Сот үкімі: Асылжан Жамалбеков қылмысын абайсызда жасаған

Oinet.kz 26-02-2020 3716


20180112191654.jpg

Шымкенттегі жұмыспен қамту орталығының бұрынғы директоры, Түркістан облыстық мәслихатының депутаты Шәріпбек Жамалбектің ұлы, бұған дейін ақпарат құралдарында халықаралық іздеу жарияланды деген Асылжан Жамалбековке шығарылған үкім қазір әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр. Oinet.kz порталының тілшісі А.Жамалбековке шығарылған үкіммен танысып шыққан еді.

Айта кетері, Ш.Жамалбековтың ісі сотқа Қылмыстық кодекстің 371 -бабының 2-бөлімімен, яғни абайсызда ауыр зардаптарға апарып соққан салақтық бабымен берілген. Үкімді Шымкент қаласының әл-Фараби аудандық соты шығарған. Сот үкіміне қарағанда, Асылжан Жамалбеков Шымкент қаласының жұмыспен қамту орталығының директоры лаузымын 2015-2016 жылдар аралығында атқарған. 2016 жылдың шілдесінде қызметінен өз өтініші бойынша босатылып, сол жылдың қыркүйегінде аталған мекеменің директоры лаузымына екінші қайтара тағайындалады. Оның екінші директорлық дәуірі 2017 жылдың қыркүйегіне дейін созылған. 

Осы аралықта А.Жамалбеков  өз міндеттеріне ұқыпсыз қарап, соның салдарынан абайсызда мемлекеттің мүдделеріне ауыр зардаптар келтірілген. 

2012- 2017 жылдар аралығында И.Джунусалиева деген азаматша өзінің және туыстары мен таныстарының аттарына тіркелген жеке кәсіпкерлік субъектілері арқылы -«Әлеуметтік жұмыс орындары», «Жастар тәжірибесі» бағдарламаларына қатысады. Ол мемлекет тарапынан бөлінетін қаражаттарды жымқыру мақсатында «Халық Банк», «Казкомерцбанк», «РБК Банк», «Касса ново Банк», «Каспий Банк», «Банк Ценрткредит» филиалдарынан есеп шоттар ашып, шын мәнінде бұл бағдарламалар шеңберінде ешқандай да жұмысқа тартылмаған тұлғалар туралы Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығына жалған мәліметтер берген. Өз кезегінде, И.Джунусалиеваның жұмыспен қамту орталығындағы  анықталмаған сыбайластары және осы қылмыстық топ құрамына 2014-2017 жылдары тартылған Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы әлеуметтік жұмыс орындары бөлімінің мамандары М.Ташматов, М.Турлыбаев осы жалған мәліметтер мен құжаттар негізінде Джунусалиеваның, оның туыстары мен таныстарының аттарына тіркелген кәсіпкерлік субъектілерінің есеп-шоттарына мемлекет қаржысының аударылып отыруын қамтамасыз еткен. Нақтырақ айтқанда осындай жолмен  2012 жылы жалпы -30 320 931 теңге, 2013 жылы жалпы-113 771 367 теңге, 2014 жылы -89 393 776 теңге, 2015 жылы -37 043 742 теңге, 2016 жылы -99 649 654 теңге, 2017 жылдың 4 айы көлемінде -32 986 711 теңге мемлекет қаржысы жымқырылған. Яғни, 2012 жылдың 1 қаңтарынан бастап 2017 жылдың 30 сәуіріне дейінгі аралықта жалпы -403 166 181 теңге көлеміндегі мемлекет қаржысы алаяқтық жолмен талан-таражға салынған. Түркістан облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 31.10.2018 жылғы үкімімен Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары М.Ташматов 7 жылға, М.Турлыбаев 7 жылға, ал осы қылмыстық істің басты ұйымдастырушысы И. Джунусалиева 8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қылмыстық іс бойынша басқа сотталушыларға шартты түрде бас бостандығынан айыру мен бас бостандығын шектеу түріндегі жазалар тағайындалған. Сот барысында сотталған жұмыспен қамту орталығының бұрынғы мамандары М.Ташматов, М.Турлыбаев және И.Джунусалиева бұл іске мекеме басшысы А.Жамалбековтың ешқандай қатысы жоғын көрсеткен. Қысқаша айтқанда, директордың жымқырылған қаржыға қатысы болмаған ол тек тек өз міндетіне ұқыпсыз қараған. 

А.Жамалбеков сотта кінәсін толық мойындап, директорлық  қызметке 29 жасында келгенін және жастықпен міндеттеріне немқұрайлы қараған болуы мүмкін екенін айтқан. Бөлімдердің қызметтеріне бақылау жасауға барынша тырысқанын, алайда, күнделікті әкімдіктегі жиналыстар мен басқа да іс-шаралардан, іссапарлардан қолы босамай, уақыты жетпей қалғанын, сол себепті арнайы бұйрықпен қаржылық құжаттарға қол қою құқығын орынбасарына жүктеп қойғанын мәлімдеген. 

Сот үкімімен Асылжан Жамалбеков Қылмыстық кодекстің  371-бабы 2-бөлігімен кінәлі деп танылып, оған 3  жыл мерзімге мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 2000  айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 4 538 000  теңге айыппұл жазасы тағайындалды. А.Жамалбеков былтыр 24 шілдеде үйқамаққа алынған. Осы кезден сот үкімі заңды күшіне енгенге дейінгі аралықтағы бір күн айыппұл түріндегі жазаның екі айлық есептік көрсеткіші болып есептеледі. Яғни, оның үйқамақта отырған әр күніне екі айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі айыппұл шегеріліп тасталады деген сөз. Бұл дегеніңіз кем дегенде бір миллион теңгеден астам қаражат. Яғни, А.Жамалбеков қазірдің өзінде айыппұлдың төрттен бірін өтеп қойды деген сөз. 

Айтпақшы, сот үкімінде оның қылмыстық жауапкершіліктен жалтару үшін қашып кеткені туралы ештеңе жазылмаған. А.Жамалбековтың өз еркімен полицияға келгені биыл қаңтарда ақпарат құралдарында жарияланды. Үкімнен кейін оның құқық қорғау органдарына   былтыр шілдеде келгені белгілі болып отыр. Сонда халықаралық іздеудегі айыпталушының өз аяғымен келгенін тергеушілер неге  алты ай бойы жасырып келген? 

Әл-Фараби аудандық сотының үкімі әлі күшіне енген жоқ. 


Ливан экономикасы төмен, «қоқыс» елге айналды
Прокуратура: «Дулат Ағаділдің денесінде зорлық-зомбылық белгілері анықталған жоқ»
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу