Фурмановтың Елшібек батыр атанғаны қай заман?

Oinet.kz 04-06-2019 1143

Screenshot_10.jpg 

Кеңес Одағы тұсында еліміздегі барлық көше, аудан, ауыл аттары орыстың белгілі тұлғаларының есімімен аталып келді. Тәуелсіздік алғаннан кейін өзгені жарылқауды тоқтатып, қазақ еліне еңбегі сіңген мемлекет және қоғам қайраткері мен Алаш көсемдерінің, атақты жазушылар мен ақындардың, Кеңес Одағының батырларының есімдері көшелерге беріле бастады. Әрине қазақтың жерінде қазақтың өз перзентінің есімдері ұлықталмағанда кімдікін ұлықтаймыз? Қойшы әйтеуір, Абай, Мағжан, Жансүгіров, Момышұлының есімдерін көшедегі тақтайшалардан көргенімізде өткеніміз оралып, бір жасап қалғандай болдық. Болашақ ұрпағымыз ұлы тұлғаларымызды тани түсіп, ұмытпайтын болды деп тағы бір қуандық. Бірақ...  

Неге екенін қайдам, ескінің жұрнағынан әлі күнге дейін айырылғымыз жоқ. Басқа қалаларды айтпағанның өзінде Қазақстандағы қос мепаполис қала--Алматы мен Шымкентті алып қарасаңыз баяғы Комсомольская, Советский, Дзержинский  атауларының орнына Қазыбек би, Төреқұловтың жазылғанына қарамастан тұрғындар көшені ескі атаумен атап келеді. Шынымды айтсам қоғамдық көліктерге мінсем кондукторлардың қызметіне қарап қарным ашады. Алдымен халыққа үлгі болатын осы кісілер емес пе? Себебі олар көше атауларының және қайда орналасқанын бәрін жатқа біледі. Яғни қазақи атауларға көпшіліктің құлағын үйрететін осы мамандық иелері. Өкінішке қарай автобустағы кондукторлар көше атауларын әлі күнге дейін орысша атауларымен атап келеді. Қала әкімдігі  көше бойына, аялдама маңдайшасында ресми түрде бекітілген атауын  бадырайтып жазып қойса да, оны елемейтініне таңым бар. Біз секілді  Кеңес  Одағы тұсында  өмір сүрген жандарға әрине, бұрынғы атауын атау үйреншікті болып қалған шығар. Дегенмен Фурмановтың Елшібек батыр атанғанына жиырма жылдан астам уақыт өтті ғой. Бір жасар баланың бозбалаға айналуына жететін ғұмырда соншалықты бір көшенің атауын жаттап ала алмағанымыз ба?!. Бүгінгі ұрпақтың санасына қазақты танытудың орнына саналарына тілдерін бұрмалатып орыстарды құйып жатырмыз. Тағы бір көңілім торлмайтын жәйт кондукторлардың сөзді дұрыс қолдана білмеуі. Мәселен олар жолаушыларға «Мардан Сапарбаев бар ма?» деп сұрайды. Мұны естігенде он тоғыз жыл бұрын өмірден өтіп кеткен адамның сонда қайтып тіріліп келгені ме деп қаласың. Дұрысы «Мардан Сапарбаев аялдамасынан түсетін жолаушы  бар ма?» деп сұраған жөн шығар. Осындай мәдениетсіз, сауатсыз, дұрыс қолданылмаған сөздерді естігенде олар үшін мен қатты ұялып кетемін. Сол үшін кондукторларды мәдениеттіліке, көпшілікпен қарым-қатынас жасауға, көше атауларын дұрыс атауға үйрететін  арнайы курс ашуға болатын шығар. Сондай-ақ жауапты басшылар айына бір рет екі-үш сағат уақыттарын бөліп, қоғамдық көліктерге мініп, кондукторлардың жұмысын қадағалап тұрса деген ұсынысым бар. 

Осы елдің ақсақалы болғасын қоғамның кем-кетігін айту біздің парызымыз.  Алматының көшелерін аралап жүріп мынадай бір ойға қалған едім. Бірде алып Алматының «Көк базар» маңынан өтіп бара жатып ағаш бөренеге көзім түсіп кетті. Онда «Қазақстан» көшесі деп жазылған екен. Байқасам көше өте тар, асфальт төселмеген, үйлері де тым ескі. Мына көшенің сиқына қарап «Қазақстан» атауы осыған лайық па деп өз-өзіме сұрақ қойдым. Қаланың түпкір-түкпірінде қараусыз, тар көшелердің қазақтың маңдайалды азаматтарының атымен аталатынын кейіннен тағы да байқадым. Мысалы Алматыдағы Мұстафа Шоқай  атындағы көшені көрсеңіз көңіліңіз құлазиды. Азаттықты аңсап, тәуелсіздік жолында күрескен Мұстафа Шоқайға қаланың көрікті, кең көшесінің бұйырмағаны ма сонда?! Әсем Алматыға жылына қаншама шет елден қонақтар келіп жатады. Соларға білдей бір мемлекеттің атымен аталатын көше мен қазақ үшін аяулы тұлғаның атындағы көшеміз міне деп көрсетуге ұят емес пе?   Сондықтан көше атауларын да көшенің көлемі, орналасуына қарай өзгертсек нұр үстіне нұр болар еді. 

Өркен Әбдіреев, 

Тыл және еңбек ардагері, 

Шымкент қаласы

Мұрағаттан, 2015 ж

«Тәубе кезегі келмеді ме?»
Жақсылық және бумеранг
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу