Кәрім Мәсімов командасымен кетті...

Oinet.kz 29-07-2010 763

Screenshot_10.jpg

Жарты жылдық жұмысын қорытындылаған Үкімет демалысқа кетті. Министрлердің демалысы қысқа болмақ. Дегенмен, әрқайсысы демалысын әрқалай жоспарлары анық. Бұл орайда, алда атқарар жұмыстың көптігін айтқан Үкімет басшысы Кәрім Мәсімов «отпускі» бойынша екі ойлы болып отыр. Қаржы министрі Б.Жәмішев те журналистерге есептен бас көтере алмауы, демалуға уақыты бола қоймауы мүмкін екендігін жеткізді. Ал, биыл Кеден одағына байланысты көп «жүгірген» Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова отбасымен Түркияда демалмақ. 

Үкіметті басқару мерзіміне қатысты «рекордты» жаңартуға жақын қалған қазіргі Премьер-министр 2010 жылдың жартыжылында өз командасының жақсы жұмыс істегенін айтып отыр. Дегенмен, ертеңгі күннің еншісіндегі тірлік те аз емес. Тамыздың орта кезіндегі келесі Үкімет отырысында биылғы екінші жартыжылдықтың мақсаттары мен 2010 жылдың бюджетінің нақтылануы мүмкін жобасы қарастырылмақ. Сонымен қатар, Қазақстанда өтетін ЕҚЫҰ саммиті, алдағы Азиада, жыл соңындағы Индустриялдық-инновациялық бағдарламаның екінші жартысы бойынша атқарылатын жұмыстар, екінші жартыжылдықтағы Жол картасы, «2020 Бизнестің жол картасы» міндеттері, сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және еңбекпен қамту бағдарламаларын қабылдау мәселелері тұр. 

Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген мәжілісінде республиканың ағымдағы жылдың І жартыжылдығындағы әлеуметтік экономикалық дамуының қорытындысы талқыланды.  Отырыста ортаға салынған деректерге қысқаша тоқталып өтелік. Инфляция деңгейі қаңтар айында 1,4 пайызды құраса, шілдеде 0,2 пайызға дейін төмендеген. 2010 жылдың бірінші жартыжылдығына еліміздің халықаралық қорларының көлемі 5,7 млрд. АҚШ долларына өсіп, 53,1 млрд. АҚШ долларын құрады. Соның ішінде ұлттық қор активтерінің көлемі 26,5 млрд. АҚШ долларына жеткен. «Үстіміздегі бірінші жартыжылдықтың қорытындылары Қазақстан экономикасының және әлеуметтік дамудың өсу траекториясына шыққанын айтуға мүмкіндік береді. Есепті кезеңде жалпы ішкі өнімнің өсуі 8 пайыз деңгейінде бағаланып отыр»,- деді Үкімет отырысында баяндама жасаған Экономикалық даму және сауда министрі Жанар Айтжанова. Экономиканың қалпына келуіне Үкімет қабылдаған дағдарысты еңсеру бағдарламасы аясындағы және дағдарыстан кейінгі даму базасын құруға бағытталған шаралар айтарлықтай үлес қосқан. Өнеркәсіп өндірісі бірінші жартыжылдықта өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 11 пайызға өскен. «Экономикалық сапалы алға жылжудың басты көрсеткіші өңдеу өнеркәсібі өндірісінің өсімі болып табылады. Бұл өсім көрсеткіші 18,3 пайызды, ал кен өндіру өнеркәсібі өсімінің қарқыны 6,3 пайызды құрады», - деді  министр Ж. Айтжанова.

Машина жасау сапалы деңгейде дамуда, мұндағы өндіріс көлемінің өсімі бірінші жартыжылдықта 67,8 пайыз болған. Химия өнеркәсібінде қосымша өндірістің артуы 67,5 пайызға жеткен. Сонымен қатар, мал шаруашылығы көрсеткіштерінің 3,3 пайызға артуына байланысты, ауыл шаруашылық өнім өндірісі 3,1 пайызға жоғарылады. Жалпы инвестиция құрамында кәсіпорындарының өз қаражаттарының үлесі артып, 45 пайызға жетті. Инвестициялардың үлесі ауыл шаруашылығында 40,2 пайызға, өнеркәсіпте 27,7 пайызға, құрылыста 39,8 пайызға, электр энергиясы саласында 54,8 пайызға өскен.

2010 жылдың бірінші жартысында мемлекеттік бюджетке 2036,7 млрд. теңге немесе есептік кезеңдегі төлем бойынша жоспардың 93,7 пайызы түскен. Бұл жөнінде Қаржы министрі Болат Жәмішев хабардар етті. Шығыстар 2241,3 млрд. теңгені немесе есептік кезең жоспарының 93,4 пайызын құраған. Ал бюджет тапшылығы 204,5 млрд. теңге көлемінде болып отыр. «Бюджет қаражатының бос қалдықтары есептік кезіңнің соңында 14,4 млрд. теңгені құрады», - деді Қаржы министрі. Кірістер өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 19,6 пайызға ұлғайып, 2034,7 млрд. теңге болған. Салық түсімдерінің 1081,4 млрд. теңгеге немесе 106,7 пайыз жиналған. Корпоративтік табыс салығы 101,3 пайызға орындалды. Ал, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіқалықова келтірген деректерге қарағанда, ағымдағы жылдың басында жұмыссыздар саны 524 мың адам, жұмыссыздық деңгейі 6,3 пайыз болса, жылдың екінші тоқсанында жұмыссыздардың саны 504 мың адамға дейін, жұмыссыздық деңгейі 5,8 пайызға дейін қысқартылған. Ағымдағы жылғы сәуірдің 1-інен бастап бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысын есептеу үшін қолданылатын базалық лауазамдық жалақының мөлшерін 10890 теңгеден 13613 теңгеге арттыру арқылы бюджет саласы қызметкерлерінің жалақысы 25 пайызға арттырылған. Ол үшін 1,4 миллион бюджет саласының қызметкерлеріне мемлекеттік бюджеттен қосымша 53,8 млрд. теңге бөлінген. «Өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда ағымдағы жылдың екінші тоқсанында жұмыспен қамтылған халықтың саны 213 мың адамға көбейіп, 8,1 миллион адамды құрады», - деді Г.Әбдіқалықова. Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмысқа орналасуға 260 мың адам өтініш білдірсе, оның 196 мыңы жұмысқа орналастырылған.

 Ауыл шаруашылығы министрі Ақылбек Күрішбаевтың мәлімдеуінше, еліміздің батыс өңірлеріндегі құрғақшылық салдарының алдын алу үшін солтүстік аймақтардан 400 мың тонна астық тасымалданатын болады.Осылайша батыс аймақтар астықпен қамтамасыз етілмек. «Екіншіден, құрғақшылықтан зардап шеккен ауыл шаруашылық тауарларын өндірушілерінің қарыздарының мерзімін ұзарту мәселесі қарастырылып отыр. Бұл жұмыспен қазір «ҚазАгро» айналысуда. Атап айтқанда, әрбір шаруашылықпен жеке-жеке жұмыс атқарылатын болады», - деді А.Күрішбаев. Министр мал шаруашылық саласында тұрақтылық сақтау тұрғысында, әсіресе, малдың аналық басын төмендетпеу үшін Үкіметтің резервінен қаражат бөлу қажет деп есептейді. Азық-түлік корпорациясы батыс өңірлерде арнайы тұқым қорын даярлап жатыр. Бұл құрғақшылық салдарын төмендетуге бағытталып отырған шаралардың бірі. 

Жанар-жағармай экспортына еліміздің Кедендік одаққа енуіне байланысты енді шектеу қойылмайды. Дегенмен, өткен жылдың қарашасынан бері тұрақталған баға алдағы уақытта өзгермейді. Үкімет отырысынан кейін БАҚ өкілдеріне сұхбат берген Премьер-министр Кәрім Мәсімов бағаның тұрақты болатынына уәде берді. «Әрине Кедендік одаққа қатысты мәселелер бар. Өйткені Ресей Федерациясы нарығындағы жанар-жағармай бағасы Қазақстанға қарағанда жоғары. Біз қазір Ресейдің Қазақстан тәжірибесін зерделеуі үшін кеңес берулер өткізіп, саясатты келісудеміз. Бұл мәселені «қолмен басқару режимінде» шешу қажет, дегенмен біз бағаның тұрақты болатындығына уәде береміз», --деді К.Мәсімов. Үкімет үлескерлер қаржысын жедел түрде қайтарып, олардың проблемаларын түбегейлі шешуге ниетті. 2011 жылы сыртқы нарықтағы сұраныс құлдырайды. Бұл орайда Үкімет өте сауатты макроэкономикалық саясат жүргізіп, әрбір қадамын салыстыра тексермек. Премьер-министр Үкімет Елбасы тапсырмасын нақты орындап отырған өте ұйымшыл команда екенін айта келе, кемшін тұстар мен сынға алынып отырған Министрлер кабинеті мүшелері барын да тілге тиек етті. «Өзіңе-өзің баға беру айтарлықтай қиын. Бірінші кезекте жұмысты Президент, Парламент және еліміздің халқы бағалауы тиіс», - деді К.Мәсімов.

Ауыз су және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бағдарламалары күзде қабылданбақ. «Ауыз су мәселесін бірінші орынға қояр едім. Бұған дейін болған бағдарламада оң және теріс тұстары болды. Біз осы мәселені Үкімет отырысында тыңғылықты талқылап, кемшін тұстарды ескеріп өттік және бағдарлама жобасы таныстырылды. Менің пайымдауымша, қыркүйек - қазан айларында бюджетпен бірге осы екі бағдарлама қабылданатын болады»,-деді премьер-министр. Сондай-ақ, Үкімет басшысы журналистердің сауалдарына жауап бере келе, Ресейдің Қазақстанға бірқатар тауарларды тасымалдауға шектеу қойып отырғандығы техникалық қиындықтарға байланысты туындап отырғанын айтып өтті. Жаңа Кедендік кодекс іске қосылғанымен, Ресей Кеден қызметінің Федералдық заңы қабылданбаған. Осыған орай Ресейдің Қазақстанға бірқатар тауарларды тасымалдауға шектеу қойылып отыр. 

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Президент Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары мен облыс әкімдеріне халықпен жиі кездесуді тапсырды
Ордабасы ауданының әкімі кімнің шікірәсі?
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу