Әбілда Аймақ та өтті бұл өмірден…

Oinet.kz 14-04-2019 1488

Screenshot_7.jpg

Осыдан бір ай бұрын ғана еді...Әбекең алпыс жылдық тойы қарсаңында «Рейтинг» газетіне арнайы сұхбат берген. Ашық -жарқын әңгіме айтып, ақтарылған еді. Жүзінен мейірім төгіліп тұратын ағамыздың бір айға жетпей орнын сипап қалатынымызды қайдан білейік...Әбілда Аймақ газетіміздің тұрақты авторларының бірі еді. Көптеген дүниелері осы басылымда жарық көрді. Газетке шыққан мақалаларға өзінің пікірін айтып редакцияға жиі келетін, жиі хабарласатын...  Сұм ажал алпыс жылдықты тойлап болғанын тосып жүргендей сезіледі...Ажал деген осы. Ол нағыз кемеліне келген, қариялықтың, ақсақалдықтың кемесіне ауысып мінер сәтінде дүниеден өтті. 

Газетіміздің жанашыры, тұрақты авторымыз  Әбілда аға сол сұхбатында Құдай туралы көп әңгіме айтып еді. Пайғамбар жасына қадам басқанын білдіргісі келгені ме деп ойлаған едік.  Кейінгі жылдары Алла туралы, пайғамбар туралы өлеңдер жазып, бұрынғы бас мүфти Әбсаттар қажыға арнайы барып оқытқанын тілге тиек еткен еді. 

Алла алдыңыздан жарылқап, пайғамбардың шапағатына бөленіңіз, барар жеріңіз жұмақ, жатқан жеріңіз жарық болғай, асыл аға!  

Талантты ақын, Физули атындағы сыйлықтың иегері, Жазушылар одағының Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының директоры қызметін ұзақ жылдар атқарған Әбілда Аймақтың артынан ерген інілерінің бірі, танымал ақын  Бақытжан Алдиярдың ағасы туралы жазған дүниесін назарларыңызға ұсынып отырмыз.     

Орыстың әйгілі ақыны Н.Рубцов өлер шағында «Ақындардың бір ерекшелігі – олар адамдардың арасында, жердің бетінде өмір сүріп жүргенмен өздері қолдан жасап алған мүлде басқа әлемде ғұмыр кешеді. Ал ол әлем жердің бетінде емес» деп жазып кетіпті. Біздің Әбекеңнің, аяулы ақынымыз Әбілда Аймақтың да өзгелерден өзгеше бір әлемі болды. Ол көбіне көп сонда өмір сүрді. Кетсе де сол әлеміне кетті-ау. Дейміз біз. Әбекеңнен аяқ астынан, қапияда айырылып қап, көзімізбен емес, ішімізден, жүрегімізбен жылап жүргендер. Тірі ақындар.

Әбілда Аймақ сәуірдің 13-інде дүние есігін ашқан. Осыдан аз-ақ бұрын бәріміз дүркіретіп бастап, күркіретіп аяқтап, алпыс жылдығын тойлағанбыз. Әбілда көкемнің рухани ағаларының бірі Қаныбек Сарыбаев наурыздың 13-інде туылған болатын. Сол ағамыз:

Наурыздың туылыппын он үшінде,

Жолым болмай жүргені сол үшін бе?! – деп жырлап еді. Енді, міне, сол он үшінен он төртіне қараған жаңбырлы түні Әбілдадай аяулы ағамыздың болмашыға шыр еткіш, нәзік ақын жүрегі мәңгілікке тоқтап қалды. Өзі жаңбырды жақсы көретін көкемді жоқтағандай сол түні де жаңбыр бір себелеп, бір тоқтап тұрды. Алдында ғана екеуміз екі кештің арасында жолығып, біраз әңгімелескенбіз. Сонда айтып еді «Мына ауа-райы әбден қажап бітті-ау. Жаңбыр жауса екен» деп. Тура жүрегі тоқтайтын түннің алдындағы кеш болатын. Әлде соңғы аңсарын айтты ма екен, әлде бой жазды ма екен, жаңбыр аңсады. Жаңбырлы кезді мен де жақсы көруші ем, енді онша ұната алмайтын болдым-ау...

Жаңбыр да жауды, жаңбырды аңсаған жүрек те соңғы рет соқты да, тоқтады. Мәңгілікке. Екі құлаш матаны еншілеп, көкем де кетті келмеске. Қаралы жиында Мархабат ағасы сөйлеп тұрды. Даусы дірілдеп. Жұртты жылатып. Ол кісіге оңай деймісіз?! Көз алдында кеше ғана құрылыстан, кірпіштің арасынан суырып ап, ақындық деген әлемге алып келген баласы кетіп жатқан жоқ па?! Марқаш ағам сөйлеген сайын мен бәндә аялдаманың артына барып көз жасымды көрсетпей бір сығып кеп жүрдім. Қандай аянышты еді. Алматыдан келген аяулы досым Жанарбек Әшімжан да көз жасымызды бір төктіріп алды. Хан қызындай Ханбибі апам тағы бар. Айналайындарым-ау, бұларың не?! Онсыз да пәрша-пәршасы шығып, езіліп тұрған жүректі ауыртқандарыңыз қалай?! Дегім келді. Дей алармысың ондайда?! Туған топырағына апарып, қайта сол топыраққа беріп қайттық. Жолай әзілдеген боламыз. Күлген сыңай танытамыз. Бірақ, жүректі қайтеміз біз?! Тірілер. Тірі жүрген ақын-жазушыларды құшақтағым келді, дүниедегі ең жылы сөздерді аямай айтқым келді. Өліп қалмаңдаршы дегім келді. Дей алмадым ғой. Еркінбек Тұрысов, Байділда Қонысбек, Әдіхам Шілтерхановтан бастап, жазумен «ауырып» жүрген іні-қарындастарға дейін...

Баяғы шалдар «Тағдыр деген болады. Пешене деген тағы бар. Сонда қалай жазылса сол орындалады. Асып кету жоқ» дейтін. Әбекем де тағдырлы ақын еді. Титтейінен жетім өсті, қағажу көрді. Өзі әзілдейтін «Ай, Бақытжан, біздің мықтылығымыз – Тұрардан, Мағжаннан бастап бәріміз сотталып көргенбіз» деп. 

Тағдыр салса не күйді кешесің де,

Темірланның көп жүрдім көшесінде.

Көз алдымда ластау сырахана,

Одан өзге түк те жоқ еш есімде, - деп жырлады ол. «Қаңғыбас» деген циклдық өлеңдерінде. Мистикаға, діни философияға жақындау болды. Өлеңдерінде қаландәрлар, сахилар көп кездесетін. Өзі де сахи ақын еді. Әбекемнің «өз әлеміне» кетіп қалғанын естігендер басқаға емес, менің ұялы телефоныма хабарласып, маған көңіл айтып жатты. Сонау Арқа жерінен Серік Ақсұңқарұлы Арқа жұртының атынан көңіл айтты. Анау Ақтөбеден Бауыржан Бабажанұлы хабарласты. Мынау Алматыдан Жарас Сәрсек, Бақыт Беделхан, Ерлан Жүністер, алыстағы Астанадан Ақберен Елгезектер  жыларман болып жатты...

Алдында ғана аяулы ағамыз Әмірхан Балқыбекті жерлеп келген біздің жүректің солқылы әлі де басыла қоймаған тұс қой бұл, айналайындар-ей. Аясаңдар етті. Дегіміз келген тағы да. Фейсбук дейтін әлеуметтік парақшамдағы беттер түрлі көңіл айтуларға толып кетті. Көңілін өзгеге емес, маған айтады. Бәрі де Әбілда Аймақты жақсы көреді. Бәрі оқыған. Ешқайсысы күтпеген жағдай. Ешқайсысымыз күткен де жоқ едік. Екеуміз кездескеен күні «Ауруханаға бір жатып алам-ау, денсаулық сыр бере бастады» деген. Өмірінде ауырдым, сырқадым демеген қайран ақын сол кезде осылай деп еді...

Біздер, тірілер біреу өмірден қайтса «сұм Ажал, сұмырай Ажал» деп қарғап жатамыз. Сөйтеміз де күпірлік жасаймыз. Шын мәнінде Ажал дегеніңіз Алланың періштесі Әзірейіл ғой. Ал Алланың періштесін қарғап-сілеу жақсы емес. Кез-кезеңі келгенде, сәт сағаты саналған тұста әрқайсымыз әртүрлі себеппен кетерміз. Себебі, баяғы шалдар айтқандай жазу солай. Асып кете алмаймыз...

Қалта телефонымда Әбекең ағаммен бірге түскен суреттер қапты. Енді сол суреттер арқылы ғана сырласамыз. Теледидарда аз қалған бейнелерін көріп сағынамыз. Кейде-кейде, бір адам қайтыс болғанда, қабірстанға барғанда ғана мынау бес күн жалғанның шын мәнінде жалған екенін сезінеміз. Есіктен шыға берер тұста қайта ұмытып кетеміз. Дарақыланып қалжыңдаймыз, күлеміз. Қамшының сабындай ғана қысқа жалған бұл..

Жоғарыда айтқан Қаныбек ағасы:

Маған атақ берген емес, бермейді,

Күндейді ғой, жүндейді ғой мендейді.

Ертең менің атымдағы сыйлыққа,

Таласарын түсінгісі келмейді, - деген еді. Ия, біздер, тірілер алдағы уақытта Әбілда Аймақ атындағы мүшайраларда жүлде алуға тырысармыз немесе қазылар алқасында отырармыз. Әбілда Аймақ атындағы көшемен өтіп бара жатармыз. «Бұл үйде қазақтың аяулы ақыны Әбілда Аймақ тұрған» деген тақтайшасы бар үйдің тұсынан да талай өтерміз. Сонда көзін көрген, қасында жүрген жандар тереңірек бір күрсінерміз. Қош, аймақтың емес, аяулы Алаштың ақыны Аймақ көке. Қош, қадірменді аға, сырлас дос, бауырмал бауыр. Біз Сізді әлі көп сағынатын боламыз, жүрегімізде сақтаймыз!!!

Бақытжан АЛДИЯР

Мұрағаттан: 19.06.2014

Арқаның кербез сұлу Көкшетауы
Басында хикая көп журналистің...
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу