Мұхтархан Ділдәбеков: «Менің бала кезгі махаббатым да, қызым да арғымақ болды»

Oinet.kz 16-10-2009 1421

Screenshot_3.png

Әке-шешем мұғалім болғандықтан бастауыш сыныпта бар ойлағанымыз сабақ еді. 6-7 сыныпқа дейін білімнен бас көтермедім. Сол жылдардан бастап атқа көңілім көбірек ауа бастады. Оның үстіне мен үйдің кенжесімін, ағаларымның бірі әскерде, бірі қызметте дегендей, үй шаруашылығының жауапкершілігі маған қарап қалды да, еңбекке ерте араласып кеттім. Қорадағы малдың жем-шөбін жинау да оңай шаруа емес. Ала жаздай алқаптарда болдық. 

Бала болғасын, әрине, бұзықтық болмай қоймайды ғой. Қара жұмысты көбірек атқарғасын ба, әрі дене бітімім де ірілеу болғандықтан шығар, бала төбелесте ешкімге дес бермедім. Есейе келе жоғары сыныпты да қолға алған кездер болды. Ауылда белгілі ғой, орталық көшенің бір бетінде тұратындар «А» сыныбы болады да, екінші жақтың балдары «Б» сыныбында оқитын. Менің оқыған сыныбымда ірі жігіттер көп болды. Екі сынып оқушыларының арасында түсініспеушілік болып жатса, үнемі біздің сынып басым түсетін. Бірақ, көкпарға деген қызығушылығым барлығынан да басым түсіп, төбелеске онша жуымадым. Темірхан деген ағам шабандоз болды, соған ілесіп, 5-6-сыныптан бастап атқа отырып, көкпарды жағалай бастадым. Сосын совхоз директоры секілді үлкен кісілермен көбірек араласып, сабаққа деген қызығушылық саябырси бастады. Бұл кезде атқа отыруды жақсы меңгеріп қалған кезім. Қолым босай қалса көкпарға кететін болдым. Жазда шөп тасимыз. Баламыз ғой, көрші колхоз-совхоздардан талай рет жем-шөп ұрладық, қолға түскен кездеріміз де болды.

Ауылда кілең ағайындар тұратын болғадықтан шығар, қыздарға онша көңілім аумады. Менің махаббатым да, қызым да жақсы ат болды. Қаншама жақсы көкпар аттарым болды. Қарагер, Шауқар деген мықты аттарым болды. Қазір Жирен деген атым бар. Ал Көкше деген атты өзім емізікпен өсірдім. Ол туыла салысымен анасы суға ағып өлді. Кейін 3-4 жасар болғанда сынп көрейінші деп алыстан емізік көрсеткенде құлын кезіндегідей шауып қасыма келді. Жылқылар да балалық кезін ұмытпайды екен ғой деп ойладым сол кезде. Осы Көкше үлкен абырой, талай жүлде сыйлады. 

Мен боксқа 19 жасымда келдім. Көкпарда әбден күш жинап, бокста айла-тәсілдерді үйренуге көбірек көңіл бөлдім. Доданы қатты жақсы көретін болғандықтан алғашқыда бокстан да кетіп қалып жүрдім. Кейін бокстан біршама жетістіктерге қол жеткізе бастағасын бір жағына шығайын деп, біржолата қолғап түйістіруге бел будым. Әрине, мен үшін ең құмар ойыным көкпар болды, сол себепті әлі де жексенбі күндері атқа отырып, додаға түсіп тұрамын. Бокстағы олимпиада секілді көкпарда да үлкен дода болады. Сондай үлкен көкпарларда 1-2 салым салсам, дәстүрлі көкпарларда 6-7 салымға дейін салған кездерім болды. 

Бала кезімдегі бір оқиға есімнен кетпейді. Ауылдың жанында үлкен канал болатын. Ата-анамыз ағып кетесіңдер деп шомылуға рұқсат бермейді. Күнде кешкісін қолымызды тырнап көреді, жарылған болса суға түскенімізді біліп қояды. Іш киімізді құмға көміп, кептіріп әуре-сарсаңға түсеміз. 

Шамамен 6 жаста болуым керек. Бір күні каналға барсам, жұрттың бәрі суға түсіп жатыр екен. Мен де шомылғым келіп, суға күмп бердім. Сөйтсем, аяғым жерге тимейді, терең екен. Бір төмен, бір жоғары шығып, батып барамын. Әл қалмады. Аяғымның жерге тигені есімде, тайғақ екен, тіреу мүмкін емес. Мені құтқаруға келген ағаларымның өздерін суға батырып, біраз әуреге салдым. Әйтеуір аман қалдым. Ол кезде малтуды білмеймін. өлетін шығармын деп ойладым. Сөйтіп каналдың суына бір тойғаным бар. Кейіннен білдік қой, каналдың тереңдігі 2-3 метрге дейін барады екен. Осы оқиғадан соң каналдың жағалауындағы шөптерге жармасып алып, аяқпен малтуды үйрендік. Міне, балалық шақ осындай оқиғаларымен қызық қой. 

 Дайындаған Шадияр Мекенбайұлы     

"Рейтинг" газеті №37, 16 қазан 2009 жыл

Головкиннің карьерасы қашан бітетіні белгілі болды
А.Мырзахметов ел аралап қайтты
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу