Тоғызбаев әйелінің бизнесін қорғау үшін депутат болған ба?

Oinet.kz 05-04-2019 840

Screenshot_20.jpg

Былтыр тамыз конференциясында Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов  мектеп асханалары мен балабақшалардың жағдайын тексеруді, ең ақыры балалардың қандай жастыққа ұйықтайтынына дейін анықтауды тапсырғаны есте. Арада жеті ай өтіпті. Жекеменшік балабақшалар мемлекеттің тапсырысты қалай орындап жатқанын, қазына қаржысының қаншалықты тиімді жұмсалғанын тексеруге атқамінерлер асыға қоймаған сияқты. 

Жуырда осы мәселені қаладағы қоғамдық ұйым белсенділері қолға алды. Жекеменшік балабақшаларды тексеретін арнайы комиссия құрылды. Тексеріс қызу жүруде.  «Балапан» бағдарламасы бойынша жұмыс істеп жатқан балабақшалардың асханасынан, бала санынан кемшіліктер, ең ақыры бүлдіршіндер үйінің қалқасынан осы кәсіпкерлік нысанды   қанатының астына алып, қорғаштап жүрген «дәулер» де табылып жатыр. 

Мегаполисте бүгінде   397 жекеменшік балабақша бар екен. 

-Қаратау ауданы бойынша 39 бөбекжайға мониторинг жүргізілгенде көп олқылықтар шықты. Тәлімгер, методист, медбике жетіспейді, санитарлық тазалықтың сақталмауы сынды кемшіліктер жетерлік. Кейбір балабақшаларда 75, 70, 40, 50  баладан жоқ.  Бала санын артық көбейтіп, кейбір балабақша басшылары ай сайын 150-200 мыңдай ақша алады деген күдігіміз бар. Тексерген кезде бала саны құжатпен бірдей болмай шығады. Осы үшін қазынадан жылына 150-200 миллион теңге қаржы бөлінеді. Бірқатарында санитарлық тазалық сақталмаған. Ауасы тар. Бюджеттен берілетін ақшаны қайда жаратып жатыр? Үш топта алты тәрбиеші болу керек,  бұлар үшеуін ғана ұстап отыр. Тәрбиеші толық жұмыс күнін істемейді. Біреуі түске шейін, біреуі түстен кейін болу керек. 3-4 балабақша бір медбикемен  келісіп, соны «жұмысқа тұрғызып» алған. Өздеріндегі қаржыны үнемдеу үшін балаларға дұрыс жағдай жасап, тәрбие беріп жатқан жоқ. Балабақшаның меңгерушісі әдіскердің  де жұмысын қоса атқарады. Тәрбиеші мен медбикенің бөлек штаты болу керек қой. Олар да талапқа сай емес. Қала әкіміне осындай кемшіліктерді айтып, ұсыныс жасап төрт комиссия құрамын бекіттік. Келесі аптада әкім қоғамдық ұйымдарды қабылдайды. Сонда осы көз жеткізгендерді айтамыз. Кемшіліктің бәрін тізіп, президентке де хат жазу керек»,- деді бізге осы комиссияның жұмысы жөнінде мәлімет берген «Дос Демеу» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жанысбек Өтеген.

 Комиссияның құрамындағы  Қарлығаш Қалдыбекованың айтуынша,  4 наурыз күні «Арафат» балабақшасында 27  бала ауырып жатса, 49 бала себепсіз келмей қалған. «Атамекен» балабақшасында 80 бала жоқ. «Егер ауырған болса анықтамасын көрсетер еді. Жекеменшік балабақшада бала ауырып қалса хабарын беріп,  анықтаманы балабақшаға бала жазылып келген күні алып келеді. Біз оны тіркейміз.  Ал «себепсіз қалған» балалардың аты-жөндері қалалық білім басқармасында жазулы тұр. Наурыз айында «Жанасыл» балабақшасын тексерілді. 19 бала ауырып жатыр  52 бала жоқ.  91 баланың 20-сы ғана  отыр. Сонымен қатар тазалығы нашар балабақшаларға СЭС мамандарының қалайша рұқсат беріп қойғаны таңғалдырады. 

Ең қызығы сол, қолындағы мандатын пайдаланып, балабақшасына комиссияны кіргізбей жатқандар да бар болып шықты. Комиссия мүшелері  «Балауса» балабақшасына бару үшін мамандармен хабарласыпты. Телефонда өзін қалалық маслихаттың депутатымын деп таныстырған Мүсірәлі Тоғызбаев деген азамат  комиссия мүшелеріне балабақшасын тексертуге рұқсат етпей қойған. Тіпті дөрекілеу жауап қайырғанға ұқсайды.

Депутаттың мәселесіне аздан кейін тоқталамыз. Алдымен Шымкентте күні кеше ғана жекеменшік балабақшада орын алған мына жаға ұстатарлық жәйтті баяндасақ. 

1 сәуір күні сағат 17:30 шамасында Шымкент қаласындағы жекеменшік балабақшадан екі бала жоғалды. Олар ойнап жүріп, көшеге шығып кеткен. Бүлдіршіндер табылмаған соң балабақша әкімшілігі полицияның көмегіне жүгінуге мәжбүр болған.  Іздестіру жұмыстарына Шымкент қаласы Полиция департаменті Еңбекші аудандық полиция басқармасының жеке құрамы толығымен жұмылдырылған. Абырой болғанда жоғалған балалар  екі сағаттан кейін табылды.  Бүлдіршіндердің бірінің анасы айтады, жұмыста отырған кезде оған балабақшадан хабарласып, ұлының үйіне барған бармағанын сұрапты. Күдікті сұрақтардан кейін ана жүрегі әлденені сезіп, түрлі ойға берілген. Бірақ түбі әйтеуір бала табылды ғой. Енді ата-ананың көңілінде  алаң жоқ. Бірақ осыдан кейін балабақшадағы бүлдіршіннің тамағын дұрыстап бергені былай тұрсын, бас-көз бола алмаған жекеменшік балабақшаларға деген  сенімнің де сөнгені анық.

Біз хабарласқан Шымкент қаласы мәслихатының депутаты Нұрғазы Бұхарбаев та мегаполисте «Балапан» бағдарламасының орындалуында күмәнді жәйттардың көп екендігін айтып отыр. 

-Кеше екі баланың жоғалғаннан кейін мәслихат хатшысы Ғани Ташқараевқа мына жағдайды тексеру керектігін айттым. Балабақшаларға мемлекет «Балапан» бағдарламасына сәйкес қаражат бөліп жатыр. Ал сол қаржыны қалай пайдалануда? Аталған бағдарлама бойынша бөлінетін ақша тиісті жеріне жетіп жатыр ма? Балалар қандай тамақ ішеді, қандай қажеттіліктері жетіспейді? Бұл сұрақты қалалық білім басқармасын осы уақытқа дейін басқарып келген Ақерке Абылайханға  да қойдым. Бірақ, жауап бермеді,-деді депутат.

 Енді мақаламыздың басындағы депутатқа қатысты жәйтқа қайта оралсақ.  

Комиссия құрамындағы мамандар «Балаусаға» кіре алмаған соң бұл іске қоғамдық ұйым жетекшілерінің өздері кірісіпті. Олар алдымен қалалық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айгүл Текебаеваның қабылдауында болды. Осыдан кейін қалалық мәслихаттың хатшысы Ғани Ташқараевпен жолықты. Бірақ бәрібір де депутатпен тілдесуге, мән-жайды білуге мүмкіндік болмады. Осыдан кейін «апыр-ау, сонда қаладағы білдей қоғам белсенділері шарқ ұрып таба алмаған депутатпен қарапайым сайлаушы қалай жолығады, қалай талап-тілегін, мұң-мұқтажын тыңдата алады?» деген сауалдың көлденеңдейтіні де рас.  

Шымкент қалалық мәслихатының сайтында жарияланған мәліметтерге қарағанда Мүсірәлі Тоғызбаев Сайрам тұрғын алабындағы халықтың сайлаған депутаты екен. Қазіргі уақытта сондағы медицина колледжді директорының орынбасары қызметін атқаратын болып шықты. Кеше түсе қайта бізге депутатпен телефон арқылы тілдесудің сәті түсті. 

–  «Балауса» балабақшасы «Асар-2» шағын ауданында орналасқан. Оның құрылтайшысы жұбайым. Дүйсенбіде сағат екіде бір әйел телефон соқты. Амандасқан соң «балабақша ма?» деп, үйімнің адресін айтты. Ол жерде үйімнің адресі жазылған дедім. «Балабақша адресін дұрыс бермейсіздер ме?» деп маған айқайлап сөйлеп, тұтқаны қойып қойды. Аты-жөнімді, қызметімді сұраған кезде айттым. Қалалық білім басқармасына хабарласып, «қыздарың салмақтырақ болсын. Мен артық бірдеңе дегенім жоқ» дедім. Сөйтсем ол қыз балабақшаны тексертпей жатыр деп шу көтеріпті. Балабақша мекен-жай бойынша үйге тіркегенмен, ғимарат «Асар-2»  шағын ауданында орналасқан.  Енді ондай ондай болады ғой. Бүгін қалалық білім басқармасының қызметкерлері тексеріп кетті. Бала саны да құжатқа сай тура  шықты»,-деді депутат.  

«Балауса» балабақшасының меңгерушісі Гүлстан Қошмұратова өзіне ешкімнің хабарласпағанын алға тартты. «Біздің құрылтайшы әрі директорымыз Бану Тасқұлова. Балабақша төңірегінде 12 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Қазір біздің бөбекжай 265 балаға шақталған.  Бірақ, мемлекеттік тапсырысқа сай 120 бала тәрбиеленеді. «Балапан» тобында 25 бала бар. Бақшамыз өткен жылдың қыркүйегінде ашылған» деді ол. 

Сонда кімге сенеміз? Комиссия құрамындағы мамандарға ма, депутатқа ма? Айтпақшы, депутат өзінің аты-жөнінің бұл дау-дамайға болар-болмас жерден ілігіп кеткенін, егер депутаттық абырой-беделіне көлеңке түсірсе, газетті сотқа беретінін де қадап айтты. Алғашқыда бізге балабақшаны барып, іші-сыртын суретке түсіруге рұқсат етті. Кейін «тек сыртын түсіресіңдер» деді, біраз уақыттан кейін мүлдем түсіруге тыйым салды. Өзінің фотосуретін алғашқы  кезде ұялы телефоны арқылы жолдауға уәде берді. Кейін ол ойынан да айнып қалды. Өзінің пікірін өте тез өзгерте салатын депутаттың мұнысын түсіне алмадық. 

Әрине, заң бойынша депутатқа немесе оның жұбайына кәсіпкерлікпен айналысуға, мемлекеттен тапсырыс алуға тыйым салынбаған. Мәселе тапсырыста немесе тексерісте емес, депутаттың өзінің мандатын тықпалағанында болып отыр ғой. Бұл енді депутаттық этикаға қаншалықты сәйкес келеді? Мандатқа кір шалдырмауды алдымен халық қалаулысының өзі ойламаса, кім ойлайды? 

P.S.  Қалалық білім басқармасындағы мектепке дейінгі білім беру бөлімінің басшысы Перизат Бектаеваның айтуынша, комиссия кешегі күні «Балауса» балабақшасына мониторингтік жұмыстарды жүргізген.  Нысанның құжаттары талапқа сай келеді. СЭС-тің рұқсаты мен лицензиясы бар. Кейбір кішірігім ескертулер болыпты.  Тізім бойынша бала саны 120. Алты бала себепсіз келмесе,  алты бала ауырып қалыпты. Ғимараттың өзі 265  балаға арналған екі қабатты.  Жоғарыдағы бөлмелері әлі бос. Жаңадан ашылған аудан болғандықтан, оны халық санының аздығымен байланыстырды. 

Бұл күнделікті жағдай ма әлде комиссияның келетінінен бір күн бұрын құлақтанған балабақша әкімшілігі жасайтын амалын жасап қойды ма? Кім білсін?! 

Мақаланың басында балабақшаларды тексеруді тамыз кеңесінде қала  әкімі Әбдірахымовтың тапсырғанын жазған едік. Әбдірахымов «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалының төрағасы, ал  Мүсірәлі Тоғызбаевтың осы билік партиясынан атынан өкілдік етіп отырған депутат екендігі белгілі. Сонда билік партиясының төрағасының тапсырмасына қатардағы мүшесінің пысқырып та қарамағаны ма? Бұл кімнің әлсіздігі? «Нұр Отанның» ба әлде Әбдірахымовтың ба? 

b63ecb248f806591801af9eae8c848ce.jpg

Мәслихаттың мандатымен жеке мәселе шешу жиілеп кетті
Мирзияевтің қызы министрдің орынбасары
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу