «оған уақыт жоқ қой, балалардың әрқайсысы тамақ іше сала өз бөлмесіне кетеді» дегені. «Ал жексенбіні отбасыңызбен қалай өткізесіз?» «Бір күн демалыс қой, оны әркім өз бетінше өткізеді» деп жауап берді.  

 Сөйтті де, «өз отбасыңызда ше?» деп қарсы сауал қойды. Мен сенбі, жексенбі балаларым әкелерімен үйдің шаруасын атқаратынын, сосын барлығымыз жиналып ас мәзіріне кірісетінімді айттым. «Балалар демалысты асыға күтеді, оларға әкесінің анасымен ас үйде тамақ піскенше, дастархан басындағы әңгімесі, бірге отырып теледидар көру қызықты, апта бойындағы көрген білгендерімен бөліседі» дедім. «Мен соңғы рет қашан бірге отырып тамақ ішкеніміз есімде жоқ» деді әйел... 

Кез келген әдет-ғұрып отбасынан бастау алады. Байқағаным, кейбір отбасында дастаран басында ұрыс-керіс болса, балалары да сол жаман  әдетті кейін қайталайды. Әдет-ғұрып демекші, бала кезімізден ата-анамыз бізді  жақсы қасиеттерге баулитын.  Тіпті балаларына өнеге болсын  дегені шығар, әкем мамама ас әзірлеуге  көмектесуге кірісіп кететін.  Бізді де жұмылдыратын. Бүгінде әрқайсымыздың өз жанұямыз бар, алайда  мен үшін сол балалық шағымдағы ата-анам дайындайтын тағамның дәмі аузымнан кетпейді. 

Қазақ халқы  үшін отбасы тәрбиесі дастарханнан бас¬талады емес пе! Ұлту апамыз дастархан басында ата-бабалар тарихын, ару әжелеріміздің еңбегін, немерелеріне, келіндерге кеңесін туралап айтпай, мысал ретінде астарлап, сол баяғы әжелер өмірінен естеліктер айтып отыратын. Қазақ халқы қандай жиын-тойдың алдында да дастарханда бас қосып ақылдасып, түйінді мәселелер шешімін  тауып жатады. Бүгінде сол отбасы дәстүріндегі құндылықтары ұмытылып бара жатқанынан болар, рухани адасушылық та күннен-күнге ұлғайып барады.

Әкем қазақтың қара көздері жат ағымның жетегінде кетіп жатқанына қатты налитын болды соңғы кездері. Бір күні Астанадан ауылға кезекті рет балаларымды ертіп апардым ол 2004 жыл болатын. Атасының әңгімесін естісін, тағылымды  өнегені бойына сіңіріп өссін деген ниетпен. Барған сәтте әкеміз үйде жоқ екен. Анам «әкең үйде отырмайтын болған,  келген соң өзі айтар», деді. Сөйтсем, әкем  аурухана, түрме, санаторийлерге барып, сондағыларға  имандылық туралы дәріс оқиды екен.  Әсіресе,  жаңсақ басып, темір тордың ар жағынан бір-ақ шыққандар әкемді асыға күтетін ұқсайды, көптеген сұрақтар қояды. Зейнетке шықса да ұрпақ қамын ойлаған тірлігі оны осылайша үйде отырғызбайды екен.

***

Алматыда тұрып жатқанымызда әкем Алматыға келді, Шерхан Мұртазаның қызы Алмамен жақсы сыйласып жүруші едік, әкемді үйіне қонаққа шақырды, Мәриям апай әкемнің әңгімесіне риза болды, сосын «Абайдың 150  жылдығында  Шерағаңа семейліктер шапан жапқан еді, соны сізге сыйла деп отыр» деді. Мәриям апай «денсаулығым болмай жүр, намазхан, дұғалы адам екенсіз, отбасымызға дұға ете жүріңіз» деді. Көп ұзамай Мәриям апайдың өзі өмірден өтті. Ол кісінің өмірден өткеніне он бес жылдан асса да, әкем Мәриям апайдың әруағына құран бағыштауды ұмыт қалдырған емес. Сол шапанды әлі күнге дейін «жазушы атаның шапаны» деп, немерелері сұрап киеді. Бір күні немересі Назарбек «ата, ақындар айтысына қатысайын  деп едім» дейді.  Атасы сол баяғы қазақтың біртуар тұлғасы Шерағаң жапқан  шапанын  кигізіп, батасын береді. Қазақтың ырымы да ыстық ықылас пен  ақ тілекпен астасып жатады ғой. Соның арқасы болар, Назарбек  айтыстан сол жолы жеңіспен оралды. Бүгінде өңірге танымал айтыскер, асаба, облыстық филармония директорының орынбасары. Атасының «төл немересі» Жомарт бір күні келіп, жәй ғана ата бокстен жарысқа барамын деді, осы жолы барып кел, ары қарай басқа спорт түрімен шұғылдан деді де ойға кетті. Менде осы боксты жақсы көрдім жеңіске жетістіктерге де жеттім, денсаулыққа зақымы бар екен, оны қартая келе білесің негізі құптамаймын деді. Жарайды осы жолы барып кел деп атасы немересіне үмітпен қарап, арқасынан қағып   шығарып салды. Сол жолы 2006 жылы Ташкентте 54 мемлекет арасында бірінші рет жасөспірімдер арасында өткен Кингбоксингтен әлем чемпиондығын 15 жасында жеңіп алды. Бір қызығы атасы каспионет телеарнасынан үйде отырып ағылшынша сөйлеп арасында тілін бұрап «Жоумарт Куттыбектеги» деп жатқанда ай мынау не дейді, деп орнынан ұшып тұрған екен.  Сонда әкем, немере - өмірдегі тұрағың, немере - жанған шырағың деп жазған ғалымның сөзін еске алды.


Кезінде әкемнің далада ойнап жүрген балаларға «мультфильм болып жатыр» деп, теледидар алдында  солармен бірге қызықтағанына таңданатын едім. Оның да тәрбиелік мәні зор екен. Менің бала кезімде видеокассеталар енді шыға  бастаған. Балалар  үйді-үйге жиналып Брюс Ли, Чак Норристің америкалық, жапондық, қытай фильмдерін көретін.  Осындайда әкем «атыс-шабыс, төбелес бұл не кино, қалай жаның шыдап қарап отырсыңдар, қай жері қызық, адамның жүрегін қатайтып, тіпті мейірімсіз етеді» деп, көруге тыйым салатын. Оның орынына бәрімізді жинап «Хайуанаттар әлемі»  бағдарламасын көрсететін. Аң екеш аңның әрекетінен де тағылымдық нәрселер алуға болатынын, бағдарламаны көре отырып талай рет түйсіндік. Бұл да бір ғибраттық өнеге екен. 

Бір күні таңертең үйдің қасына тоқтаған су жаңа қара «Волгадан» орыс әйелі түсті.  «Пәленшенің үйі осы ма?»  «Иә». «Папаң үйде ма?»  «Жоқ, жұмыста». «Мен Москвадан, «Правда» газетінен келдім, тілшімін».  «Үйге кіріңіз» деп жатырмыз.  «Жұмысына барып тауып алармыз» деп кете барды.  Ауыл адамдары «бұл кім болды екен» десіп жатыр. Шымкенттегі Шымкентсельстрой №25 автобазаға барып, папамды кабинетінен таппай, ауласына шығып сол жердегілерден «директорларың қайда?» деп сұрайды.  Іле шала сол жердегі  шопырлардан «Директорларың ұлтшыл, жұмыстан қуып,  жалақыларыңды  бермейтіні рас па?»,  «Шопырларды адам құрлы көрмей, басынатыны шындық па?» деген сауалдарды қарша боратады.

«Біздің директор ма?» дейді де, шопырлар мен жұмысшылар жамырасып күледі бір дерсің. Журналист әйел түсінбей қалады, ол сұрақ қойған сайын, жиылған жұрттың күлкісі шарықтай түседі. «Директорларың қайда? Хатшы қыз осында жүр деді ғой...». Жиналғандар тағы шуласып күледі де, мәшине жөндейтін шұңқырды саусақтарымен көрсетеді. 

«Сендер не мені, Москвадан арнайы арыз тексеруге келген журналисті мазақ етіп тұрсыңдар ма, мен сендер үшін келдім». Жиналғандар жамыраса күлісіп «Құттыбек Аташұлы, сізге келіп тұр» деп айғайлайды.  Шұңқырдан қолы май-май, жеңін түріп тастаған аппақ көйлекті кісі шыға келеді.  «Директорларың осы ма?» дейді журналист.  «Иә». «Түсінсем бұйырмасын...»  дейді журналист. Директор қолын жуып, галстугін тағынып кабинетіне қарай аяңдайды. «Мәшине рейске шығу керек, көрсетіп көмектесіп жіберейін деген едім» дейді автобаз басшысы. «Мен бәрін де түсіндім, арыз иесімен сөйлессем» дейді мәскеулік журналист. Ал ертеңіне арызқой кісі келіп директордан кешірім сұрайды, «сөзге еріп, ақымақ болдым» дейді. Жоғары оқу орнына екі мәрте түсіп, отбасылық жағдайына байланысты әрі қарай оқуына жалғастыра алмаған әкем орта білімімен-ақ халқына осылайша қалтқысыз еңбек етті.  Слесарь, автомеханик,  Ленгір қаласының №3 автоколонна басшысы, Шымкент қаласы, Шымкентсельстрой № 25 автобаза бас инженері, ары қарай директоры деңгейіне көтерілді.   

Бүгінде  Төлеби ауданы, Жаңа күш ауылының имамы.  Осыдан оншақты  жыл бұрын балалары жиылып қажылыққа жіберейік дедік. Әкеміз қарсы болды, «ана көршімнің үйінде көмірі жоқ, мына бір көршім суық үйде шиеттей бала-шағасымен әбіржіп, жарықты ұрлап жағып, үйін жылытып отыр,  ақшаларыңды соларға  бөліп берейін» дегені. Биыл 70 келіп қария атанды, тағы сол қажылықтың тақырыбын көтердік. Бұл жолы анамыз, «айтып әуре болмаңдар, ол бәрібір бармайды» деп қысқа қайырды.  Онысын кейін түсіндік. Баяғыда әжелеріміз біздің әулетті «Қажы әулеті» дейді екен. Бабаларымыз қажылыққа барып қайтқан. Қажылыққа аттанар алдында тұтас ауылға 40 күнге жетерлік тамақ боларлық  малын беріп, отын-суын түгендеп беріп, жолға шығады екен. Әкемнің «көршім жылусыз отырып мен қайда бармақпын» дегені осындай өнегелі шаруадан туындаған екен.

Әкем адамдарға ғана емес, тіршілік атаулының бәріне  мейіріммен қарауға бала кезімізден баулыды. «Алла тағала ғаламда жаратқан дүниенің бәрі бекер емес, әрқайсысының өз орны бар» дейді әкем.  Әке тәрбиесінің әсері болса керек, бүгінде  мен де адам түгілі айналаны қоршаған табиғатқа да бей-жай қарай алмаймын.  

Лимана Құттыбек

Мұрағаттан, 01.11.2012 ж

Жастарға ақыл айтар ақсақалдар қайда?
Ала доп аңыздары. Марадона
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу