«Найман» Қазақстан туралы ащы шындықты жайып салды

Oinet.kz 04-09-2019 5519

Kuat-Hamitov-e1481945951906.jpg

Қазіргі таңда Қазақстанда аралас жекпе-жек спорты дамып келеді. Көптен бері кәсіпқой бокстан айызы қанатындай айқас көрмегесін бе, көрермендер керегін осы спорт түрінен іздей бастады. Тіпті, мұнда әжептеуір жанкүйерлер шоғыры пайда болды. Қазір темір торлы шаршы алаңға «Найман» деген лақап атпен Қуат Хамитов есімді жігіт шығып жүр. Әзірге ауыз толтырып айтарлықтай жетістікке қол жеткізіп үлгермесе де, бір басына жетерлік беделі бар. Себебі, ол түйеден түскендей сөздерімен, оқыс іс-әрекеттерімен әбден көзге түсті. Мысалы, ол әрбір жекпе-жегінің алдында қарсыласымен міндетті түрде ойламаған жерден жаға жыртысып қалады. Бір журналист «сіз неге осындайға құмарсыз?» деп сұрағанда, ол: 

- Мен өліп бара жатқан спортты құтқарып қалуға тырысып жүрмін. Мен спортты жоғары деңгейге көтергім келеді. Сондықтан осындай шоулар ұйымдастырамын. Жұрт мен туралы не десе, о десін, - деп мәлімдеме жасады. Тіпті, ол кәсіпқой боксшы Геннадий Головкинға қарсы батыл сын айтты. Өткен жылы ол Келл Брукпен жұдырықтасқан болатын. Сонда сол айқасты көрген Қуат:

- Осы циркті түсіндіріп беріңіздерші? Біреуі (Головкин) 160 фунтта (72 келі), келесісі одан 5 келі аз салмақта жұдырықтасты. Ақылға сыймайды ғой. Шамасы, бокс Мейвезермен бірге өлген көрінеді. Мен Генаны аралас жекпе-жекке шақырамын. Себебі, бокста нағыз еркектер қалмады, - деп айтқаны әлі ел есінен шыға қоймады. Жақында ол Instagram парақшасында пост жариялады. Ызаға толы. Бұл – уақытша тіркеуге қатысты. Ол аталған заңға деген қарсылығын ашық білдірді:

«Елімізде өзекті мәселелер жетіп-артылатыны соншалық, оларды санап шығуға менің де, достарымның да саусақтары жетпес. Ауылдарда тіршілік тоқтады. Барлық жерде жұмыссыздық, қысқартулар. Азық-түлік, коммуналды қызмет... Бәрі қымбаттауда. Рөлде камераға түсіп қалған байғұс зейнеткер сол үшін бір ай аш жүреді. 

Алматыдан 100 шақырым жерге шықсаңыз, мүлде басқаша өмір. Жолдар 45-ші жылдан бері жөнделмеген. Жастар маскүнемге айналуда. Адам өлімі мен ұрлық саны көбейіп жатыр. Бәрі аштан өлмес үшін қалаға қашуда. Енді осылардан кейін адамдар өз елінде жүріп-тұрғаны үшін ақша төлеуі тиіс пе? Құдаймен ант етемін, егер маған біреу тіркелу мәселесімен келетін болса, мен оны сол жерде жер жастандырамын.

Қазақстан бүкіл әлем бойынша мұнай, газ, алтын, күміс, уран, мыс, тағысын тағы қазба байлықтарымен үздік бестікке енеді. Халық онсыз да соның игілігін көрмей келеді. Енді бәрін қойып, АЕК бойынша қарапайым халықты тонайын дедіңдер ме? "Алға Қазақстан" деп айқайлайтындар емес, халқының қиындықтарын сезе білетіндер нағыз патриот. Елімізде қанша мәселе шешілмей жатқанда, бұлар АЕК-ні ойлап тапты». 

Бұл пікір Казнетте қызу талқыға түсті. Бұрын Қуатты «есерсоқ» дейтіндер, енді ащы шындықты шарқыратып жазғаны үшін оны нағыз батырға теңей бастады. Ол Қазақстандағы кей көзбояуларды ашып айтты. Расында Алматыдан 100 шақырым, тіпті 50 шақырым алыстап шықсаңыз, көптеген келеңсіз көріністерге куә боласыз. Жұпыны тіршілік, солғын жүздер алдыңызды кесе көлденеңдейді. Шымкентте 100 шақырым алысқа шығып әуре болмайсыз. Көргіңіз келмейтін көріністерді қала ішінен-ақ еш қиналмай кездестіре бересіз. Тіпті, Алматы, Шымкентті былай қойып, Астананы алсақ, оның өзінде қала оң жағалау, сол жағалау болып бөлінеді. Қазақстанда барлық қалада кедей-кепшіктерге, рухани азғындағандарға арналған бұрыштар бар. Жасырып қайтеміз. Қуат осыған қатты күйінгенін өз жазбасында жасыра алмады.  Енді, не де болса, артын күтейік. 

2017 ж

Спортшылар қалай құнсызданады?
Винокуров Францияда өткен веложарыста алтын медальді иеленді
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу