«Тәшкен көрген баланың» тірлігі қандай?

Oinet.kz 05-08-2010 988

Screenshot_4.jpg

Орынтаққа жайғасқанына 100 күн толып отырған Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов кадр саясатын қалай жүзеге асырып жатыр? 

    Кеңестік кезеңде бірінші хатшының жүз күні дейтін мақалалар жазылатынын білеміз. Осы дәстүрді соңғы жылдары әкімдер қайта жаңғыртып жатыр. Тіпті, бірқатар аудан, қала әкімдері атауы суық хабар сияқты ызғарлы естілетін бұл күнді ұлан-асыр тойлап, әлі жасалмаған тірліктерін жарнамалағанда шектен шығып кететінін көріп жүрміз. Осы аптада күні кеше ғана мемлекет басшысың қабылдауында болған, тұрғыны мол, тірлігі көп, аумағы үлкен, бір шуы басылса бір шатағы шығатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі орынтағына отырғанына жаңа әкім Асқар Мырзахметовке жүз күн толып отыр. Әлдебір әкімдер секілді бұқаралық ақпарат құралдарынан жиі көрінуге, құрғаз уәде беруге құмарлық Асқар Исабекұлының бойынан байқалмайды. Тірлігін жарнамаламай-ақ талай тың бастамаға бастамашы болуда. Енді айтқан сөздері, қолға алған жаңа бастамалары қаншалықты нақты нәтижеге ұласатынына ел назарын тігіп отыр. «Ердің екі сөйлегені өлгені» дейтін халық даналығы осындайда ойға оралады. 

   Сонымен, әкім жүз күндігін қаншалықты атап өтетінін онша білмедік. Білетініміз, облыстық әкімдік құрылтайшы болып табылатын «Оңтүстік Қазақстан» газеті Асқар Мырзахметовтің жүз күні мен әкімдік тізгініне жан-жақты тоқталып, мақалалар топтамасын жариялауды қызу бастап жіберді. Алдағы уақытта мемлекеттік қаржымен күн көретін облыстық телеарна тікелей эфир ұйымдастырып, әкімнің елге есеп беріп қоюына еңбек сіңіреді екен. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдарынан жеке меншік баспасөз өкілдері де қалыспай әрқайсысы әкімнің жүз күні жайлы әрқилы әңгіме қозғайтыны анық. Осы орайда біз де, үнсіз қалуды құп көрмей, облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің кадр саясатына байланысты ой-пікірімізді көпшілікпен бөлісуді жөн көрген едік. Әрине, әкім Асқар Исабекұлының бұдан басқа да жұмысы төңірегінде жұртқа біраз жайтты баяндауға әбден болады. Десек те, әкім қанша талпынсын, қандай бастаманы қолға алмасын «жалғыздың үні, жаяудың шаңы шықпастан» іс тетігін командасындағы кадр шешетіні» әлдеқашан дәлелденген дүние. Кадр саясатына жеке-дара тоқталып отырғанымыз сондықтан. Ендеше, Мырзахметовтің командасына кірген су жаңа кадрлер кімдер екеніне тоқталып көрсек...

Жақында облыстық әкімдіктің мәжіліс залында қоғамдық форум өтті. Экс-әкім Нұрғали Әшімовтің тұсында да өтетін қоғамдық форумда ат төбеліндей атақты адамдар мен атқамінерлер жиналып алып, халықтың тағдырын сырттай талқылау барысында сценарийден ауытқымай әжептеуір таласып-тартысып қалатын. Бұл жолғы қоғамдық форум шын мәнінде де атына заты сай болды.  Зал толы көпшіліктің арасынан кім болса да көкейдегісін ірікпей айтуға мүмкіндік туып, әдеттегідей тізімдегі адамдар алдын ала екі жақты ақылдасып жазып әкелгенін оқитын көзбояушылыққа  жол берілген жоқ.  Әркім пікірін жасқанбай ашық айтып іштегі шерін тарқатып алған соң  олар енді көшеде, көпшіліктің арасында мемелкет басшысының саясаты, тапсырмалары мен жергілікті атқарушы биліктің іс-әрекеті жайлы ардан безбесе артық-ауыс әңгіме қозғамайтыны анық. Облыс әкімінің орынбасары Ерлан Қуанышұлы Айтаханов алдағы кезде атқарылатын тірліктерді нақты цифрлармен тілге тиек етіп, экономика мен елдің жағдайын жақсарту, еңсесін тіктеу қалай жүзеге асатынын «жілік-жілікке» бөліп баяндағанына риза болдық. Ең жауапты сала – қаржы жағының  жауапкершілігін арқалап отырған жаңа кадр, осы Ерлан Айтахановтың сөзі нық, мінезі тік, тірлігіне мықты екенін елден де жиі естіп, өзіміз де куә болып жүрміз. Облыста талай жауапты қызметтердің тізгінін ұстаған, бүгінде сенатор ретінде де елдің қамын күйттеп белсенділік танытып жүрген Қуаныш Айтахановтың ұлы қазіргі қарқынынан таймай, шыңдала түссе келешекте биліктің  жоғары эшалонына жолдама алмасына кім кепіл? «Әке көрген оқ жонар» деген осы ғой.

   Тек осы форумдағы бір әттеген-айы дегізетін жайт, облыс әкімінің  бірінші орынбасары дейтін дардай атқа ие Берік Оспанов «Азат» партиясының өкілі Шаруа Пірматтың қойған қарапайым сауалдарына жауап бере алмай қара басқаны қатты ұят болды. Алдымен Берік Оспанов қазақшасы тәп-тәуір бола тұра орысша баяндама жасап тақыр жерден оңбай сүрінді. Бұған бір кездері «Қазақ тілі» қоғамын басқарған, мемлекеттік тілдің мерейін өсіруге әлі жанашырлық жасаудан жаңылмай келе жатқан Шаруа Пірматтың ауыр сын айтқанын түсінуге тиіспіз. Себебі, қазақылығының қаймағы бұзылмаған Оңтүстік Қазақстан облысының іс-қағаздарын мемлекеттік тілге толық көшіргенін жаһанға жариялап, алақайлап сүйінші сұрағанымызға табаны күректей тоғыз жыл болды. Осыны білмей, әлде білсе де облыс әкімінің білдей бірінші орынбасары Берік Оспановтың орысша баяндама жасағаны дұрыс болмады. Мұны бір деп қойыңыз. 

Екіншіден, ең масқарасы сол, жұмыссыздықты азайтуды, жұмысқа қамтуды күшейтуді баяндамасына арқау еткен Берік Оспанов Шаруа Пірматтың «сен құрғақ цифрмен, жалаң көрсеткішпен көпшік тастағанша нақты қанша кәсіпорын биыл іске қосылмақшы?» деген сауалына жауап таппай әкім жаққа жас балаша жәутеңдегеніне, нашар оқушының күйін кешкеніне не күлерімізді, не жыларымызды білмедік. Берік Оспанов «биыл сегіз кәсіпорын іске қосылады»  деп алып,  мінберден түспей баяндамасын ұялып-қысылмай қанша ақтарса да саусақпен санауға болатын, облыс әкімінің бірінші орынбасары түгілі бірінші сыныптың оқушысы жаттап алатын сол сегіз кәсіпорынның атын атай алмай, тым болмаса түсін түстеп бермесе түңілмегенде қайтесіз? 

Берік Оспанов негізінен ауыл  шаруашылық саласына жауап беретін орынбасар болса таяуда осы салаға, яғни, облыстық ауыл шаруашылық басқармасын басқаруға жаңа кадр тағайындалды. Ол - Қанат Ыдырысов. Бұрын-соңды бұл облыста шөптің басын сындырып көрмеген азамат. Аграрлы облыста шеттен шақырылған екі бірдей кадрға кезінде ауыл шаруашылық министрі болған Асқар Мырзахметовтің өзі қол  ұшын созып, қолғабыс тигізіп отырмаса екеуіне де елдің сенімінен шығу қиын сияқты. 

Өткен аптаның соңында көптен бері бос тұрған облыс әкімінің орынбасары орынтағына кім отырғаны белгілі болды. Ол бұған дейін облыстық автомобиль жолдары департаментінің директоры болған Болатбек Әлиев. Кезінде Болатбек Әлиев жайлы көлемді мақала жариялағанымыз  көпшіліктің арасында қызу пікірталас туғызған болатын. Сол кезде Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті облыс әкімі Нұрғали Әшімовке жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан босатылған адамды мемлекеттік қызметке қабылдауға болмайтынын ескертіп, Болатбек Әлиевті департамент директорлығынан босату туралы ұсыныс жібергенін кеңінен жазған едік. «Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығын жасағаны үшін жұмыстан қуылған адамдар мемлекеттің органдар мен ұйымдарда кез-келген лауазымда жұмыс істеуге өмір бойы тыйым салынады» деген Елбасының тапсырмасын да ерекше еске салғанбыз. Бәрібір бұрынғы облыс әкімі Болатбек Әлиевті жұмыстан босатқан жоқ. «Мұртқа өкпелеп жүргенде сақал шықты» демекші, жаңа облыс әкімі оны енді орынбасарлыққа әкеліп, жоғары қызметті сеніп тапсырып отыр. Болатбек Әлиев болса «мен тазамын, таза болмасам қаншама құзырлы мекемелердің сынынан, сынағынан сүрінбей қалай өтемін?» дейді қысқа қайырып. Оныкі де жөн шығар. Анау-мынау емес, мемлекет  қызметтің ережесін алқалы жиындарда жиі айтып жүрген облыс әкімі Асқар Мырзахметов, оған дейінгі әкім Әшімов  кадр тағайындауға жан-жақты ойланып барып, шешкен болар деген пікірдеміз. Десек те, Әлиевке қатысты алдағы уақытта бөлек әңгіме қозғайтын боламыз. 

   Ел экономикасының негізгі локомотиві есептелетін құрылыс саласы қарқынды жүріп жатқанымен Оңтүстікте бұл сала басшыларға жарымай-ақ қойды. Құрылыс-сәулет бақылау басқармасына бар-жоғы 3 айдай уақыт басшылық жасап, орынтағымен ойда-жоқта қош айтысқан Владимир Сластухиннің бұл күнде ол қызметке қалай келіп-кеткені де белгісіз болып қалды. Өкінішке қарай осы саланың «отымен кіріп, күлімен шығып» жүрген белгілі сәулетшілер Ғабит Садырбаев пен Асқар Мамырбаев та бұл басқарманың бастығы қызметін аз ғана уақыт атқарды. Алматыдан аттай қалап шақырылып, басқарма басшылығына тағайындалған Айдархан Шәдіров мезгілсіз ажалдың тырнағына ілінгелі бері бірнеше айдың жүзі өткенімен, құрылыс-сәулет бақылау басқармасына әлі ешкім басшылыққа бекітілген жоқ. Қазір осы басқарма бастығының орынбасары Сұлтанбек Сүгірбаев тізгінін ұстап отырған салаға кімнің басшы болып келетіні белгісіз. Облыстың жаңа әкімі Асқар Мырзахметов құрылыс-сәулет бақылау басқармасына қандай басшы тағайындайтынын алдағы уақыт көрсетеді. 

 Елімізде «Тұрғын үй туралы» арнайы бағдарлама қабылданып, дала мен қалада құрылыс жұмыстары қызып жатқан тұста Оңтүстіктің құрылыс басқармасын қайсыбір жылдары мамандығы педагог Юрий Ен, әнші Бауыржан Ахметов те басқарып көрді. Құрылыс саласын бес саусағындай біледі деген үмітпен басқарма басшылығына тағайындалған Ахметжан Сәбденов бір кәсіпкерден пара аламын деп пұшайман күй кешіп, істі болып кетті. Одан кейін бірнеше ай бойы басқарма бастығының міндетін уақытша атқарушы болып істеген Тоқтар Үсібалиевті де жұрт тірліктің көзін табатын іскер деп бағалап жүргенімен, кенеттен өзіне дейінгі басшылардың кінәсінен Үкімет басшысы Кәрім Мәсімовтің қаһарына ілігіп қалды. Сөйтіп басқармаға бастық болады деп жүрген азамат бұрынғысынша орынбасарлық орынтаққа отырумен шектелді. Бұл орынға Құттыбек Жамашев келіп, жұмыс істегеніне небәрі үш ай толып үлгерер-үлгермес уақытта қызметімен қош айтысты. Бұрын-соңды қызметінен босатылған басшының не үшін жұмыстан кеткенін, не кемшілік жібергенін, неден жазықты болып қалғанын естіп жатушы едік, бұл жолы тым-тырыс. Құттыбек Жамашевтің қандай кемшілік жібергені, не үшін жұмыстан босатылғаны жайлы ешқандай ресми ақпарат жоқ. Жақында облыс әкімі Асқар Мырзахметов бұл басқарманың басшылығына Төлеби, Түлкібас аудандарында әкімнің орынбасары қызметтерін атқарған, әжептеуір тәжірибе жинақтап шыңдалған Нұрлан Байғұтты тағайындады. Жасы отыздың ортасын енді орталаған Нұрлан талантты жазушы Мархабат Байғұттың ұлы. Алайда Нұрлан «майлы жілік» есептелетін, ұдайы сынға ұшырап жүретін құрылыстың тендеріне көз тіккен, көкірегімен көк тіреген азулы топтардың ықпалына төтеп беріп, өзін қызметке тағайындаған облыс әкімінің сенімінен шығу оңай соқпайтыны сөзсіз. Біздің қоғамда сонау Астанадағы биік астаудан ас ішіп, атынан ат үркетін азаматтардан қоңырау соғылып, тендер мәселесін шешкісі келетін алпауыттардың бір-бірімен біте қайнасып, сыбайлас болып кеткені жасырын емес қой. Тендер дегенге ештеңе тең келмей тұрған қазіргі заманда басқа тендерің бір төбе де, құрылыстың тендері бір төбе емес пе?! Сондықтан жас та болса бас болған Нұрлан Байғұтқа жүктелер міндет өте салмақты. 

Жалпы алғанда Асқар Мырзахметов кадр тағайындағанда «жас келсе іске» демекші, жастарға сенім артуы жалғыз Нұрлан Байғұт емес. Бұған дейін өңкей шеттен келген көшпенді кадрлар қызығын көріп жүрген облыстық экономика және  бюджетті жоспарлау департаментінің басшылығының орынтағын осы мекемеде жұмыс істеп жүрген  бөлім бастығы Ербол Садырға сеніп тапсырды. Облыс басшысы Ерболдың жастығына қарамастан үлкен сенім артты. Біз білетін Ербол Садыр экономика және бюджеттік жоспарлау  департаментін басқарған, осы саланың «жілігін шағып майын сорған» майталман маман Роза Назарбекованың қарамағында жұмыс істеп, оның орынбасары болып тәжірибе жинақтағанынан хабарымыз бар. Облыс әкімінің Назарбекованың нақ өзіне назары түспесе де Ербол Садырға жүктеген үлкен жауапкершілігін бұл азамат ақтап жатса нұр үстіне нұр болар еді. 

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшылығына тағайындалған Ғалымжан Ілиясовты да жас кадрлардың тізіміне кіргізуге болады. Ол Қазығұрт ауданында қатардағы мемлекеттік қызметкерден ауыл әкімі қызметіне дейін жоғарылап, одан облыстық әкімдікте бірнеше аудандардың жұмысын қадағалайтын бас инспектор қызметін атқарып, мемлекеттік қызметте әжептеуір шыңдалды. Ауылдан түлеп ұшқан Ғалымжан Ілиясов енді тек облыс орталығындағы өнеркәсіп ошақтарының отын көсеп қана  қоймай, ауыл-аймақтағы өнеркәсіптің де тамырына қан жүгіртіп, ауылда жұмыссыз қалған азаматтардың екі қолға бір кәсіп табуына атсалыса алса, қанеки... 

Асқар Мырзахметовтің бұйрығымен облыстық қаржы басқармасының бастығы қызметіне тағайындаған Людмила Морозованы жастардың қатарына қоса  алмаймыз. Ол ұзақ жылдардан бері осы басқармада бастықтың орынбасары қызметін атқарып келді. Облыс басшысы бұған дейін бұл басқарманы басқарып келген  Исмаилбек Шалабаевтың өз саласын жетік білетін, іскер маман екенін білмеуі мүмкін емес. Әйтсе де Морозова мен Шалабаев екеуінің орнын алмастыру гендерлік саясат жағын да түгендеп қою  тендерлік саясатқа айрықша көңіл бөлген дұрыс деген әкімнің әрекеті ме, әлде құзырлы мекеме басшылығының арасында өзге ұлт өкілі де отырсын деген жазылмаған заңдылықты, жасырын саясатты да бір түгендеп қою ма, бұл жағын тап басып айту қиын. Әрине, Морозованың басшы ретіндегі белсенділігін қайдам, бірақ осы салада көп жылдан бері тер төгіп келе жатқан тәжірибелі маман екені даусыз. Бәлкім Морозованың ел біле қоймаған, бірақ жаңа әкімнің көзіне бірден байқалған іскерлік қарым-қабілеті де бар шығар, кім білсін... 

Облыс әкімі қайсыбір жолғы «НұрОтан» партиясының жиынында оңтүстікте кадр тапшылығы туындап отырғанын босқа тілге тиек етпепті. Мұнысын облыстық энергетика және коммуналды шаруашылық басқармасының бастығы қызметіне бұған дейін бұл қызметтің қызығын көрген Елікбай Тоқбергеновті қайта тағайындағанда түсіндік.  

Асқар Мырзахметов әзірге басқарма бастықтарының ғана басын ауыртып, көңілдерін алаңдатып тұр. Бейресми дерек көздеріне сенсек, әлі де бірқатар басқарма басшылары ат ауыстыруы әбден мүмкін. Қала, аудан әкімдерін ауыстыруда асығыстыққа жол бермей, негізінен бұрынғы команданы бастап келе жатқан облыс әкімінің де өз ойлағаны бар екені анық. Қызметіне кіріскен кезден бастап-ақ, аудан-қалаларды түгелге жуық аралап шығып, қай әкімнің қандай жұмыс істеп жатқанын, іскерлік қабілеті қаншалықты екенін көзімен көріп, көкейге түйіп қайтқанымен әлі ешқандай ауыс-түйіс жасауға асықпай отыр. Ақпарат құралдарының сынына жиі ұшырап жүрген Шымкент қаласының әкімі Арман Жетпісбаев  алғашқылардың бірі болып атынан ауып түседі деп жорамал жасаушылардың қарасы көп еді. Тіпті «Жетпісбаев «Самырұқ-Қазына» басқарма төрағасы Қайрат Келімбетовпен келісіп, басқа ыңғайлы қызмет қарастырып жатыр екен» деген де алып-қашпа сөз ел аузына тарап кеткен еді.  Алайда, Арман Шәріпбайұлына облыс әкімі Асқар Мырзахметов «анау-мынау сөзге ере бермей, көпшіліктің көңілінен шығатын батыл қадамдар, нақты тірліктер жасау керектігін» алқалы жиынның үстінде шегелеп айтып, Жетпісбаев қызметінен кетеді деушілердің аузына құм құйды. Осыған қарағанда Жетпісбаев пен Мырзахметов өзара келісімге келіп, бір командада бірлесіп жұмыс істеуін жалғастыратын сияқты. Есесіне, Жетпісбаевтің командасындағы орынбасарлардың орнына басқа іскер адамдарды тарту, алмастыру туралы тапсырма түсіпті деген ақпаратты құлағымыз шалды. Мұндай жартыкеш жаңару қаншалықты нәтиже беретінін тақсыр уақыт төрелігін айтады. 

Ал басқа аудан, қала әкімдеріне байланысты алдағы уақытта бірқатар ауыс-түйістер болатыны белгілі. Ұзақ ойланып барып, шешім қабылдайтын Асқар Мырзахметов қай аудан-қала әкімін қызметінде қалдырып, қайсыларын алып тастауды әлі де зерттеп, зерделей түсуді дұрыс деп түсінген болар. Көп ойланып барып, облыс әкімінің орынбасары орынтағына отырғызған адам туралы жоғарыда айттық. Кім білсін, талай жауапты қызметтерді атқарып, үлкен тәжірибе жинақтаған Асқар Мырзахметовтің де қазіргі қадамы дұрыс шығар. Халық даналығы «жеті рет өлшеп, бір рет кес» дегенді бекер айтқан дейсіз бе?! Әрине, қызметіне кіріскеніне үш айдан енді асқан әкім туралы біржақты, оң немесе теріс баға беру қиын. «Жігіт болсаң Шымкентті басқарып көр» деген, Оңтүстікті басқару кей кездері Астана мен Алматыны басқарғаннан да әлдеқайда күрделі, қиын ба деп қаласың... Әйтсе де, Асқар Мырзахметов те «Тәшкен көрген бала» ғой. Әдетте «Тәшкен көрген бала» деп тірлігі мен тілі прысық адамдарға баға беріледі. Ауылшаруашылығы министрі, Өзбекстанда елші, әлеуметтік корпорация басшысы қызметтерін атқарапы, талай өткелектен өткен Мырзахметовтің облысты басқарудағы әзіргі талпынысы көңіл көншітерлік. Әйтеуір бүгінгі қолға алып жатқан бастамалары қабылдап жатқан шешімдерінің қаншалықты нәтиже беретініне уақыт төреші. Лайым, командасына жинап, іс тетігін шешеді деген кадрлары әкім көздеген мақсаттан көпшіліктің көңілінен шығуына шын жүректен тілектеспіз. 

"Ойнеттің" мұрағатынан, 2010 ж

Screenshot_19.jpg

Мал қорадағы масқараны көрген Президент облыс әкімін қызметінен қуды (видео)
Сайрамда мәслихат депутатын атып кетті
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу