Шымкенттегі «Асарда» 890 миллион теңгеге саябақ салынбақ...

Oinet.kz 24-11-2011 915

Screenshot_13.jpg  

«Асар» тақырыбы туралы амалсыздан қолға қалам алуға тағы да тура келіп тұр. Бұған дейін облыстық мәслихатта бірнеше дүркін көтерілген маңызды мәселені енді Шымкент қаласының депутаттық корпусы егжей-тегжейлі талқылады. Халықтың мұң-мұқтажы айтылып жатса, сол халық сайлаған қалаулылар біздің де газетте жазылған жайтқа көзқарастарын білдіріп жатса әлдекімдер әлдеқандай әңгіме қозғап жүре ме деп қалай үнсіз қалайық?! Сонымен, таяуда өткен Шымкент қалалық мәслихатының кезекті сессиясында «Асар» шағын ауданына шектен тыс айрықша артықшылықтардың қарастырылғанына байланысты депутаттар дау көтеріп, өз келіспеушіліктерін ашық аңғартты. Шалғай аудандарды, ауылдарды айтпағанда, облыс орталығының өзінде не жүрер жолға, не ішер ауыз су мен жағар жарыққа жарымай қаншама жылдан бері өгей күй кешіп келе жатқан елді мекендер жетерлік. Ал Шымкенттің шетінде жеке дара отау тіккен «Асарда» халықтың  табан ақы, маңдай терінен құралатын бюджеттің қаржысына, яғни бақандай 890 миллион теңгеге саябақ салынбақ. «Биліктегілердің біреуге көл, енді біреуге шөл пейіл танытып елді бұлайша алалауы әлеуметтік әділетсіздік» деп бағалады депутаттар. 

Тағы бір атап айтар жайт, Шымкенттің шетіндегі «Асар» шағын ауданынан бой көтеретін саябаққа бюджеттен 890 миллион теңге қаралған. Осыдан әлдеқайда аз қаржыға облыс орталығының қақ ортасынан, Ордабасы деп аталатын орталық алаңның жанынан мәні мен сәні келіскен, ашылу салтанатына мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың өзі арнайы келіп қатысқан тамаша саябақтың халық игілігіне ұсынылғанына көп бола қойған жоқ. Облыс әкімі А. Мырзахметовтің ұтымды ұйымдастыруымен бұл болмыс-бітімі бөлекше саябақты салғанда жергілікті атқарушы биліктегілер әдеттегідей әлеуметтің сұранысын өтейтін бюджеттің қаржысына ғана алақан жайған жоқ. Игілікті іске  бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында  қолы ашық, жүрегі жомарт кәсіпкерлер де атсалысты. 

Ал «Асардағы» саябақ болса...Әуел баста Үкімет жан-жақты саралап барып жобаны  бекіткенімен  биылғы тамызда «Нұрлы көш» бағдарламасы бойынша  «Асар» шағын ауданында 175  тұрғын үйдің салынбайтыны белігілі болды. Игерілмей қалған қаржы, яғни тұрғын үйге тұрғызуға  бөлінген ақша кенеттен  вице-премьер Ербол Орынбаевтың ақылдылығының  арқасында  үнемделген деп табылып, арнайы қаулымен «Асар» шағын ауданынан саябақ салуға жұмсау ұйғарылғаны жұрттың наразылығын туғызғанын бұған дейін де жан-жақты жазғанбыз. Ендігі кезекте жұрттың, дәлірегі сайлаушыларының наразылығын жеткізген депутаттардың пікірін тыңдап көрейік. 

Нұрғазы Бұқарбаев, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

- Жалпы «Асар» мөлтекауданына бөлінген қаржы мәслихаттың мақұлдауына мұқтаж болып отырған жоқ сияқты. Ол тек бюджетке енгізілген толықтырулардың бір пункті ретінде ғана аталып өтті.  Қаржы қаланың немесе облыстың қазынасынан емес, республикадан келген. Қаласаң да қаламасаң да алуға тиістісің. Оның жұмсалатын орны алдын ала қаулымен бекітіліп қойылған. Әңгіме сол қаржының жұмсалатын жері, оның қаншалықты қисынға келетіндігінде ғой. Бір таңданарлығы, қала да, облыс та бұған дейін «Асарда» саябақ салуға республикадан қаржы сұрамаған. Алдын ала бюджеттік комиссияда қаралмаған. Қазір қаржыны осында қуып келген адамды таба алмай отырмыз.  Сонда мұндай жомарттықтың астарында не жатыр? Сауал көп, бірақ оған жартымды жауап берген ешкім жоқ. Мен сессияда қала басшыларына бірқатар сауал жолдадым. Бұл сауалдарға ешкім жауап бере алмады...

Мен құрылыс саласынан  азды-көпті хабарым бар. Мәселен, білуімше, мемлекет басшысының өзі зор ризашылығын білдірген Тәуелсіздік саябағына 470 миллион теңге жұмсалған. Ал 890 миллион теңгеге салынатын саябақтың қандай болатынын елестетудің өзі қиын. Бұл Шымкентте бұрын-соңды болып көрмеген, тіпті құлақ естіп, көз көрмеген саябақ болғалы тұр ғой. Бірақ осындай сән-салтанаттың қажеті бар ма, елде жоқ саябаққа дәл бүгін мұқтаж ба едік?! «Асармен» қатарласып қоныстанған «Достық» шағын ауданындағы халықтың жай-күйін сұраған адам бар ма? Онда «Асардағыдай» ас та төк жағдай жоқ. Инфрақұрылымы түгел емес. Халық жолға, ауыз суға зәру болып отыр. Депутат болғаннан кейін халық бізге өздерінің мұң-мұқтажын жиі айтады. Әсіресе қаланың шеткері жағында тұратын елді мекендерде шешілмеген әлеуметтік мәселелер өте көп. Осындай кезде қаланың шетінен көлемі 22 гектарлық, құны 890 миллион теңгелік саябақ салсақ, ертең қарапайым жұртқа не айтамыз? Бұл дегеніңіз әлеуметтік әділетсіздік емес пе? Осындай пікіріңді алға тартсаң, әлдебіреулерге ұнамайды. «Сонда сіздер оралмандардың көшіп келуіне, Елбасының саясатына қарсысыздар ма?» дейді. Елбасының саясатына ешкім қарсылық білдіріп жатқан жоқ. Оралмандардың көшіп келуіне, атажұртында оларға да жағдайдың жасалуына қарсы емеспіз. Бірақ ол жағдай бәріне бірдей жасалып отыр ма? Мәселенің бәрін саясатқа апарып тірей беретін азаматтар алдымен осыған жауап берсін. Неге олай еместігін халыққа түсіндірсін.  

Жұмағали Білісбеков, Шымкент қалалық мәслихатының депутаты:

- Біздің білуімізше, «Асарда» саябақ салуға бөлінген республикалық мақсатты трансферт алдымен облыстық мәслихаттың сессиясында қаралған. Бірқатар депутаттардың қарсылығына қарамастан мәслихат оны бекіткен. Бәрі алдын ала кесіліп, пішіліп қойылған соң біздің қолдан не келеді? 

Қаланың көркі үшін саябақ та керек шығар. Бірақ одан да күрделі әлеуметтік мәселелер шаш етектен ғой. Алысқа бармай-ақ қояйық, сол қаржыға «Асардың» жанындағы «Самал-3», «Достық»  шағын аудандарының біраз жоқ-жітігін жамауға болмас па еді?! Қаладан шеткері жатқан елді мекендерді былай қойғанда өзім сайланған, қаланың дәл ортасындағы  18- шағын ауданда  шешілмей отырған әлеуметтік мәселелер жетерлік. 

Қалалық мәслихаттың сесиясында  «Асарда» салынып жатқан  жылыжай мәселесін көтердім. Осы саладан хабарым болғандықтан, есептеп көрдім. Жылыжайды әр тұрғын үйге емес бір жерге салса әлдеқайда тиімді болар еді. Сөйтіп голландық, кореялық әдіспен жылына екі мәрте өнім алынса, көкөністің әр келісінің өзіндік құны 110 теңгеден түседі екен. Бұл қаланы арзан көкөніспен қамтамасыз етуде әжептәуір көмек болары анық. Қазір жылыжайлар әр тұрғын үйдің үйіргелік жеріне салынып жатыр. Жалпы алғанда ниет дұрыс қой. Сол жылыжайда оралмандар  нәпақасын тауып, несиесінен құтылсын деп отыр. Бірақ сіз өзіңіз «Асарға» барып көрдіңіз бе? Көптеген тұрғындар есігінің алдындағы жылыжайға кір жайып қойған. Жылыжай кәсібін кез-келген адам емес, тілін білетін адам ғана жүргізе алады емес пе?! 

Бізбен тілдескен Шымкент қалалық мәслихатындағы басқа депутаттардың ойы да осы екі әріптесінің, елдің пікірімен бір арнада тоғысты. Олар мынадай тағы екі сүбелі  сауалдың құлағын қылтиытты: Құны 890 миллион теңгені құрайтын, «Асардан» салынатын жаңа саябақ Үкіметтің суыртпағында бір жылдан бері бекітілмей жатқан Шымкент қаласының бас жоспарына қаншалықты сәйкес келеді?  Үкіметтегілер  жергілікті атқарушы биліктің, халықтың әлеуметтік жағдайымен санаспайтыны қалай? Жыл біткелі жатқанда бөлінген қаржы игерілмей қалып, ертең талай шенеунік басына тиген таяқтан босқа күйіп кетіп жүрмей ме? Әлде...Әлде «Асардың» жобасын мен жасадым, бағдарламасын мен жаздым» деп масаттанып жүрген  «Ақ Орда корпорациясы» ЖШС директорлар кеңесінің төрағасы Ибадулла Қалыбеков қалай қаласа, мәселенің бәрі солай шешіле бере ме?    

Айтпақшы,облыстық құрылыс басқармасының бастығы Альмира Орманшина бізге берген сұхбатында  «Асардағы» саябақты салуға қаралған қомақты қаржыны  жыл соңына дейін игеріп үлгеру мүмкін емес.  Өте мықты деген мердігердің өзі оны кемі бір жыл ішінде игере алады» деп еді. Солай бола тұра...«Тоқпағы мықты болса, киіз қазық жерге кіреді» деген осы да. Арғы жағы айтпасақ та түсінікті... 

P.S. Бүгінде Шымкент қаласында сапалы жылу берілмей суық үйде дірдек қаққан, жаңғақ шаққан жұртқа атқарушы биліктегілер құбырлардың тозғандығын алға тартып, ақталып әлек. Ал «Асарда» 890 миллион теңгеге саябақ салынбақ... 

Жаңа жылды тойлауды Елбасының өзі бастап берді
Қайыпбек Қамбаровтан да қайран болмай тұр
Сәйкес тақырыптар
Көтерілу