Ордабасы ауданының әкімі кімнің шікірәсі?

Oinet.kz 29-07-2010 1109

Screenshot_11.jpg

Міне, облыс әкімінің бірінші орынбасары Берік Оспановтың «Рейтинг» газетіне жолдаған қызметтік хатын қаз-қалпында беріп отырмыз. «Адамды жылы сөз емес, сын ширатады» деген екен Мұхаң, Мұхтар Әуезов. Сол айтпақшы «Рейтингте» жазылған әділ сынды түсіністікпен қабылдаған облыс әкімі кемшілікке кінәлілерге шара қолдануға пәрмен бергенін бұған дейін де жазғанбыз. Дұрыс-ақ,«ауруын жасырған аңдамай  өледі» демекші, халықтың көз алдында болып жатқан кемшілікті жауып, жасырып қалу бәрібір ертеңгі күні ешкімге абырой әпермейтіні анық. Былтырғы қарашада Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде көтерілген Ордабасы ауданындағы ауыз су  мәселесін оңынан шешуге салғырттыққа,  шалағай тірлікке жол бергені  үшін бірқатар лауазым иелері қатаң тәртіптік жазаға тартылуы газетте мәселенің орынды көтерілгенін, мақаланың дұрыс  жазылғанының жарқын дәлелі. Алайда, облыс әкімі шара қолданып жатса нақты айғақпен айтылған сынды мойындамай шала бүлініп, оны жоққа шығаруға жанталасқан, бос әурешілікке түскен Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеевтің ақылға қонымсыз әрекеттерін түсіне алмадық.  Ол осы сыннан кейін жұмысын ширатып, бір шоқып, екі қарауды үйренуі тиіс емес пе еді. 

«Рейтинг» газетінде мақала жарық көрген соң Шоқан Кенжеев іле-шала баспасөз мәслихатын өткізіп «негізсіз ақпарат таратылды» деуі «сасқан үйрек артымен сүңгидінің» керін келтірді. Сонда газет сынына байланысты  облыс әкімінің қолданған шарасы да негізсіз болып шықпай ма? Сынның әділ екенін облыс әкімінің  бірінші орынбасары Берік Оспанов бастап, оны бір емес бірнеше басқарма басшылары қоштап, кері кеткен тірліктің кенеуін бірге келтіруге, алдағы уақытта бірлесе жұмыс атқаруға бейіл білдіруге көшсе, Шоқан Кенжеевтің «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ» дегенге сай тірлік жасағаны қалай? Сөйте тұра сол баспасөз мәслихатында өзінің орынбасарын, екі бөлім бастығын қызметінен босатқанын айтып қалды. Кемшілік жоқ болса  қарамағындағы қызметкерлерін не үшін жұмыстан босатты? «Темірлан ауылында жыл басынан бері 223 мың текше метр ауыз су пайдаланылды. Құбыр жүйесінде су үзілген жоқ» деп айтқан сөзінен аудан әкімінің мақаланы дұрыстап оқымағанын аңғардық. Себебі, «Елдің де, Елбасының да алданғаны ма?» атты мақалада «Темірланда су жоқ» деген сөйлемді таппайсыз. Шын мәнінде Қажымұқан-Қараспан топтық су жүйесі пайдалануға дайын. Оны кезінде «Рейтингте» жазғанбыз. Мердігер өзіне тиісті міндетін толық атқарып шыққан. Әңгіме тек дайын тұрған нысанды дұрыстап пайдалануда. Оған да шамасы келмесе аудан әкімінің бізге өкпелеудің реті бар ма? Шоқан Кенжеев өзі үшін өзгелердің жазаланғанын, отбасын асырап отырған адамдарды нәпақасынан айырғанын түсіне ме? Мұндайды түсіну үшін адамға ар-ұят керек қой. 

Ордабасы ауданындағы ауыз су мәселесін бір ғана «Рейтинг» газеті жазған  жоқ.  Осы тақырыпқа орай журналистік  зерттеу жүргізген  «Рабат» газеті былай деп жазады: 

«Таза суға ауданның барлық тұрғыны жарып отыр деуге болмайды. Ауылдағы ағайынның айтуынша еңісте орналасқан көшелерге су беріліп жатқанымен жоғары жақта тұратындардың қолы әлі суға жетпеген. Облыс әкімі суды қосып, елді құттықтап кеткен кезде ауыл толық сумен қамтамасыз етілгені рас. Алайда, арада аз ғана уақыт өтісімен айырмашылық байқалған. Екі ай ғана суға қарық болған  ағайынның бүгінде аңқасы кеуіп отыр. Ауылдың төменгі жағасы суға қарық, ал жоғарыдағылар баяғы әләуләйімен жүр. Мұнда көптеген түсінбеушіліктер орын алуда. Ауыз су саласының көпшілікке белгісіз сыры көп екен. Ауыз су үшін бюджеттен 75 пайыз субсидия бөлінетін көрінеді. Кеткен шығынды осы субсидия арқылы жауып отырады. Үкімет көмек бермесе ауылдықтардың қалтасына ауырлық түсетіні анық. Қысыммен айдау үшін де электр энергиясы көп жұмсалады. Ол дегеніңіз, әрине мол қаражатты талап етеді. Сондықтан да аталмыш ауылды тәулік бойы сумен қамтамасыз ету мүмкін емес көрінеді. Қазір Темірлан ауылының белгілі бір бөлігі ғана ауыз су ішіп отыр. Онда да 3-4 сағат қана. Бәрі шелегін дайындап су келетін уақытты аңдып отырады. Ал басқа уақытта су тетігін ашсаңыз тамшы тамбайды».  

Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының дерегіне жүгінсек,  желтоқсанның ортасында Қажымұқан-Қараспан топтасқан су жүйесі мемлекеттік қабылдаудан өткізу жайлы мемлекеттік комиссияның сүзгісінен өтіп, оның шешімі 25 желтоқсанда шығады. Яғни, мердігер нысанның құрылысын толық аяқтап, аудан әкімдігінің құрылыс бөліміне өткізді деген сөз. Алайда, аудандық тұрғын үй-коммуналдық  шаруашылығы нысанды өзінің балансына тек 30 сәуір күні қабылдайды. Сонда екі аралықта 4,5 ай бойы аудан әкімдігінің қызметкерлері ұйықтап жүрген бе? Ол ол ма, Елбасы назарындағы нысан әділет басқармасына тек 25 маусым күні тіркелгені жұмыстың созылып кетуінің айқын көрінісі емес пе? Сонда құрылысы толық аяқталып,  пайдалануға дайын нысанды тіркеудің өзіне жарты жыл уақыты кеткені бұл ауданда жұмыстың қалай үйлестіріліп отырғанын байқатса керек.   

Президент өзінің жеке қадағалауына алған Қажымұқан-Қараспан топтық су жүйесінің құрылысын аяқтап, пайдалануға берудің айрықша маңызға ие болатынын аудан әкімі білмеді ме? Білді. Ұмытып кетті деуге де қисын келмейді. Әйтпесе теледидар мен баспасөз беттерінен Елбасыны күнде көреді ғой. Көрген сайын аудандағы ауыз су мәселесі есіне түсіп, өзін қамшылап, түн ұйқысын төрт бөлсе де  осы жобаның ойдағыдай жүзеге асуына барынша атсалысуы тиіс еді. Мұны Шоқан Кенжеев істеген жоқ.  Облыс әкімі өзіне тиесілі міндетін толық атқарды. Ордабасы ауданындағы ауыз су мәселесін Үкіметте көтеріп, қомақты қаражат бөлдірді. Тендерді дер кезінде өткізіп, өз жұмысына тиянақты қарайтын мердігерді анықтады. Тіпті былтыр желтоқсанда құрылыс біткен соң Ордабасыға арнайы ат басын бұрып,  топтасқан   су жүйесінің іске қосылуымен тұрғындарды құттықтап қайтты.  Былайша айтқанда,  шайнап берген асты жұту ғана қалды.  Бірақ аудан әкімі Шоқан Кенжеевтің оған да қауқары жетпеді. Мамандардың пікірінше, бұл шаруаны алдын-ала дайындықпен кіріскенде бір-екі аптада, әрі кеткенде бір айда-ақ тындыруға болады. Әйтпесе, Елбасы қадағалауындағы нысанның тірлігін аяғына дейін абыроймен жеткізу   телекөпірге дайындықпен бірге мұның да дайындығы қоса жүруі керек еді ғой. Қажымұқан-Қараспан топтасқан су жүйесінің толық іске қосылмауының жалғыз себебі, міне, осы. 

Мақала дұрыс болмаса, қатаң шаралар қабылданбайтын еді

Берік Оспанов, облыс әкімінің бірінші орынбасары: 

 -- «Рейтинг» газетінде Ордабасы ауданындағы ауыз су мәселесі   көтерілген соң облыс әкімінің тікелей  тапсырмасымен тиісті басшылардың, оның ішінде менің де жауапкершілігім қаралды. Мақала дұрыс жазылмаған деп ешкім айтып отырған жоқ. Егер мақалада көтерілген мәселелер дұрыс болмаса мұндай қатаң шаралар қабылданбайтын еді. Елбасының қатысуымен өткен жалпыұлттық телекөпірде облыс әкімі 2009 жылдың соңына дейін Темірлан ауылындағы ауыз су мәселесінің толық шешілетінін айтқаны мәлім. Бастысы – жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталды, нысан қабылданды. Демек, іске қосылды деген сөз. Ал одан кейін туындаған мәселелердің облыс әкімінің сөзіне қатысы жоқ. Аудандық әкімдіктегілер су жүйесін шұғыл түрде республикалық балансқа ауыстырып, іске қосуы тиіс еді. Бірақ, осы мәселеге келгенде аудан әкімдігінің «ұйықтап» қалған жағдайы бар. Қажымұқан-Қараспан топтық су жүйесін республикалық балансқа өткізу туралы тиісті бұйрық тек 2010 жылы маусымның 25-күні шыққан. 

Шенеуніктердің қызметтен босап жатуы бекер емес. Мемлекеттік қызметкерді бостан-босқа жұмысынан босатпайды. Бірақ, кейде артық шаралар да қолданып жіберетініміз бар. Қызметінен кеткендерге кешіріммен қарап, ескерту берумен шектелуге де болар еді.  Бірақ, бұл жолы қабылданған шешімдер басқаларға сабақ болсын дедік. 

Бұл шенеуніктерге облыс әкімінің берген жазасы өте орынды

Қалдархан Момбеков, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының сумен жабдықтау бөлімінің бастығы:

-- Қажымұқан-Қараспан топтасқан су жүйесі 2009 жылы 11 желтоқсанда  комиссияның актісімен қабылданған. Содан кейін аудан әкімінің өкімі шығып, мемлекеттік комиссияның шешімі бекітіледі. Сол шешімде су жүйесі кімнің балансына өтетіні көрсетілген. Заң бойынша  мемлекеттік комиссия кемшіліктерді анықтап, мердігер компания соларды қалпына келтіруі керек. Бірақ аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі нысанды мердігерден табаны күректей төрт айдан соң, тек 2010 жылдың 30 сәуір күні қабылдап алады. Сонда ғана есептеу жұмыстары жүргізіліп, судың бағасы 40 теңгеден асып кететініне көздері жеткен. Техника мен қызметкерлердің жетіспеушілігі, сондай-ақ, судың өзіндік құны жоғары болуының салдарынан топтық су жүйесін ұстап тұруға өздерінің шамалары жетпейтінін түсінген соң республикалық меншікке өткізу туралы ұсыныс жасайды. Аудан әкімінің, коммуналдық-шаруашылық бөлімдегілерінің  үлкен қателігі – бұл жағдайды алдын-ала ойластырмаған. Қажымұқан-Қараспан топтық су жүйесінің құрылысы екі-үш жыл бойы жүргізілді. Нысанның құрылысы біткеннен кейінгі тірлік қандай болатынына ешкімнің басы ауырмаған. Аудан әкімдігі, коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмыс істемей, дайындық шараларын жүргізбеген. Яғни, бұл шенеуніктерге облыс әкімінің берген жазасы өте орынды. Негізі, аудан әкімі мен оның қарамағындағылар жағдайды  желтоқсан айында-ақ, тіпті одан да бұрын түсінуі тиіс еді. Дайындық жұмыстарын сонау қазан, қараша айларында бастағанда топтық су жүйесін республикалық меншікке  наурыз айына дейін-ақ өткізіп, толыққанды жұмысты бастап  кетуге, яғни тиісті қысыммен тәулік бойы су беруге  болар еді. Нысанды республикалық меншікке өткізу жұмыстары енді ғана қолға алынып отыр. Ол жұмыстардың қашанға созылатыны белгісіз. 

Іс насырға шапқан соң, өзіміздің де жүгіруімізге тура келді

Сембай Сейсенов, «Оңтүстіксушар» МҚК директоры. 

-- Шілде айының басында штат кестесін бекітіп, жұмысқа кірістік.  Мамандарды қабылдап, аудандық филиалдың басшысын тағайындадық. Бұл құны 1 миллиард 300 миллион теңгені құрайтын күрделі құрылыс, сондықтан бізге артылған жауапкершілік те өте үлкен болмақ. Ол жобада не қаралды, құрылыс өз деңгейінде жүргізілді ме, жоқ па, ол жағын білмейміз. Себебі басы-қасында әлі болғанымыз жоқ. Біз арнайы комиссия құрып, зерттеу жүргіземіз. 4300 абоненттің барлығына су анық барды ма, оның сапасы қандай? Оның жартысы қойылып, жартысы орнатылмаса не істейміз?  Осыны зерттеп, нақты шешім қабылдау керек. 

Дәл қазір біз нысанды  қабылдағанмен, оның базасы, қызметкерлер отыратын ғимараты, техникасы жоқ. Енді өзіміз үнемдеп, бір жерден уақытша болса да техника алып, болашақта  жүйеге түсіруіміз керек. Қалай болғанда да биыл  субсидиядан қағылдық.  Қазір келесі жылдың бюджетін нақтылау жүріп жатыр. Сондықтан субсидияландыруды келесі жылдың бюджетіне кіргізуге асығуымыз керек. Тағы бір-екі ай кешіксек, оған да ілінбей қаламыз. Айта кетерлігі, біз қабылдаушы мекеме болғандықтан бізге құжаттарын дайындап әкелуі тиіс. Бірақ іс насырға шаба бастаған соң өзіміз де атсалыса бастадық. Шыны керек, құжаттарды ретке келтіру жұмыстары бойынша өзіміздің де жүгіруімізге тура келді. Жұмысты жүргізу жағынан салғырттыққа жол берілген.  

 Негізі, әр ауданда коммуналдық мекеме болуы керек, себебі елді мекендер көп қой. Мысалы, жақын арада Ордабасы ауданындағы Бөген ауылындағы су құбырының құрылысы аяқталады. Оны кімге тапсырады? Ол жағы белгісіз. Бюджет пен «Жол картасының» есебінен атқарылған нысандардың барлығын тек коммуналдық мекеме қабылдап алуы тиіс. Құрылыс аяқталған соң оның егесі, штаты бекітілуі керек. Бүгін тапсырылған нысан ертесіне-ақ жұмыс істеп, ол үшін алдын-ала жұмыстар жүргізілуі керек. Бұрын Темірлан ауылын ауыз сумен қамтамасыз ететін коммуналдық мекеме бар еді, қазір оның қайда кеткенінен  хабарым жоқ. Аудан әкімінің берген түсініктемесіне қарағанда, ауыз су жүйесінің барлығы жаңадан  салыныпты. Ол енді шындыққа келмейтін шығар, бұрынғы мекеме болуы керек. Сол мекеме қайда кетті?  

P.S. Сенімді ақпарат көздеріне жүгінсек, жуырда бірнеше аудан, қала әкімдері қызметтерінен кеткелі жатыр. Оларға артылған негізгі кінә - облыс әкімінің назарындағы ауыз су мәселесін шешуде қанағаттанарлық жұмыс атқара алмауы көрінеді. Осыдан кейін елді де, Елбасыны да алдап, халықты сумен дер кезінде қамтамасыз ете алмаған Ордабасы ауданының әкімі Шоқан Кенжеевті де өз қызметіне лайықты деп айта аласыз ба? Күні кеше Ордабасы ауданында тағы бір адам  қырым-қанды безгегін жұқтырғаны мәлім болды. Залалсыздандыру жұмыстары жүргізілгеннен кейін тағы да осындай жайт тіркелсе осы салаға жауапты азаматтардың жауапкершілігін қарау керектігін бұған дейін облыс басшылығы бір емес, бірнеше рет ескерткен. Осы жағдайлардан кейін Шоқан Кенжеевтің әлі де қызметін атқара беруі қаншалықты әділдікке жатады? Заң, тәртіп, талап барлық әкімге бірдей емес пе? Кенжеевтен ол әкімдердің қай жері кем? Қалай айтсақ та, «жүйелі сөз киесін табады, жүйесіз сөз иесін табады» деген, бірқатар баспасөз беттерінде байбалам салып, жүйелі сөз айта алмаған Шоқан Кенжеевтің «Рейтинг» газетіне қатысты арға да, заңға да сыймайтын негіссіз сын айтқаны, іскерлік беделіне нұқсан келтіргені үшін әлі де бөлек әңгіме қозғалады

Oinet.kz мұрағатынан

0d79983a0d0343a18d1c26f5c31f5a81.jpg

Кәрім Мәсімов командасымен кетті...
Мал қорадағы масқараны көрген Президент облыс әкімін қызметінен қуды (видео)
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу